Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының «Жылды жақсылықпен баста» акциясы аясында Ұлан ауданының «Балалар музыкалық мектебі» КМҚК «Қарттарым аман-саумысың» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс орталығындағы «Қамқор» қарттар үйінің төрінде ұландық жас өнерпаздар мен ұстаздар аға буынға арнап ән мен күйден шашу шашты.
- Қазақ ежелден қарияның қадірін біліп, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тегін айтпаған. Бүгін Ұлан ауданындағы Балалар музыка мектебінің өнерпаздары және облыстық ақсақалдар алқасы, аналар кеңесінен, әжелер алқасынан, сондай-ақ іскер әйелдер қауымдастығынан қонақтар келіп, қарттарымыз үшін қайырымдылық шарасын өткіздік, - деді музыка мектебінің директоры Бақытжан Аханова.
Концертте «Ұлан сазы» ансамблі, «Сырлы саз» жетігеншілер ансамблі, «Ұстаздар» вокалды ансамблі, «Көркем» ансамблі өз өнерлерін көрсетті. Қазыналы қарттарға арнап жыр шумақтары оқылып, түрлі музыкалық ойындар да ойнатылды.
Сондай-ақ шараға Ұлан ауданының ардагерлер, әжелер, аналар кеңестерінің мүшелері, Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты.
Пікірлер