Облыс орталығында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдемелер таратқан адамның әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Полицияға жергілікті тұрғын арызданып, тікелей эфир кезінде ұлтқа қатысты балағат сөздер айтып, қорлайтын пікірлер білдірген TikTok пайдаланушысына қатысты шара қолдануды сұраған.
– Тергеу барысында 35 жастағы ер адамның бірнеше аккаунт арқылы тікелей эфир жүргізгені, кейін олардың бірі жойылғаны анықталды. Тікелей эфирлер басқа пайдаланушылардың қатысуымен «батл» форматында өткен. Болжамға сәйкес, ол адам сөйлеп отырғанда масаң күйде түрлі этнос өкіліне дөрекі сөздер айтып, қорлап, намысқа тиетін мәлімдемелер жасаған. Бейнематериалдар бойынша психологиялық-филологиялық талдау жүргізіліп, ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар екені расталды, – делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Пікірлер