«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ресми айыппұл немесе өзге де мемлекеттік қызметтер бойынша хабарламаларда бөгде сілтемелерге өту және төлем деректерін енгізу талап етілмейтінін ескертеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Соңғы уақытта eGov.kz ресми сервистері атынан жіберілетін жалған хабарламалар, қоңыраулар мен түрлі хабарландырулардың таралу деректері жиілеп отыр.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ресми айыппұл немесе өзге де мемлекеттік қызметтер бойынша хабарламаларда бөгде сілтемелерге өту және төлем деректерін енгізу талап етілмейтінін ескертеді.
Әкімшілік айыппұлды тексеру және төлеу тек ресми мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асырылады.
— Қазақстан Республикасының электрондық үкімет инфрақұрылымы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді және пайдаланушылардың деректерін қорғауды қамтамасыз етеді. Деректердің жария болуы тек оларды пайдаланушының өзі бөгде ресурстарда енгізген жағдайда ғана мүмкін, — делінген хабарламада.
Қосымша хабарлаймыз, мемлекеттік ақпараттық ресурстар тек ресми домендерде ғана жұмыс істейді. Атап айтқанда, электрондық үкімет порталы egov.kz мекенжайы бойынша қолжетімді. Кез келген деректерді енгізер алдында браузердегі сайттың мекенжайын мұқият тексеру қажет, өйткені алаяқтар ұқсас домен атауларын пайдалануы мүмкін.
Пікірлер