Өзіндік өзгешелігі бар бәсеке. Облыс деңгейінде оза шапқан жастар да төбе көрсетті. Сөреге тізілген ұл-қыздар 1,2 шақырымды еңсерулері тиіс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
"Қысқы спорт-фест" қалалық жарысы облыстық прокуратура және Өскемен әкімдігі ұйымдастыруымен қолға алынды. Сөз арасында ақпанда бөгеуін ағытатын қысқы Олимпиада ойындарына болжам жасап тұрғандарды да кезіктірдік. Тіпті кейбірі 2012-ші жылдары бірнеше қашықтықта үстемдік еткен норвегиялық Марит Бьергенді айтып, өткенді қазбалап тұрды. Осындай әжік-гүжік әңгіме жүріп жатқанда ұйымдастырушылар сайысқа демеуші болып отырған AN Groups құрылыс компаниясының қолдауы мен әлеуетіне тоқталды. Аталған компания 1997 жылы құрылып, қазіргі уақытта елдегі үш қалада 60-тан астам жоба іске асырып үлгерген. Оқушылар мен жастар үшін көп-көрім жүлде тігіп, әкімдік пен прокуратура шараның барынша қызықты өтуіне күш салды. Жеңіл атлетикадан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, былтыр Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында топ жарған Фаина Меирманова қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпазды анықтау үшін ауа райы қолайлы болып тұрғанын айтты. Қылаулаған қар мен болмашы салқындық жас шаңғышыларға өте ыңғайлы еді.
– Мықты қарсылас көп, сәл қорқып тұрмын. Бұл маған ыңғайсыз қашықтық. Салған жерден жылдам жүгіріп, екпінді соңына дейін ұстау қажет. Негізі үш шақырымға жүгіретінмін. Барымды саламын не де болса, – деді Ксения есімді қатысушы.
Сосын Абай облысының тумасы, бірақ қазір Өскеменде оқып жатқан Нұржан Нұрбекұлы ережесіз жекпе-жекпен айналысып жүрсе де, шаңғы бәсекесінде жүлде алуды көздеп келген. 17 жастағы өрен 2016-2017 жылдары тұрақты айналысқанымен, кейін қол үзіп қалған. 11 сынып оқушысы 18-20 жас аралығында сынға түсетінін жеткізді.
Айта кетейік, қатысушылар 15-17 және 18-20 жас бойынша сөреге тізілді. Қыздар да күн салқындаған сайын бойларын қыздырып, өздерін жинақылыққа шақырып бақты. Қатысушылардың ұзын-ырғасы 100-ден асады. Төреші ең әуелі қаз-қатар тізілген шаңғышыларды түгендеп, тегін дауыстан атап шықты. Шыны керек, кейбірі шаңғымен толыққанды айналыспаған. Жиі құлап, уақыт жоғалтып жатты. Ал жаттығуын үзбегендер нағыз тартысты бәсеке көрсетті.
Осы аралықта тұрғындар мен жанкүйерлер үшін викториналық сұрақтар қойылып, жауабын дұрыс тапқандарға Sportmaster дүкеніне сертификаттар берілді.
Марапаттау кезінде облыс прокурорының бірінші орынбасары Ерлан Бұланбаев пен қала әкімінің орынбасары Азамат Апахаев топ жарып, жүлде алғандарға мадақтама қағаздары мен жүлдесін табыс етті. Бірінші орынға – 200 мың, екінші орынға – 150 мың және үшінші орынға – 100 мың теңге берілді.
Асыл АЙТБАЕВ
Пікірлер