
Өскемендік оқушыларға мектепке барып-қайту мұң болды
Қаладағы 19-шағынауданның, дәлірек айтқанда Әл-Фараби даңғылы бойындағы дөңде орналасқан үшінші квартал тұрғындары қала әкімдігіне өтініш хат жолдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тауға шығып, түсуге мәжбүр
Хатта олар қоғамдық көлік бағытының жұмысына наразылық білдірген. Тұрғындардың айтуынша, автобустар уақтылы келмейді және кептеліс кезінде бір орында ұзақ тұрып қалады. Бұл ең алдымен оқушыларға қиындық туғызатын көрінеді.
Көпшілік мәліметіне сүйенсек, кварталда 4,5-5 мыңға жуық адам тұрады. Олардың қатарында көпбалалы және жас отбасылар, әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Ауданда 1-11 сынып аралығында оқитын шамамен мыңға жуық оқушы және тағы 500-ге жуық мектеп жасына дейінгі балалар бар. Тұрғындар үшін қоғамдық көлік бірінші кезекте қажет. Өтінште таңертеңгі уақытта жүретін қоғамдық көлік мәселе ерекше аталған. Шағынауданда жеке мектептің жоқтығына байланысты балаларға қаланың № 46, 48, 44, 45, 41, 47 және 26 мектептеріне баруға тура келеді. Бірінші маусымда оқитын балалар үйден таңғы 7:00-7:30 аралығында шығады. Ал кестеге сәйкес, оларға қолжетімді №255 маршут 06:30-да келсе, келесі рейс 07:20-да, одан кейін тек 08:10-да жүреді. Бұл кәдімгі жолаушылар тасымалдайтын газель. Оған көп адам сыймай қалды. Осылайша 50 минуттық үзіліс жасайды. Соның салдарынан балалар мен ересектердің бір бөлігі тауға жаяу көтерілуге немесе төмен түсуге мәжбүр.
"Қоғамдық көлікті жоқ десе де болады"
Күндізгі уақытта да жағдай оңала қоймайды. Тұрғындар айтуынша, рейстер арасындағы интервал 2-3 сағатқа дейін созылады. Бұл бірінші ауысымдағы балалардың үйіне қайтып, екінші аусымда оқитын оқушылардың сабаққа баратын уақыты.
– Қоғамдық көлік жоқ деуге де болады, – делінген өтінште.
Кешкі уақытта да мәселе шешілмейді. Маршуттар ерте тоқтап қалады. Ал бұл екінші ауысымнан қайтатын оқушыларға қиын. Әл-Фараби мен Есенберлин даңғылы арқылы қалаға тікелей баратын маршут жоқ. Соның салдарынан оқушылар жаяу жүруге немесе автобустарға бірінше рет ауысып мінуге мәжбүр. Олар сабақққа тым ерте шығып, үйіне қараңғы түскенде қайтады.
– Менің балам мектептен 19:20-да шығады. Киініп, аялдамаға жеткенше 19:40 болады. Сосын 60-шы автобуспен келеді де, әрі қарай тауға көтеріледі. Мұндағы желдің күші қатты. Ал автобустар лық толы, кондукторлар да әрдайым дұрыс жауап бермейді. Күндіз жақсы, жарық, ал кешке балалар адамдарға арналмаған тар тротуармен, көліктермен қатар жарыса жүреді. Біздің балалар күн сайын осы “Эверест тауына” көтеріліп-түсіп жүр, – деді 19-шы шағынауданның тұрғыны Әлия Асаубаева.
Көлік сыйымдылығы да көңілден шыға қоймайды. Маршрут бойынша шағын газель фургондары қызмет көрсетеді. Ал олар алғашқы аялдамадан-ақ толып қалады. Тұрғындар пікірінше, бұл бағытта сыйымдылығы жоғары Iveco, Mercedes Sprinter немесе заманауи көліктерді пайдалануға мүмкіндік бар.
Әкімдікке жолданған өтініште тұрғындар нақты талаптарын көрсеткен: №255 маршруттың таңғы 7:00–8:00 аралығындағы рейстер санын арттырып, интервалды 15-20 минутқа дейін қысқарту, 11:00-14:00 аралығындағы күндізгі үзілістерді жою және маршрутты сыйымдылығы жоғары көлікпен толықтыру.
«Қағаздағы кесте — көлік емес. Есеп — рейс емес. Бізге нақты шешімдер керек. Балалар тауға жаяу шықпай, тұрғындар жұмысқа және үйіне қалыпты қатынай алатындай жағдай жасалсын», – делінген өтініште.
Кеңесте не айтылды?
Айта кетейік, өтініш жарияланғаннан кейін Өскемен әкімдігінде өзекті мәселелерді талқылау үшін кеңес өтті.
– Қоғамдық көліктің тұрақты жұмысы, маршруттар мен қозғалыс кестесінің сақталуы, аялдамалар жағдайы, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі, көшелердің жарықтандырылуы, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер өткелдері талқыланды. Кеңес қорытындысында жауапты бөлімдерге барлық бағыт бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда, – деді қала әкімі Алмат Ақышов еңбек демалысына кетпей тұрып.
Алайда 19-шы шағынаудан тұрғындарының мәселесін шешуге қатысты нақты ұсыныстар әлі де айтылған жоқ.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер