A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:35 0

ШҚО-да бедеулік пен ерте жүктілік мәселесі әлі өзекті ме?

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе

Елімізде ерте жүктілік пен бедеулік өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мамандар мұның басты себебін жыныстық сауаттылықтың төмендігімен және азаматтардың өз денсаулығына дер кезінде мән бермеуімен байланыстырды. Осыған байланысты республика көлемінде жыл сайын репродуктивті денсаулықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Алайда олардың нақты нәтижесі бар ма деген сауал қоғамды әлі де алаңдатады. Бұл мақалада аталған мәселенің мән-жайын жан-жақты қарастырамыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сорақы статистика

Бүгінде бұл тақырыпты ашық, ғылыми негізде әрі кәсіби деңгейде талқылау бұрынғыдан да маңызды. Статистикалық деректерге сәйкес, елімізде 15-49 жас аралығындағы әр бесінші әйел (20,1%) кем дегенде бір рет жасанды түсік жасатқан. Ал өткен жылы елімізде 18 жасқа дейінгі қыздар арасында 1651 жүктілік және 257 түсік тіркеліпті.

Ұлттық құндылықтарды жоғары бағалаған қазақ халқы қыз баланың тәрбиесі мен денсаулығына ежелден ерекше көңіл бөлген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздің өзі соның айғағы. Дегенмен қазір жасөспірімдер арасындағы жүктілік қоғамда жиі айтылып келеді.

Медицинада 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте жүктілік ретінде қарастырылады. Ал ең жиі кездесетін кезең – 15-17 жас аралығы. Дәрігерлердің айтуынша, қыз баланың ағзасы тек 18 жасқа қарай толық қалыптасып, жүктілік пен босануға дайын болады. Соның салдарынан жасөспірім аналардың небәрі 15%-ы ғана сәбилерін аман-есен дүниеге әкеле алады. Алаңдатарлығы сол, 15 жасқа дейінгі жастардың шамамен 70%-ы ерте жыныстық қатынасқа түседі. Azattyq.ruhy бірнеше жыл бұрынғы статистикамен бөлісіп, соңғы жылдары 15-18 жас аралығындағы қыздар арасындағы бала туу көрсетікіші 50,5%-ға артқан деп жазды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметінше, жасөспірімдер жүктілігі көбінде білім деңгейі мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда жиі кездеседі. Бір жағынан, аз қамтылған тұрғындар контрацептивтерге (гормональдық дәрі-дәрмек) қол жеткізе алмайды, екінші жағынан, шағын елдімекендерде кәмелетке толмағандар қоғамдық қысымға байланысты оларды еркін алуға қорқады.

Өңірлік көрсеткіштерге назар аударсақ, кейбір облыста ауылдардағы жасөспірімдердің туу деңгейі республикалық көрсеткіштен жоғары. Мәселен, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында бұл көрсеткіш 35-тен асса, Түркістан облысында 30-дан жоғары.

Ал Шығыс Қазақстан өңіріндегі жағдайға келсек, соңғы жылдары ерте жүктілік көрсеткіші біршама төмендеген. Атап айтқанда, 2024-2025 жылдары 15-17 жас аралығындағы көрсеткіш 10,1%-ға азайған.

– Жыл басынан бері өңірде екі ерте жүктілік жағдайы тіркелді. 2025 жылы жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілікке байланысты өңір «қызыл аймақ» ретінде бағаланған болатын. Дегенмен, жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштің төмендегені байқалады. Соған қарамастан, Риддер мен Шемонаиха аудандары әлі де «қызыл аймақ» қатарында қалып отыр. Негізгі себептер – жыныстық сауаттылықтың жеткіліксіздігі, контрацепцияны дұрыс қолданбау, алғашқы жыныстық қатынас жасының төмендеуі, ақпараттың аздығы және әлеуметтік факторлар, соның ішінде отбасылық қолдаудың жеткіліксіздігі, – деді ШҚО бас гинекологының міндетін атқарушы Надира Слямханова.

 

Депрессия деген бір дерт бар

Маманның айтуынша, ерте жүктіліктің денсаулыққа ғана емес, білім мен әлеуметтік өмірге де елеулі салдары бар. Ол жасөспірімдердің оқуын үзуіне, әлеуметтік байланыстарының әлсіреуіне және түрлі психологиялық қиындықтардың туындауына әкеледі. Сонымен қатар, ерте жүктілік пен жасанды түсіктен кейін бедеулікке ұласу қаупі де жоқ емес.

– Бұл кезеңде қыз баланың өзін кінәлі сезінуі немесе болашағына алаңдауы – қалыпты құбылыс. Мұндай жағдайда ең маңыздысы – қолдау. Қызды айыптамай, түсіністікпен қарап, оның эмоцияларын қабылдау қажет. Ата-ана мен жақындарының жылы қарым-қатынасы психологиялық жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарады. Қолдау болмаған жағдайда депрессия, өз-өзіне сенімсіздік туындауы мүмкін. Ерте жүктілік жас ананың өмірлік жоспарына, білім алуына және әлеуметтік дамуына кері әсер етеді. Сондықтан кәсіби психологиялық көмек пен дұрыс ақпарат беру аса маңызды, – деді психолог Маржан Асқарқызы.

Оның айтуынша, ерте жүктіліктің негізгі себептері бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда, жыныстық тәрбиенің жеткіліксіздігі, ақпараттың аздығы, отбасындағы қарым-қатынас пен эмоционалдық факторлар маңызды рөл атқарады.

– Жасөспірімдер көбіне өз денсаулығы мен жауапкершілік туралы толық ақпаратқа ие болмайды. Махаббат, назарға мұқтаждық сияқты сезімдер оларды ерте қарым-қатынасқа итермелеуі мүмкін. Жастардың кейбірі жалғыздық сезімін жақындық арқылы толтыруға тырысады. Ал ата-ана мен бала арасындағы сенімнің әлсіздігі, ашық диалогтың болмауы жасөспірімнің сырттан жауап іздеуіне әкеледі, – дейді Маржан Асқарқызы.

Сала өкілі Зарина Айдарханованың айтуынша, мәселенің түп-төркіні ақпараттың жүйесіз әрі сенімсіз көздерден алынуында.

– Ақпарат қолжетімді болса да, оны әр адам өзінше қабылдайды. Кейде гәп осыдан шығуы мүмкін. Мектеп, отбасы және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы жұмыстың үйлеспеуі де әсер етеді. Репродуктивті денсаулық апталығы секілді шаралар пайдалы болғанымен, олар мәселені толық шешпейді, тек белгілі бір мәлімет беріп шектеледі. Нақты нәтиже үшін жүйелі, үздіксіз және тәжірибеге бағытталған жұмыстар қажет, – деді ол.

Кей аналардың тәжірибесі әртүрлі екенін де көруге болады. Мәселен, 18 жасында тұрмыс құрып, 19 жасында ана атанған Наурызгүл Сүлеймен ерте жүктілікті жеңіл өткергенін айтады.

– Қазір 21 жастамын, екі баланың анасымын. Алғашқы жүктілікте токсикоз болғанын айтпасақ, бәлендей қиындық көрмедім, – деді ол.


«Жеті жыл бала көтермедім»

Ал бедеулік мәселесіне келсек, елімізде бұл диагноз бойынша ресми көрсеткіштер артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі зерттеулеріне сәйкес, инфекция белгілері бар жастардың 60%-дан астамы медициналық көмекке жүгінбейді. Бүгінде Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болады. Бұл ерлерге де, әйелдерге де тән. Мамандар пікірінше, мұндай көрсеткіш демографиялық және әлеуметтік қауіптерге алып келуі мүмкін. 2021 жылы бедеулік диагнозы қойылғандар саны 21,8%-ға өсіп, 21,4 мың адамға жеткен. Оның ішінде 7,9 мың адам алғаш рет тіркелген. Қазір облыс бойынша 679 ерлі-зайыпты есепте тұр.

Мамандар бедеулік себептерін бірнеше топқа бөледі: медициналық, әлеуметтік және экологиялық. Олардың қатарында репродуктивті инфекциялар, жыныстық жолмен берілетін аурулар, түсіктен кейінгі асқынулар, жыныстық сауаттылықтың төмендігі мен контрацепция туралы ақпараттың жеткіліксіздігі бар.

Дегенмен, бедеулік әрдайым түпкілікті диагноз бола бермейді. Қала тұрғыны Нұршат Советкәрімнің айтуынша, не де болса, үміт үзбеу керек.

– 7 жыл бала көтере алмадым. Жолдасыммен қаншама ауруханаға барып, емшілердің табалдырығын тоздырдық. Дәрігерлер бедеусің деді. Шыны керек, 7 жылда қаралмаған жер, жүгінбеген дәрігер қалмады. Бұл да бір сынақ шығар деп үміт үзбеуге тырыстым. Содан 2006 жылы қызымды, 2007 жылы іле шала ұлымды дүниеге әкелдім. Қазір көпбалалы анамын. Кезінде бедеусің деген дәрігерлер бұны қалай түсіндіреді екен? Сондықтан медицинада да қателік болады, оны үкім деп қабылдауға болмайды. Жүректегі үміт отын өшірмеңіздер, – деді ол.

Ал бес жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген Кәмшат Жанарбек (аты өзгертілген) бұл мәселенің отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін жеткізді.

– Өкінішке қарай, біз сияқты отбасылар көп. Қазір бедеулік бойынша есепте тұрмыз. ЭКО әдісін қарастырдық, бірақ әлі шешім қабылдай алмадық. Туыстардың да жан-жақтан түртпектеуі үлкен қысым әкеледі, – дейді ол.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жаңа құрылған отбасылардың 15-18%-ы бедеулік мәселесіне тап болады.

– Әйелдерде гормоналды бұзылыстар, овуляцияның болмауы, жатыр патологиялары әсер етсе, ерлерде сперматозоид сапасының төмендігі жиі кездеседі. Қазіргі медицинада емдеу жолдары бар. Яғни, гормоналды терапия, лапароскопия және экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО). Ең бастысы – уақытында тексеріліп, нақты диагноз қою, – деді гинеколог Сәбира Әсетқызы.


Түйін: Мамандардың айтуынша, бедеулік тек медициналық емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да ауыр жүк. Бұл күйзеліс, мазасыздық, өз-өзіне сенімсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан ерлі-зайыптылардың бір-біріне қолдау көрсетуі және қажет болған жағдайда психолог көмегіне жүгінуі маңызды. Әр жасөспірімнің тағдыры – қоғам болашағы. Сондықтан бұл мәселе тек мамандардың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив