A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 17:30 0

ШҚО-да бала асырап алғысы келетіндерге нені ескеру қажет?

Бүгін / ШҚО / Пайдалы

Әр бала өз отбасында, ет жақындарының арасында өсуі тиіс. Ата-ана – оның өміріне жауапты ең басты тұлға. Өкінішке қарай, кей балалар тағдыр сынағына тап болып, отбасылық жылу мен қамқорлықтан ерте қол үзеді. Әке-шешесіз қалған балалар үшін асырап алу рәсімі қарастырылған. Осы жолды таңдаған әр отбасы өмірін мейірім мен махаббатқа толтырып, басқаның тағдырын өзгертуге үлес қосады. Елде бала асырап алу тәртібі нақты реттелген. Кімдер асырап ала алады, қандай талаптар бар, қандай құжаттар қажет – бәрі заңмен айқын белгіленген. Бұл мақалада баланы асырап алудың негізгі жолдары, заңдық талаптары, отбасы мен бала үшін маңызды қадамдар қарастырылған. Облыстық Білім басқармасы мамандары жиі қойылатын және маңызды сұрақтарға толық жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Қандай жағдайларда балаға қамқоршылық рәсімдеуге рұқсат етіледі?

– ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес қамқоршылық немесе қорғаншылық ата-анасыз қалған балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға белгіленеді (ата-анасының қайтыс болуы, ата-аналық құқықтарынан айыру немесе шектеу, ата-аналарды хабар-ошарсыз кеткен деп тану, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп тану, жазасын өтеуі, ата-аналарды баланы тәрбиелеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп тану, алимент төлеуден жалтару, ата-аналарды іздестіру, ата-аналардың емдеу ұйымдарында немесе ата-аналық құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіретін өзге де мекемелерде болуы).
Қамқоршылық пен қорғаншылық баланы асырау, тәрбиелеу, білім беру және оның құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белгіленеді.

Қамқоршылықты рәсімдеуде басым құқық жақын туыстарға беріледі (әжелер, аталар, кәмелетке толған аға-інілер мен апа-сіңлілер, тәтелер, нағашылар және т.б.). Шешім кандидаттың тұрмыс жағдайы мен баланың мүдделерін ескере отырып, қамқоршылық және қорғаншылық органдарымен қабылданады.

 

– Қамқоршылықты тағайындау үшін тағы қандай (материалдық емес) шарттар қажет?

– Балаға қамқоршы немесе қорғаншы тағайындау кезінде кандидаттың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттері, қамқоршы немесе қорғаншы міндеттерін орындау қабілеті, олардың баламен дұрыс қарым-қатынас жасай алуы, болашақ отбасының балаға деген көзқарасы, баланың өз тілегі ескеріледі.

 

– Анасы қайтыс болып, әкесі бөлек тұратын жағдайда тәтесі немесе нағашысы жиеніне қамқоршылық рәсімдей ала ма? Бұл үшін ата-аналық құқықтарынан бас тарту қажет пе?

– Қамқоршылық ата-анасыз қалған балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға белгіленеді. Мәселен, егер ата-анасы қайтыс болса немесе заңда көзделген өзге себептер бойынша ата-аналық құқықтары мен міндеттерін өз бетінше жүзеге асыра алмауы. Ата-аналардың біреуінің қайтыс болуы екінші ата-ана тірі, әрекетке қабілетті және ата-аналық құқықтарынан айырылмаған болса, қамқоршылық белгілеуге негіз болмайды. Бұл жағдайда ол баланың заңды өкілі саналады. Ата-аналық құқықтардан ерікті түрде бас тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылмаған. Ата-аналық құқықтардан айыру немесе шектеу тек сот шешімімен және заңда белгіленген негіздер болғанда ғана жүзеге асырылады.

 

– Анасы қайтыс болған жағдайда баланың әжесі немесе атасы қамқоршылықты рәсімдей ала ма?

– Егер бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалса (жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала), әжесі немесе атасы қамқоршылықты рәсімдей алады. Ал егер әкесі немесе анасы тірі және жұмысқа қабілетті болса, ата-аналық құқықтарынан айырылмаса, бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ретінде есептелмейді. Мұндайда қамқоршылық рәсімделмейді.

 

– Туыстары қамқоршылық рәсімдемей-ақ сенімхат арқылы баланы тәрбиелей ала ма?

– Қазақстан Республикасының заңнамасында ата-аналық құқықтарды сенімхат арқылы беру қарастырылмаған. Ата-аналардың бірінің үшінші тұлғаға балаға қатысты белгілі бір әрекеттерді жасау үшін сенімхат беруі ата-ананы ата-аналық құқықтарынан босатпайды. Әкесі баланың мүддесін қорғауға, бірге жүруге немесе жекелеген мәселелерді шешуге сенімхат бере алады, алайда бұл туыстарына баланың заңды өкілі болу және оның құқықтық мәртебесін өзгерту құқығын бермейді. Баланың туыстарында нақты тұруы қамқоршылық белгіленбесе, заңды түрде рәсімделмейді.


– Өгей әке қамқоршылық рәсімдей ала ма, оның қандай шарттары бар?

