Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Соңғы 15 жылда елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Бейжің қаласында өткен Тұрақты көлік жөніндегі жаһандық форумға қатысты. Іс-шараға үкіметтердің, көлік саласындағы уәкілетті органдардың, халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері, сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері жиналып, халықаралық көлік байланысын дамыту, логистикалық тізбектердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Мақсат Қалиақпаров Қазақстан үшін көлік-логистика кешенінің стратегиялық маңызын атап өтіп, еліміздің Қытай, Орталық Азия, Каспий өңірі және Еуропа арасындағы негізгі құрлықтық транзиттік буындардың бірі ретіндегі рөліне тоқталды.
— Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Соңғы 15 жылда елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынды, — делінген Көлік министрлігі хабарламасында.
Баяндаманың негізгі бағыттарының бірі Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту мәселесіне арналды. Соңғы бес жылда ТХКБ арқылы өтетін транзит көлемі 3,5 есеге өсті. 2025 жылы контейнерлік тасымал көлемі 77 мың ДФЭ-ге жетті. 2029 жылға қарай транзиттік контейнерлік тасымал көлемін 300 мың ДФЭ-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Форумның маңызды практикалық нәтижелерінің бірі — Тұрақты көлік саласындағы жаһандық даму және ынтымақтастық бастамасының негіздемелік құжатын қабылдау болды. Құжат тұрақты көлік саласында мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, бизнес, ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл үшін көпжақты платформа қалыптастырады.
Вице-министр Қазақстанның көлік жүйелерін халықаралық деңгейде одан әрі цифрлық интеграциялауға, инфрақұрылымдық жобаларды өзара байланыстыруға және Азия мен Еуропа арасындағы кедергісіз көлік бағыттарын қалыптастыруға жағдай жасауға мүдделі екенін атап өтті.
Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, инвестициялар мен технологияларды тарту, сондай-ақ Еуразияның көлік-логистикалық жүйесінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында Қытаймен және басқа да серіктес мемлекеттермен ынтымақтастықты жалғастыра береді.
Пікірлер