A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 14:20 0

Өскеменде 200-ден астам мемлекеттік қызметші тіл үйреніп жүр

Бүгін / Өскемен

Бүгін С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да ШҚ Лингвистикалық орталығы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті ұйымдастыруымен «Адал азамат. Тілдік дағдыларды жоғарылату. Сапалы цифрландыру және сыбайлас жемқорлықты азайту» тақырыбында семинар өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиында жемқорлық мәселесі де көтерілді

Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзіреттілігін арттыру, мемлекеттік тілде іс жүргізу сапасын жетілдіру және кәсіби қызмет барысында шет тілдерін тиімді қолдану дағдыларын дамыту. Жиынға департамент өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Рауан Сләмханның айтуынша, бұл шара «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін дамытуға бағытталған жол картасы аясында ұйымдастырылған.

– Бүгінгі семинар сол жоспардың бір бөлігі. Сонымен қатар, семинардың екінші бөлімінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында деректерді цифрландыру, автоматтандыру және интеграциялаудың маңызы түсіндірілетін болады, – деді ол.

Анықталғандай, бүгінде ШҚ Лингвистикалық орталығында 15 департаменттен 200-ден астам мемлекеттік қызметші тіл үйрену курстарына белсенді қатысуда.

– Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, кәсібилік пен мәдениеттіліктің көрсеткіші. Мемлекеттік қызметкер үшін қазақ тілін жетік меңгеру азаматтармен тиімді байланыс орнатудың негізі десек, ағылшын тілі – жаһандық тәжірибеге жол ашатын маңызды құрал. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда патриотизм туралы ерекше атап өтті. Сондықтан патриот болу – мемлекеттік рәміздерді құрметтеумен қатар, мемлекеттік тілді білу, – деді ШҚ Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова. 

Құжат қабылдау басталып қойды

Кездесу барысында қатысушылар тіл үйрену мен оларды кәсіби және күнделікті өмірде қолданудың тиімді жолдары туралы ақпарат алды. Бұдан бөлек,  ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ШҚО филиалының алдағы жоспарлары таныстырылды.

– 1 сәуірден бастап құжат қабылдау басталды және ол толықтай онлайн форматта өтеді. Үміткерлер құжаттарын арнайы сайт арқылы тапсыра алады. Биыл бірқатар өзгеріс енгізілді: құжат қабылдау мерзімі қысқартылып, білім беру бағдарламаларының саны артты. Атап айтқанда, іскерлік әкімшілендіру, жасанды интеллект және цифрлық мемлекеттік басқару бағыттары қосылды, – деді филиал өкілі Айжан Масенова. 

Семинар барысында ШҚ Лингвистикалық орталығының мамандары бірнеше өзекті тақырыпта баяндама жасады. Мәселен, «Мемлекеттік қызметкерлердің тілдік құзіреттіліктерін арттыру», «Дұрыс сөйлеу және сауатты жазу нормалары», «Ағылшын тілін қолдануда Magic School AI мүмкіндіктері» тақырыптары қамтылды. Соңғы баяндамада заманауи цифрлық құралдардың, соның ішінде жасанды интеллектке негізделген платформалардың тіл үйрену үдерісін жеңілдетудегі рөлі, ағылшын тілін меңгеруді жеделдету жолдары және оны кәсіби қызметте тиімді пайдалану мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив