Өрт қауіпті кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің барлық өңірінде алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, биыл өрт қауіпті маусым оңтүстік және кейбір батыс өңірлерде – Алматы қаласы, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 26 наурыздан басталды.
Ал орталық, солтүстік және бірқатар батыс өңірлерде – Абай, Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 сәуірден, Шығыс Қазақстан облысында 13 сәуірден бастап күшіне енді.
Ведомство азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын, әсіресе ашық отты пайдалану кезінде қатаң сақтауға шақырады.
— Сенбілік өткізу, үй маңындағы аумақтарды, бақша және саяжай учаскелерін тазалау барысында аса сақ болу қажет. Құрғақ, ыстық және желді ауа райында от жағуға, қоқыс өртеуге қатаң тыйым салынады. Ауа райы қолайлы болған жағдайда ғана ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, арнайы белгіленген орындарда және тұрақты бақылаумен от жағуға рұқсат беріледі, - делінген ТЖМ ақпаратында.
Сондай-ақ мангалды (барбекю, гриль) пайдалану кезінде оны ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта орналастырып, өрт сөндіргішпен немесе кемінде 10 литр суы бар ыдыспен қамтамасыз ету қажет.
ТЖМ өкілдері сөндірілмеген темекі тұқылдарын, сіріңкені тастамауға, құрғақ шөпті өртемеуге, үй мен саяжай аумағын үнемі жанғыш қалдықтардан тазалап отыруға кеңес береді.
Сонымен қатар балалардың отпен ойнауына жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Өрт белгілері байқалған жағдайда азаматтар 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласуы тиіс.
Пікірлер