
Тайғақта талай адам жарақат алады: Көшеде тайып құлап, жарақат алған жаяу жүргіншінің құқығы қалай қорғалады?
Қыста көшедегі тайғақ жолдар жаяу жүргіншілер үшін күнделікті қауіп көзіне айналып отыр. Бір сәттік бейқамдық кейде ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін. Алайда Заң жаяу жүргінші құқығын қорғайды және келтірілген зиян үшін өтемақы талап етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – жауапты тарапты дұрыс анықтап, оқиғаны заң талаптарына сай тіркей білу. Мұны бірі білсе, бірі білмес. Осы ретте газет тілшісі ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өкілдеріне жүгініп, толық ақпарат алды. Мамандардың айтуынша, дер кезінде жасалған қадамдар тек жеке шығынды өтеуге емес, қаладағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Тайғақта тайып құлаған әр адам өз құқығын білуі тиіс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қанша адам зардап шекті?
Өскемендегі Ана мен бала орталығындағы травматология пункті мәліметінше, өткен жылы 2024 жылмен салыстырғанда жарақат алғандардың саны айтарлықтай көбейген жоқ. Дегенмен көше жарақаты әлі де жетекші орында тұр.
Мәселен, былтыр қыркүйекте травматология пунктіне 1883 бала түсті. Бұл 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 167-ге көп. Науқастардың 1202-сі көшеде жарақат алған. Ал 24 қараша – 24-ші желтоқсан аралығында дәрігерлер көмегіне 1523 бала жүгініп, 673 көше жарақаты тіркелді. Осылайша, жарақат саны 47,4 пайыздан 44,2 пайызға дейін төмендеді.
Сондай-ақ қараша–желтоқсан айларында 81 адам көктайғақта құлап, жарақат алған. Оның 49-ына қатты ауырсыну, 27-іне сіңірдің созылуы, 5-уіне сынық диагноздары қойылды.
Ал 1-4 қаңтар аралығында Өскемендегі жедел жәрдем бөліміне 341 тұрғын түрлі жарақатпен келіп түсті. Атап айтқанда, 270 адам көшеде жүріп, екі адам жол апатынан, тағы алты адам отшашу ату кезінде жарақат алды.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне кім жауапты?
Өтемақы өндіру мәселесіндегі негізгі сәт – оқиға болған аумаққа кімнің жауапты екенін анықтау. Бұл жаяу жүргіншінің нақты қай жерде жарақат алғанына байланысты. Сол аумақты кімнің күтіп-ұстайтыны немесе кімнің меншігінде екені анықталу керек.
Егер адам көшеде немесе тротуарда құлап жарақат алса, жауапкершілік осы аумаққа қызмет көрсететін ұйымға жүктеледі. Өскемен қаласында жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп-ұстау «Таза Өскемен» кәсіпорнына жүктелген (мекенжайы: Пограничная көшесі, 53/2, байланыс телефондары: +7 (7232) 21−57−42 (қабылдау бөлімі), +7 (7232) 53−25−77, +7−777−331−85−36 (диспетчерлік қызмет). Дәл осы ұйым қарды уақтылы тазалауға, жолдарға тайғаққа қарсы материалдар себуге және қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге жауапты.
Егер жарақат тұрғын үй ауласында алынған болса, жауапкершілік аумаққа қызмет көрсететін ұйымға (мысалы, ПИК, МИБ, ҚС) жүктеледі. Ол жаяу жүргіншілер жолдарын, баспалдақтарды және кіреберістерді қоса алғанда, үй маңындағы аумақтың жай-күйін бақылауға міндетті.
Бұдан бөлек, коммерциялық нысандар жеке санатқа жатады. Егер адам дүкеннің, сауда орталығының, дәріхананың немесе басқа да кәсіп нысанының кіреберісінде тайып құласа, жауапкершілік ғимараттың иесіне немесе жалға алушысына тиесілі болады. Олардың міндетіне кіреберісті қар мен мұздан тазалау, арнайы төсеніштерді қою кіреді.
Жарақат алған жағдайда алдымен не істеу керек?
Бірінші кезекте жедел жәрдем шақыру қажет. Медицина қызметкерлері жарақаттың нақты қай жерде алынғанын тіркейді.
Қосымша оқиға орнын фотосуретке түсіру, мүмкін болған жағдайда куәгерлердің байланыс деректерін жазып алу, диагноз бен емдеуді растайтын барлық медициналық құжатты сақтау ұсынылады. Себебі өтемақы алу үшін жарақаттың өзін және оқиға орнын дұрыс тіркеу өте маңызды.
Өтемақыны қалай алуға болады?
Шығынды өндіріп алу үшін жазатайым оқиға болған аумақтың меншік иесіне немесе оған қызмет көрсететін ұйымға жазбаша өтінішпен жүгіну қажет. Онда оқиғаның мән-жайын көрсету, жарақаттың аумақты тиісті деңгейде күтіп-ұстамаумен байланысты екенін дәлелдейтін құжаттарды қоса тіркеу өте маңызды.
Дәлел ретінде медициналық анықтамаларды, фотосуреттерді, дәрігерлер қорытындыларын ұсынуға болады.
Егер ұйым өз жауапкершілігін мойындаса, мәселе сотқа дейінгі тәртіппен шешіледі. Яғни, жәбірленушіге келтірілген зиян үшін өтемақы төленеді. Ал егер қарсы тарап шығынды мойнына алудан бас тартса, сотқа жүгіну керек. Сот тәртібімен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеуді, моральдық зиян үшін өтемақы талап етуге болады.
Келтірілген зиянды өтеуді талап етумен қатар, ұйымды әкімшілік жауапкершілікке тартуға (аумақты тиісінше күтіп-ұстамағаны үшін айыппұл салу) қол жеткізуге болады. Уақтылы жіберілген өтініштер, заңбұзушылықтарды тіркеу және сот шешімдері – бұл тек жеке шығынды өтеудің жолы ғана емес. Осы арқылы жауапты қызметтер мен жеке кәсіпті жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне мұқият қарауға міндеттеуге болады.
Қауіпсіздік ережелерін де ұмытпаңыз...
Өкшесі орнықты, асты бұдырлы, табаны қалың, ыңғайлы, сырғанамайтын аяқ киім киіңіз. Табаны неғұрлым үлкенірек болса, соғұрлым аз тайғанайды.
Қолды қалтаға салмаңыз және қол сөмкені қолыңызғаіліп алмаңыз. Иыққа асатын, тұтқасы ұзын сөмкеден бас тартыңыз, оң және сол жақ қолға ауырлық бірдей болатындай,сөмкені екі қолмен ұстаңыз.
Мұзды айналып өте алмасаңыз, аяқты жерден көтермей, қысқа адымдап жүріңіз. Асықпаңыз. Ғимарат қабырғасына таяу жүрген қауіпті. Өйткені құлағанда қабырғаға соғылуыңыз мүмкін.
Көктайғақ кезінде қарт адамдарға сүйір кертігі бар таяқсыз немесе резеңке ұшы бар троссыз үйден шығуға болмайды. Кәдімгі шаңғы таяқшасын алуға да болады.
Егер ұзын пальто немесе тон киген болсаңыз, көліктен түсетін кезде немесе баспалдақпен түсіп келе жатқанда міндетті түрде киімнің етегін жартылай көтеріп алыңыз.
Кетіп бара жатқан автобустың артынан қуа жөнелмеңіз, аяғыңыз тайып, құлап кетуіңіз мүмкін.
Құлап бара жатқанда иекті кеудеге тартып, қолмен құламауға тырысыңыз. Құлауға шақ қалғаныңызды түсінсеңіз, түгел денемен құламас үшін, отырып үлгеріңіз. Баспен түспес үшін мойын бұлшық етін қатайтыңыз.
Құлағаннан кейін жатып, оймен бүкіл денеңізді шолып шығыңыз. Орныңыздан атып тұруға тырыспаңыз. Жаныңыздағылар да бірден тұрғызып алмасын. Ақырын тұрыңыз.
Көктайғақта электрберіліс желісіне, электр көлігінің байланыс желісі сымына ерекше назар аудару керек. Үзілген сым мен тербелетін заттарға (ағашқа) жоламаңыз.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер