A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 15:45 0

Марқакөл ауданының мәдениеті тұралап тұр ма

Бүгін / Марқакол / Өзекті мәселе

Әз-Наурыз қарсаңында күйбең тірліктен қажыған жұрттың бір сәт серпілген сәттері әлеуметтік желіде көп таралды. Лақтан бастап, торпақ көтерген тұрғындар, бауырсақ жеп жарысқан жұрт, орталық алаңдағы ұлттық ойындар өз алдына. Солардың ішінде бір бейнежазба көпшілікті ойландырмай қоймады. Әңгіме – Марқакөл ауданына қарасты Қазақстан ауылында түсірілген бейнежазба туралы. Кейбірі Шығанши деп атайды. Құттықтап, өз өнерін көрсетемін деген жан ескі аялдамаға беттеп, соны сахна қылды. Бірақ әлдекім оны телефонға түсіріп, видео республикаға тез-ақ таралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жабырқатқан жауап

Дегенмен біздің мақсат кемшілік көріп, жергілікті билікті ашықтан-ашық табалау емес. Шеткері ауданда интернет, медицина сияқты салаларды былай қойғанда, қатардағы мәселелердің өзі өгізаяңмен шешіліп жатқанына тағы бір көз жеткіздік. Мұның астары біз ойлағаннан әлдеқайда терең секілді. Мәселен, Қазақстандағы жағдай сырт көзге қалауын тапсаң қар жауадының мысалы болғанымен, бұл жағдай мәдени инфрақұрылым жоқтығын аңғартады.

Видеодағы пікірлерге үңілсек, ел аумағындағы көптеген ауылда бұл қалыпты дүниеге айналғанын байқауға болады. Дәуір ауысып, заман өзгеріп жатса да, ауылдағы жағдайдың әлі түзелмегеніне көбі налып та жатыр. Наурыз кезінде тұрғындар емес, белгілі бір мөлшерде қоғам назарын аударған жайтқа байланысты Марқакөл аудандық әкімдігіне ресми сауал жолданды. Аудан әлеуеті соның жауабына қарап-ақ айқындалып қалғандай. БАҚ заңына сәйкес бес күн ішінде тиісті мәлімет жіберілуі қажет болатын. Олар сағызша созды. Оған қоса, біз жолдаған 10 сауалдың бірнешеуіне ғана ақпарат берілді, оның өзінде тұщымсыз. Анығы сол, қазір мұнда ұзын-саны 190 адам тұрады. Ал Мәдениет ұйымдары желісінің ең төмен мемлекеттік нормативтері ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы тиісті бұйрығымен бекітілген көрінеді. Ресми жауап болса да, оқырман қабылдауына ауыр сөйлем.

– Халық санының белгіленген нормтивтен төмен болуына байланысты арнайы нысандар (Мәдениет үйі, клуб) жоқ. Ауылдық округтерде жалпы мерекелерді ұйымдастыру және өткізу жоспарлары ауылдық округ әкімдерімен, ауылдық округ басшылығымен келісе отырып бекітіледі, – деді аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаербекова.

Егер шынымен де халық қарасы 190 адам айналасында болса, шектеулерге шақыратын статистика деуге келмес. Дегенмен мұндағы жұрттың көбі өз еншісін алып, аудан ретінде әлеуетін бекемдеп жатқан өлке туралы теріс көзқараста емес.

– Біздің ауыл өте тату. Кез келген мерекені бірге атап өтеміз. Наурызда киіз үй тігіліп, қолдан келгенше көңілді өткізуге тырыстық. Аялдаманы безендіріп, ән айтып, би биледік. Ол видео бүкіл елге тарап кетеді деп ойламадық. Әрине, ауылымызды дамыған деп айта алмаймыз, бірақ барымызға шүкір дейміз, – деді Қазақстан ауылының тұрғыны Айғанша Желібек (аты-жөні өзгертіліп берілді).

«Ауылдар арасындағы байланыс әлсіз»

Ал Өскемен тұрғыны Әсел Амангелді бұл жағдайға сын көзбен қарайды.
– Халық санына қарамай, әр ауылда мәдени шара өтетін орын болуы керек. Әлгі видеоны көріп, шыны керек, көңілім түсті. Біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп айтамыз, бірақ ауылдардың жағдайын да ұмытпауымыз керек. Бұл тек Марқакөлге ғана тән мәселе емес. Көп ауылда жол нашар, интернет әлсіз. Егер жағдай жасалса, жастар ауылдан кетпес еді, – дейді ол.

Марқакөл ауданының қайта құрылғанына екі жылдан асты. Шекара маңындағы бұл өңірдің маңызы зор болғанымен, инфрақұрылым мәселесі әлі толық шешімін таппаған.

– Табиғаты өте әдемі. Туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бірақ жол қатынасы қиын, ауылдар арасындағы байланыс әлсіз. Халық саны да азайып барады. Көшіп кетіп жатқандар көп. Ауданымыз дамыса екен деп тілейміз, – деді Әсия Айтасқызы.

Редакция тарапынан қойылған сауалдарға толық жауап берілмеді дедік. Мәселен, ауыларалық жолдардың жағдайы туралы сұраққа тек «Қалжыр–Марқакөл» бағытындағы 28 шақырым жол мен ауылға кіреберіс жолды ағымдағы жөндеу жоспарланғаны ғана хабарланды. Алда қай бағыттағы жолдар жөнделеді, Қазақстан ауылында мәдени нысандар мәселесі қалай шешіледі деген сияқты сауалдарға мүлде жауап жоқ.

Марқакөл – талай ақын жырына арқау еткен, жазушылар шығармасына негіз болған қасиетті өлке. Табиғаты көркем, тарихы терең бұл өңірдің болашағы тек тұрғындарды ғана емес, билік өкілдерін де алаңдатуы тиіс. Аялдамада тойланған Наурызға да бей-жай қарауға болмайды. Бұл – ауылдағы мәдениет, инфрақұрылым мәселесінің көрінісі. Шекара шебіндегі ауданға жүйелі қолдау көрсетіліп, ауылдарға нақты жағдай жасалмайынша, мұндай көріністер қайталана беретіні анық.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив