
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін рухани жаңғыру мен мәдени дамудың айрықша кезеңі ретінде есте қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде жүзеге асқан ауқымды мәдени бастамалар мазмұнының тереңдігімен, көлемінің кеңдігімен және халықаралық деңгейде танылған брендтік іс-шараларымен ерекшеленді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, ҚР Конституциясының 30 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы сынды маңызды мерейтойлар облыста өткен мәдени жобалардың идеологиялық өзегіне айналды.
Өңірде жаңа мәдени кеңістікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды 360 мәдениет ұйымы жүзеге асырып келеді. Оның құрамына 170 клубтық мекеме, 170 кітапхана, 6 музей, театр және концерттік ұйымдар, тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемелері мен өзге де рухани-ағартушылық бағыттағы мәдени ошақтар кіреді.
Биыл өңірде бұрын-соңды жүзеге асырылмаған, тың форматтағы бірегей брендтік жобалар іске қосылды. Солардың бірі – табиғатпен үйлесім тапқан, алғаш рет ұйымдастырылған «Бұқтырма балықшысы – 2025» фестивалі. Аталған мәдени жоба балықшылық дәстүрін ұлттық құндылықтармен ұштастырып қана қоймай, экологиялық туризм мен белсенді демалысты дамытудың жарқын үлгісіне айналды. Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден келген қатысушылардың көп болуы Күршім мен Самар аудандарының туристік әлеуетін арттырып, өңірдің табиғи байлығы мен мәдени келбетін кеңінен танытты.
- Жылдың ең ауқымды әрі маңызы зор мәдени оқиғаларының бірі – Қатонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі болды. Бұл фестиваль алғаш рет он екі жыл бұрын Берел ауылында бастау алған. Алғашқы кезеңдерінде археология мен тарихи мұраны насихаттауға басымдық берілсе, биыл түркі халықтарының рухани-мәдени бірлігіне, ұлттық өнері мен музыкасына, әдебиеті мен руханиятына жаңа серпін берілді. Түркі елдерінің өнерпаздары Алтай төрінде бас қосып, ортақ тарих пен мәдениеттің терең тамырын жаңғыртты. Фестиваль аясында музыкалық бағдарламалармен қатар этноауылдар, ұлттық дәстүрлер көрмелері, ғылыми-мәдени кездесулер мен спорттық ойындар ұйымдастырылып, іс-шараның мазмұны байытылды, - деді ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
14 маусымда «Алтайым – алтын бесігім» халықаралық ақындар айтысы өтті. Финалға шыққан үздік айтыскерлер көрермен ықыласына бөленіп, бас жүлдені Қарағанды облысының өкілі Дидар Қами жеңіп алды.
Алтай төріндегі мерекелік шаралар түркі халықтарының өнерін тоғыстырған салтанатты гала-концертпен жалғасты. Сахнаға Қазақстанның белгілі әртістері Ерлан Рысқали, Әмре, Қобыланды Болат, «Музарт», Abyroy топтары және Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Саха, Қырғызстан, Алтай, Моңғолия, Түрікменстан, Әзербайжан, Тыва республикаларынан келген өнер жұлдыздары шықты. Фестиваль қонақтарының 80 пайыздан астамы өзге өңірлер мен шетелдерден келген.
Бұдан бөлек, облыс көлемінде жүзеге асқан «Туған жер – алтын бесігім» жобасы әр ауданның мәдени ерекшелігі мен тарихи болмысын танытатын ірі брендтік алаңға айналды. Үш айға созылған жоба жергілікті өнер ұжымдарының дамуына серпін беріп, тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтты.
Аталған жоба өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін таныстырып, қала мен ауыл арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етті. Мәдениет, спорт, білім және ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер көрсетіліп, үздік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік жасалды.
19 желтоқсан күні жоба қорытындыланып, салтанатты гала-концерт өтті. Нәтижесінде Бас жүлде Күршім ауданына бұйырды. І орын – Тарбағатай ауданына, ІІ орын – Ұлан ауданына, ІІІ орын – Марқакөл ауданына берілді. Сонымен қатар бірқатар қатысушы арнайы номинациялармен марапатталды.
Атадан қалған құсбегілік өнерді дәріптейтін «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі биыл бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Фестивальге Моңғолия, Ресей, Венгрия, Қырғызстан, Испания және басқа да елдерден қонақтар келді. Биыл шараға 140-тан астам бүркітші қатысты. 30-дан аса киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлер мен қолөнер көрмелері, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Ал 19–20 желтоқсан күндері өткен «Аяз ата, Ақшақар – 2025» халықаралық фестивалі өңірдің қысқы туризмін дамытуға және тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталды. Фестиваль Риддер қаласында, «Алтай Альпілері» тау-шаңғы кешенінде және Өскемен қаласында өтті. Іс-шара дәстүрлі жаңа жылдық кейіпкерлерді заманауи сахналық форматтармен және интерактивті бағдарламалармен үйлестіруді көздеді.
Халықаралық мәдени байланыстарды нығайту мақсатында облыстық драма және оперетта театрының ұжымы Өзбекстан, Қырғызстан және Грузия елдерінде гастрольдік сапарлармен өнер көрсетті. Грузияның Озургети қаласында өткен V халықаралық Н.Думбадзе атындағы театр фестивалінде «ИТ» драмасы «Үздік интерпретация» аталымын жеңіп алды. Бұл фестивальда режиссер Абай Дәулетұлы «Ең үздік режиссер» атанып, 1.500.000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сондай-ақ Алматы мен Ақтөбе қалаларында өткен халықаралық және республикалық фестивальдерде облыс театрлары жоғары марапаттарға ие болды.
Шығыс Қазақстан облыстық филармонияның «Алтай» би ансамблі мен «Барқытбел» этнофольклорлық ансамблі Қытай Халық Республикасында өткен халықаралық фестивальде бас жүлдені иеленіп, өңір мәдениетін шетелге танытты.
Қорытындылай келе, Шығыс Қазақстан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан мәдени іс-шаралар тұрғындардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға және қоғамдағы әлеуметтік байланыстарды нығайтуға зор үлес қосып отыр. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тікелей қолдауы мен бастамасының арқасында табысты жүзеге асуда.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер