Қала әкімі Алмат Ақышов аулалардағы автотұрақтарды кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала әкімінің сөзінше, биыл Өскеменде алғаш рет көпқабатты тұрғын үйлер аулаларындағы автотұрақтарды кеңейту жобасы қолға алынған. Бүгінде атқарылған жұмыстардың тиімділігі сараланып, тұрғындардың пікірі зерттелуде. Бұл алдағы уақытта жобаны жалғастыру мүмкіндігін анықтауға көмектеседі.
Атап айтқанда, қосымша автотұрақ орындарын дайындау жұмыстары Буров көшесіндегі №37 және №39 үйлердің маңында жүргізілген.
Сондай-ақ қала әкімі Буров көшесіндегі №27/1 және №27/2 үйлері жанындағы автотұрақтарды кеңейту жұмыстарымен танысты.
Тексеру барысында кейбір көлік иесінің ортақ пайдаланылатын аумақты қоршап алып, оны жеке автотұрақ ретінде пайдаланып жүргені анықталған.
Сонымен қатар жақында Буров көшесі мен оған жақын орналасқан бірнеше көшеде шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Пікірлер