Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерін қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына барлығы 806 бірлік арнайы техника дайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республикалық маңызы бар жолдарға «КАЖсервис» ШҚО филиалы қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта мекеме балансында 103 қар тазалайтын техника бар, оның 96 пайызы жұмысқа жарамды. Облыстық маңызы бар жолдарды «ОблШығысЖол» ЖШС күтіп-ұстайды. Компания қарамағында қазіргі уақытта 119 техника болса, соның 111-і дайын. Аудандық маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелеріне 584 техника қарастырылып, оның 95 пайызы қысқы кезеңге толық дайын.
Сонымен қатар, арнайы жедел жасақ құрылып, ауыр техникамен қамтылған. Төтенше жағдайлар кезінде пайдалануға арналған 185 бірлік қосымша мобилизациялық техника сақадай сай.
Облыс аумағында алты өндірістік жол басқармасы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Өскеменде 36 бірлік қосымша техникасы бар көмекші өндіріс орналасқан. Қажет болған жағдайда бұл техника өзге аудандарға жіберіледі.
– Климаттық жағдайы күрделі аумақтарда төрт жол пайдалану пункті мен төрт жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Барлық нысан білікті мамандармен және жарамды техникамен қамтамасыз етілген. Облыстық маңызы бар қар басуға бейім 9 учаскеде дайындық жүргізіліп, қар тоқтататын қалқандар орнатылды. Бүгінде қар көшкіні қаупі бар 7 учаске анықталып, бақылауда, – деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ернар Манатұлы.
Бұдан бөлек, биылғы қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдар 20 рет, облыстық маңызы бар жолдар 17 рет жабылған. Жолдардың орташа жабылу уақыты 10 сағатты құраған.
Айта кетейік, 1 қарашадан бастап облыс жолдарының жай-күйін бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жол қызметтері, полиция және Төтенше жағдайлар департаментімен тұрақты байланыс орнатылған көрінеді.
Пікірлер