– Иә, қамқоршылық немесе қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органдар жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды туыстарына, өгей әкесіне (өгей анасына) қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа береді. Баланы отбасына қабылдағысы келетін барлық азаматқа бірдей талап пен құжаттар тізімі қойылады. Туыстарының пікірі де ескеріледі. Шешімді қамқоршылық және қорғаншылық органдары қабылдайды.

 

– Туысы емес, отбасының досы баланың қамқоршысы бола ала ма? Ол үшін не қажет?

– Егер қамқоршылық немесе қорғаншылықты отбасының досы рәсімдегісі келсе, оған міндетті түрде ата-аналар мектебінде психологиялық даярлықтан өту қажет болады (тек баланың жақын туыстары ғана бұл талаптан босатылады). Одан кейін тұрғылықты жері бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органдарына жүгіну қажет.

 

– Баланың анасы қайтыс болды делік. Әкесінің басқа отбасы бар. Сондай-ақ ол бала тәрбиесімен айналысқысы келмейді. Ал туыстары баланы өз қамқорлығына алуға дайыне емес. Мұндай жағдайда баланың тағдыры қалай шешіледі?

– Қамқоршылық немесе қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын орган ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің қамқорлығының жоқтығы анықталған жағдайда баланы орналастыру мәселесі шешілгенше оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Көрсетілген жағдайда бала оның әрі қарайғы мәртебесі анықталғанға дейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберіледі. Жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау оларды отбасына тәрбиелеуге беру (асырап алу, қамқоршылық, қорғаншылық, патронат, қабылдаушы отбасы) арқылы, ал мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық типтегі ұйымға орналастыру арқылы жүзеге асырылады.


– Егер бірнеше бала (туған аға-інілер мен апа-сіңлілер) жетім қалса, туыстары оларды қамқоршылық рәсімдеп, әртүрлі отбасыларға ала ала ма?

– ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 119-бабы 3-тармағына сәйкес аталған жағдайлар балалар мүдделеріне сай келмей тұрса, бір отбасында тәрбиеленіп жатқан туған аға-інілер мен апа-сіңлілерге әртүрлі адамның қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеуіне жол берілмейді.


– Балаға қамқоршылық белгілеу кезінде қандай жайттарға назар аудару қажет?

– Бәріне бір ғана жағдайды бекіте беруге болмайды. Кейде жекелей жағдайларға дайын жүру қажет. Бұл жерде баланың денсаулық жағдайы мен қажеттіліктерінен бастап кандидаттың материалдық жағдайы мен тұрғын үй шарттарына дейін жан-жақты қаралады. Сондықтан қамқоршылықты дұрыс рәсімдеу үшін барлық мән-жайды ескеріп, нақты ұсыныстар беретін қамқоршылық және қорғаншылық органдарына жүгіну қажет.


– Қамқоршылықты белгілеу үшін қандай құжаттар қажет?

– «Жетім балаға (балаларға), ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға (балаларға) қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу» мемлекеттік қызметін алу үшін құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тапсыру қажет.


Құжаттар тізімі:

1. өтініш (eGov.kz порталы арқылы жүгінген жағдайда – қызмет алушының ЭЦҚ-мен қол қойылған немесе бір реттік парольмен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш);

2. жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін қажет);

3. некеде тұрған жағдайда жұбайының (зайыбының) нотариалды куәландырылған келісімі;

4. қызмет алушының және некеде тұрған жағдайда жұбайының денсаулық жағдайы туралы анықтама (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы «Адам бала асырап ала алмайтын, оны қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа, патронатқа қабылдай алмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес аурулардың жоқтығын растайтын);

5. некеде тұрған жағдайда (егер АХАТ ақпараттық жүйесінде мәліметтер болмаса немесе ҚР-дан тыс жерде тіркелген болса) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;

6. баланың (балалардың) туу туралы куәлігі электрондық немесе қағаз түріндегі көшірмесі;

7. баланың ата-анасының біреуінің немесе екеуінің де қамқорлығының жоқтығын растайтын құжаттардың көшірмелері (қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама; ата-аналарды ата-аналық құқықтарынан айыру, оларды ата-аналық құқықтарында шектеу, ата-аналарды хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз (әрекетке қабілеті шектеулі) деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі; ата-аналардың бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуі туралы сот үкімі; ата-аналарды іздестіруді, баланы (балаларды) ата-анасынан тартып алуды, ата-аналардың денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ уақыт емделуін растайтын құжаттар; баланы (балаларды) тастап кету туралы акт; баладан (балалардан) бас тарту туралы өтініш; туу туралы анықтама (АХАТ ақпараттық жүйесінде мәліметтер болмаған жағдайда));

8. қызмет алушының және (немесе) жұбайының табысы туралы мәліметтер;

9. туыстардың, өгей әкенің (өгей ананың) балаға (балаларға) туыстық қатынасын растайтын құжаттардың көшірмелері;

10. жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдағысы келетін тұлғалардың даярлықтан өткенін растайтын сертификат (баланың жақын туыстарын қоспағанда); 

11. қызмет алушының және (немесе) жұбайының тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері (тұрғын үйге меншік құқығы болмаған жағдайда).

Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) тапсырған кезде түпнұсқалары салыстыру үшін ұсынылады, содан кейін азаматқа қайтарылады. eGov.kz порталы арқылы жүгінген кезде көрсетілген құжаттардың электрондық көшірмелері ұсынылады.

 

Аянат МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив