A+ A A-

talgatzhan 34 19-06-2025, 12:30 0

Риддерліктер Катонқарағайда өткен тойда көрме ұйымдастырып, ұлттық спорт түрлерінен үздік шықты

Риддер / ШҚО

«Бәрі Катонқарағайға кетті, бітпейтін жұмысқа байланып үйде отырған біз ғана ма?» дескен кей жұрт ауқымды шарадан шет қалғандарына сан соқты. Себебі, мұнда спорттық сайыстар да, айтыс та, көрме де, концерт те ұйымдастырылды. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты фестивальға алыс-жақын мемлекеттерден меймандар келіп, үш күн бойы думанды сәттің бел ортасында жүрді. Қырғызстан, Өзбекстан, Тыва, Саха, Түркия сынды бауырлас елдерден жеткен өнер жұлдыздары көркем табиғатқа кете-кеткенше тамсанумен болды. Көпшілік жадында әлі ұзақ сақталатын тойға риддерліктер де барған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауқымды конференциядан
ақшаңқан киіз үйлерге дейін
Халықаралық фестиваль өтеді деп әзірлік әр күн, әр сағатта үздіксіз жалғасып жатқанда айтыскер ақындар ғана емес, поэзия үздіктерінің де бас қосатыны айтылды. Осы күндерге орайластырып, қазақтың белгілі қаламгерлері Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханның мерейтойлары да атап өтілді. Ат арытып жеткен эстрада жұлдыздарының жөні бөлек, мақала басында қос қаламгердің шығармашылығына қысқаша тоқталған орынды болар. Себебі, оларды проза шеберлері деп жалпылай білетін жұрт жазған әңгіме, повесьтерін парақтамаған болуы мүмкін. Алысқа бармай-ақ Дидахмет Әшімхан аударған «Теңіз қорқауы» романын сөз етейік. Авторы – американ жазушысы Джек Лондон. Шығарма авторыныың нақты меңзеген ойын, эмоциясын жеткізу – аудармашы үшін біршама биік меже. Мәселен:
«Мен өмірдің жалған екеніне сенемін, – деді ол жұлып алғандай. Иә, жалған, бос әуре екеніне! Ол – мынау өмірді ашытып, божытып, көпіртіп тұратын ашытқы сияқты бірдеңе. Ол бір нәрсені минуттап, сағаттап, жылдап немесе ғасырлап ашыта береді, ашыта береді. Өзінің ашытқысынан айырылып қалмау үшін екі елі балық бір елі балықты жұтады. Өз күшін сақтап қалу үшін күштілер әлсіздерді жейді. Кімге сәті түссе, сол өмірді көбірек сүреді. Бар болғаны осы!». 
Жоғарыда жазылған жолдар Джек Лондонның «Теңіз Қорқауы» романындағы Қорқау Ларсеннің сөзінен үзінді. Әлбетте, айтылған ойлар пессимистік көзқарас екені даусыз. Алайда шындыққа бір табан жақын. Оқиға алаңындағы басты кейіпкер Хэмфри Ван-Вейден мен капитан Ларсен – дүниетаным, тұлғалық тұжырым, табиғи болмыс тұрғысынан екі бөлек полюсте орналасқан жаратылыс иелері.  Бірі отыз жыл бас алмай оқыған кітаптарындағы мораль мен ізгілікке сенсе, екіншісі  адами құндылықтарды айналып өтіп, түпсанадағы тағылық һәм тасбауыр танымды ұстанады. Дегенмен қалың оқырман ойынан шығып, әдеби сыншылар «шығарма философиялық астарын жоғалтпаған» деп баға алған романды аударған – Дидахмет Әшімхан. Ол әрі журналист, жазушы, әрі аудармашы. Катонқарағайдағы халықаралық фестивальге оның жақындары, туған ұлы Дәулет Әшімхан келіп, ауқымды конференцияға қатысты. Қырғызстаннан келген журналист Ақбар Рысқұлов оған дәстүрлі бас киім сыйға тартып, ыстық ықыласын жеткізді.
Қалихан Ысқақ шығармаларында кездескен келісті теңеулер мен сипаттау қазіргі жас жазушылар әңгімелерінен байқалады. Көркем табиғат көрінісін қаз-қалпы, көз алдыңа келтіре бейнелейді. Фестивальда оның туған қызы Самал Ысқақова қонақ болып, ұйымдастырушыларға риясыз ризашылығының жеткізді. Әкесінің құрметіне ауқымды шығармашылық кеш өткізіліп жатқанына көңілі босады. 
Ашық аспан астында 60 ақшаңқан киіз үй тігілді. Алыстан қарағанда ежелгі батырлар заманында қамсыз тірлік кешіп жатқан берекелі ауыл сияқты. Алғашқылардың бірі болып Риддерден апарылған киіз үй көзге ілігеді. Әкімдік өкілдері бұған ай бұрын дайындық бастап, тек киіз үй емес, оның ішіндегі көрнекі заттарға да мән берді. Шара қонағы болған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әрқайсысына кіріп, тамашалап, жан-жақты дайындықпен келген әкімдік өкілдеріне, сондағы қарапайым еңбек адамдарына алғысын білдірді. Барлық дерлік аудан басшысы осы жерге жиналды. Риддер әкімі Думан Рахметқалиев, оның орынбасары Қаныбек Төлеухан да делегация құрамында болып, қала намысын қорғап жатқан спортшылар үшін тақым қысып жүрді.

Аударыспақтағы айқын жеңіс
Қуанарлығы сол, соңғы жылдары бұл жақта өндіріс, туризм, спорт қана алға жылжымай, қазақы рух биіктеп келеді. Осыған дейін ат спортынан спартикада, облыстық жарыстар ұйымдастырылса, риддерліктер ішінен жүлдегер атанғандар есімін сирек естуші едік. Ал бұл жолы тыңғылықты әзірлікпен артынып-тартынып барды. Көкпар спорты да Катонқарағай төрінде жаңғырып, көпті тәнті етті. Мамырдың 13-і күні халықаралық фестивальдің салтанатты ашылуы өтті. Мұнымен қатарласа, серке тартқан тұлғалы жігіттер іріктеу ойындарына қатысып жатты. Фавориттер әдеттегідей, Самар мен Ұлан ауданынан келген командалар. Тарбағатай мен күршімдік палуандар өнері сенімді, бірақ Риддер де мінез көрсетті. Жүлдеге таласатындар қатары белгілі бола бастағанда, аударыспақ сынында жарыс жолына шыққан Еркебұлан Төлеуханов чемпион атанды! Еркін күреспен айналысатын азамат қазір 38 жаста. Риддердегі көптеген спорттық, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүреді. Катонқарағайдағы фестиваль аясында ұйымдастырылған XXIII Халықтық спорт ойындары небір мықтының томағасын сыпырды. Еркебұлан Серікұлы 100 келіден жоғары салмақта сынға түсіп, жолындағысын айқын ұтып, мықтыларға тосқауыл қойды. Бас-аяғы жеті спортшы бақ сынады. Өзінің айтуынша, аударыспақ спорты Риддерде әлі дами қойған жоқ. Дегенмен Бүркіт шыңы етегіндегі сайыста топ жарғаны үшін Құдайға мың да бір шүкір деді.
Көкпар уақыт өткен сайын қыза түсті. Қанат Биқатов бастаған самарлық жігіттер финалға дейін аптықпай жетті. Палуандар дені Көкжота мен Бастаушы ауылдарынан. Ұландықтардың да айдарынан жел есті. Аға буын өкілдерінен бөлек, жастар легі жердегі серкені жұлып әкетіп жатты. Екі аудан жігіттері финалда жолықты. Шамалары тең, команда мүшелері шеберлік тұрғысынан да қарайлас болғанмен, соңғы салымды ұландықтар салып, чемпион атанды. Бұл уақытта Риддер көкпар командасы қоржындарын қоламен толтырып, алдағы уақытта фавориттерге лайықты қарсылас атана алатындарын көрсетті.
Топ бәйге де облыстың әр түкпірінен келген жүйріктерді бір жерге топтады. Арасында кеуделі, кесек аттар да аз емес. Соңғы жылдары жүйрік баптауға мән беріп жүрген әрі Риддердегі ат клубының жетекшісі Екатерина Худякова өзі жаратқан жүйріктерін облыстық деңгейдегі сайыстарға қатыстырып жүр. Катонқарағайға да барды. Айтуынша, 15 шақырымдық топ бәйгеде бас-аяғы 33 шабандоз сөреге тізілді. Жергілікті аттардан бөлек, Күршім, Тарбағатай, Зайсаннан әкелінген қылқұйрықтылар жүлдеден үмітті болды. Екатерина Худякованың сөзінше, мұндай бәсекелестік тұрғанда жүлде алу өте қиын.
 – Иә, алғашқы үштікке енеміз дегенге қатты дәмеленбедік. Қарсыластар таза қанды тұлпарларын әкелген. Бірақ мен ылғи: «Маған орын алғаннан гөрі атымның мәре сызығын аман-есен кесіп өткені маңызды» деп айтамын. Жокей де жарақат алмауы тиіс. Қызығы сол, бізге «31» деген реттік нөмір түсті. Былтыр Зайсандағы Халықтық спорт ойындарында да осылай болған еді. Катонқарағайда 33 аттың ішінде 28-і толық айналымға шыдамай, жарыс жолынан шығып қалды. Біз өткен жылдағыдай бесінші болып кестік мәре сызығын. Иә, жүлдеге ілікпедік, бірақ осыған да ризамыз, – деді ат клубының жетекшісі.

Сахалық мейманға сахнадағы тарту
Үш күнге созылған халықаралық фестиваль аяқталған соң қала әкімі Думан Рахметқалиев шараны қорытындылап, бәріне алғысын жеткізді. Киіз үйдегі керемет бұйымдар, кеншілер қаласынан барған кәсіпкерлер өнімі ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
 – Киіз үй іші балалар көркемсурет мектебі тәрбиеленушілерінің шығармаларымен, сондай-ақ ұлы Абай мен оның замандастарының портреттерімен безендірілді. Қонақтар Риддер қалалық мұражайының сирек кездесетін минералдарынан құралған топтамасына ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ фестиваль аясында риддерлік кәсіпкердің өнімі қойылып, қаланың шағын және орта бизнес әлеуеті көрсетілді. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысу – өңіріміздің мәдени мұрасын насихаттап, туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деді Думан Есдәулетұлы.
Иә, Риддер қалалық тарихи-өлкетану музейінде көпшілік қызығып, көздің жауын алар құнды жәдігер жетерлік. Шетелдіктер келіп, кейбір экспонатқа кәдімгідей бауыр басып қалғандары жасырын емес. 
Ал «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты фестиваль аясында Құралай Мейрамбек, Қобыланды Болат, Әмре сияқты танымал әншілер, «Мұзарт», «Тұран», «Абырой» тобы өнер көрсетті. Бауырлас ел өнерпаздары да аянып қалмады. Шара барысында аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов Саха елінен келген ең кішкентай өнерпаз Архан Уйгуға домбыра сыйлады. Жеті жастағы өнерпаз «Домбыра» әнімен танымал. Ал осындай торқалы тойдың куәсі атануды көптен бері көңілі қалап жүрген ауыл тұрғындары орын таппағанның өзінде, малдас құрып отырып мәре-сәре болды. Әсіресе, ақындар айтысы мәдени шараның шарықтау шегі іспетті, сондағы жұрттың бірі де қалмай тамашалады. Мұнда финалда қарағандылық Дидар Қамиев пен Ақсуат ауданының тумасы Рүстем Қайыртайұлы жолықты. Көтерген тақырыптары әралуан, бірақ қазылар Қамиевті жеңімпаз деп таныды. Жалпы, нәтиже төмендегідей:
Бас жүлде – Дидар Қамиев (Қарағанды облысы)
1-ші орын – Рүстем Қайыртайұлы (Абай облысы)
2-ші орын – Жансая Мусина (БҚО)
3-ші орын – Нұрмат Мансұров (Қызылорда облысы), Серік Қуанған (ШҚО)
Облыс әкімдігінің қолдауы және жергілікті кәсіпкерлер есебінен қолға алынған мәдени-спорттық шараға 10 мың адам жиналды. Барлығы дерлік ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды. Бауырлас ел жұрты да марқайып қайтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет Риддер әкімдігінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив