Санжар Сұлтанғазы – Жетісу облысы, Алакөл ауданына қарасты Бұлақты ауылында дүниеге келген. Жетісу облыстық «Jetisý» газеті веб-сайтының журналисі. «Апа, сен болмасаң...» атты жыр жинағының авторы. Қазақстан Жазушылар Одағы «Жазушылардың Әдеби шеберлік мектебінің» түлегі.
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой.
Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.
Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой,
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.
Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой...
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой...
Пікірлер