
Балалардың 70 пайызында майтабандық бар — травматолог-ортопед
Көпшілік майтабандықты ауру ретінде қарамайды, аяқтағы өзгеріске мән бермей жүре береді. Алайда, оның денсаулыққа зияны орасан, тірек-қимыл аппаратының қалыпты жұмысы бұзуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Петропавлдағы № 3 қалалық емхананың травматолог-ортопеді Асылжан Төленбек аурудың салдары, алдын алу жолдары туралы айтып берді.
— Соңғы кезде майтабан дегенді жиі естиміз. Бұл қандай ауру? Қандай белгілері бар?
— Майтабандық — ортопедиялық патология. Табан буынының бойлық бөлігінен көлденең бөлігі, яғни бақайлардың төмен түсуі. Жас ұлғайған сайын ересек адамдарда болуы қалыпты, ол физиологиялық ерекшелік.
Ауру белгілері жалпы көзге көрініп тұрады. Майтабандықтың белгісі — балалардың аяқ киімдерінің ішкі жағының қажалуы, балалар мен жасөспірімдердің, бозбалалардың кешкі уақытта тізе буынының ауырсынуы.
— Несімен қауіпті? Денсаулыққа қалай әсер етеді?
— Егер де балада майтабандық болса, бірінші кезекте тізе және жамбас буыны өзгеріске ұшырайды, бұл омыртқаға әсер етіп, сколиозға — омыртқаның қисаюына әкеледі.
— Майтабандықпен кімдер ауырады? Туабітті дерт пе, әлде жүре пайда бола ма?
— Майтабандықтың екі түрі бар, туа бітті және жүре келе пайда болатын майтабандық. Екіншісінде балаға дұрыс аяқ киім кигізбеуден, артық салмақтан пайда болады.
Қазіргі уақытта біз емхана тарапынан балалардағы хирургиялық және ортопедиялық патологияларды өткізіп алмас үшін кешенді түрде мектептерге тексеруге барамыз, кәсіби тексеріске. Барған кезде балалардың 60-70% майтабандық белгілері бар екенін көріп отырмын. Қазіргі уақытта менде диспансерлік есепте тұрған науқастар саны өте көп.
— Неліктен майтабанмен ауыратындар саны артып отыр?
— Салыстырмалы түрде айтар болсам, солтүстікте оңтүстік өңірлермен салыстырғанда майтабандық жоғары. Күн шуағының аздығы, салдарынан В дәруменінің жеткіліксіздігі, кейде рахиттік майтабандыққа әкеледі.
Қазіргі кезде балаларда ғана емес, тіпті ересек адамдарда да майтабандық саны артып отыр. Оған бүгінгі нарықтағы сапасыз аяқ киім, оны дұрыс таңдамау және мектеп жасындағы балалар қимыл-қозғалысының аздығы себеп. Балалардың гаджеттерде — ұялы телефон, компьютерлерде ұзақ уақыт бойы отыруынан бұлшық еттері дұрыс дамымайды, әлсіз болады.
Ата-аналардың майтабандық туралы ақпараты аз, ертеңгі салдарына мән бермейді. Баланың аяқ басуындағы ауытқушылықты көрсе де, елемейді. 3-5 жас аралығында бала аяқ киімінің дұрыс болғаны маңызды. Ортопедиялық аяқ киім, ұлтарақ туралы ұмытпау керек. Міндетті түрде қымбатқа мамандандырылған дүкеннен алу қажет емес. Дүкендерде де талапқа сай аяқ киім жеткілікті, таңдай білу қажет.
Денсаулыққа ең қолайлы аяқ киімнің өкшесі 3-5 см аспауы қажет. Одан төмен не биік болса — аяққа кері әсер етеді.
Тексеріс барысында 12 жасқа дейінгі балаларда майтабандық белгілері өте жоғары екендігіне көз жеткіздік. Ал жоғары сынып оқушыларында бұл аурудың салдары бар, яғни көбінде сколиозды анықтадық.
— Қай уақытта және қандай жағдайда ата-ана баласын ортопед маманға көрсеткен жөн?
— Бала өмірге келгеніне бір ай толысымен ортопед маманға көрсету керек, кейін үш, алты ай болғанда және бір жаста дәрігерге көрсеткен жөн.
Бір жастан асқаннан кейін бала жүріп бастаған кезде ортопед маманның кеңесіне келу керек. Бұдан бөлек тірек-қимыл жүйесінде ауытқу болса, бала ішке қарай немесе керісінше сыртқа басса, өкшеге толық баспай бақаймен жүрсе, ортопед дәрігерге көрсету қажет. Плантограф деген аппарат бар, соған түсіру арқылы диагноз қойылады.
— Бұл ауру емделе ме?
— Майтабандықты емдеу екі түрлі жолмен жүзеге асырылады: хирургиялық, яғни ота жасау арқылы және кешенді емдеу, ол емдеу-сауықтыру орталықтарында жүргізіледі. Ол үшін ең алдымен тұрғылықты мекенжай бойынша ортопед маманға барып көрінген дұрыс.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер