Саяси партия филиалдарының жастары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері және еріктілер біркелкі форма киген күйі білек сыбана кірісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған экосенбілік жастарды бір жерге топтады. Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбековтің сөзінше, Чернобыльдегі атом электр станциясы салдарын жоюға атсалысқандар үшін қойылған «Журавль» ескерткіші әр бағытты қамтыған белсенді жастардың басын қосты.
– Мұндай сенбіліктер тек облыс орталығында емес, өңірдің барлық қала-ауданында өтіп жатыр. Аталған жұмыстар қала тұрғындарын бірлікке шақырып, өз ортасын жинақы ұстауға бағыттайды. Жалпы, осы акция жастар бойына экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, – деді ол.
Әрі қарай жастар да, орталық басшылары да күрек, сыпырғыш, қанар-қаптарын алып, қауырт тірлікке кірісіп кетті. Айтуларынша, бүгін ауа райы да жұмыс істеуге қолайлы. Селфи жасап, әлеуметтік желідегі парақшаларын дамытып жатқандар да көзге ілікті. Аздан соң бірі «Қой, суретке түсіп болдық. Енді жұмыс істейік» деп әзілдеп, бұта түбіндегі темекі тұқылдары мен полиэтилен пакеттерін жинауға кетті.
Қазақстан Халық партиясы жанындағы жастар қанатының басшысы Ләйлә Төлеубекова «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық идеологияға оң әсер ететін бастама екендігін алға тартты.
– Бұл бір күндік акция емес. Маусым сайын, жыл сайын өткізіледі. Жастар экологияны жақсартуға ұмтылса, қоршаған орта да қорғауда болады. Өзіміз де мұндай іс-шараға жиі қатысамыз. Былтыр Қазақстан тауы маңын тазаладық, – деді ол.
Жастардың ойынша, қыстай әр жерде үйілген қоқыс көп. Сол үшін де адамдар ішкі мәдениетті де ұмытпауы тиіс.
Пікірлер