A+ A A-

talgatzhan 35 Бүгін, 15:30 0

ШҚО-да полицейлерді ұрып, балағаттаған әженің үкімі өзгермеді

Бүгін / Өскемен

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы сот үкімі бойынша зейнеткерге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұған дейін сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Атап айтқанда, ол билік өкіліне күш қолдану, оны қорлау, сондай-ақ азаматқа күш көрсету (дене жарақатын келтіру) фактілері бойынша айыпталған.

Айта кетейік, оқиға патрульдік полиция көлікті тоқтатқан сәттен басталған болатын. Рөлде зейнеткердің ұлы отырды. Тексеру кезінде оның көлігінде сақтандыру полисі жоқ екені анықталған. Полиция жүргізушіден көліктен шығуды талап етіп, оны айып тұрағына эвакуатор арқылы жеткізу туралы шешім қабылдайды. Сонда көлікте отырған 73 жастағы қарт адам рөлге ауысып алып, шығудан бас тартты

Құжаттарға сәйкес, оны көліктен шығару барысында ол құлап, көз және самай тұсынан жарақат алды. Кейін оның ұлы полицейлер талабына бағынбай, балағат сөздер айтқан. Оқиға шиеленісіп, ұлының қолына кісен салынды.

Мұны көрген анасы аяқ киімін қолына алып, полицейлерді төпештей жөнелді. Тергеу мәліметінше, ол құқық қорғау органдарына балағат сөздер айтып, ұлын қорғауға тырысты.

Сотталушының қорғау тарапы тергеу органдары мен жәбірленушілер тарапынан ҚР Қылмыстық-процестік кодексі талаптарының өрескел бұзылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, оқиға орнына шақырылған эвакуатор жүргізушісінің құқық қорғау органдары қызметкерлеріне нұсқау беріп, олардың оны сөзсіз орындағаны ерекше атап өтіліп, бұл жайт күмәнді әрі құқықтық тұрғыдан орынсыз деп бағаланды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Сонымен бірге, ол іске қатысқан полиция қызметкерлерінің біріне қатысты бірқатар дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Іс материалдары мен тараптардың өтінішхаттарын зерделеген апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығына жеке қаулы шығарып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріп, қажетті шаралар қабылдауды міндеттеді.

Атап айтқанда, сот полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне назар аударды. Эвакуатор жүргізушісі олардың көзінше зейнеткерді көліктен күштеп шығарып, оған дене жарақатын келтірген (жеңіл дәрежедегі зиян). Бұдан бөлек, аталған ер адамның құқық қорғау органдары қызметкерлеріне сотталушының ұлына кісен салу туралы нұсқау бергені көрсетілді. Сот пайымдауынша, бұл әрекеттер оқиғаның одан әрі ушығуына себеп болған.

Сондай-ақ, сот эвакуатор жүргізушісінің әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін тиісті тексеру жүргізуді ұсынды. Айта кету керек, сотталушы оқиға болғаннан кейін бірден осы факті бойынша арызданғанымен, оның өтініші мәні бойынша қаралмаған.

Үкім заңды күшіне енді, алайда ол кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

Фото: Pixnio

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив