
БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысымен 1956 жылдан бері 20 қараша — Бүкіләлемдік бала күні ретінде аталып өтеді. Ал 1959 жылы дәл осы күні «Балалар құқықтары туралы декларация», 1989 жылы «Балалар құқықтары туралы конвенция» бекітілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған бұл мереке көптеген елде Педиатр күнімен қатар тойланады. Педиатр — бала дүниеге келген сәттен бастап оның денсаулығын қорғауға жауапты маман. Сондықтан бұл екі мереке қатар аталып өтеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда 6,8 млн астам бала тұрады, яғни әрбір үшінші азамат — бала. Олардың үштен бірі немесе 2,4 млн-ы — 5 жасқа дейінгі сәби.
«Жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді, оның ішінде 1,5 млн-ға жуық бала — Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғыны. Соңғы 15 жылдың ішінде (2008 жылдан 2023 жылға дейін) Қазақстанда нәресте өлім-жітімі 3 есе, неонаталдық өлім 3,3 есе төмендеді, ал дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Бұл нәтижелер Орталық Азия елдерінің арасында үздік болып саналады», — деп жазылған министрліктің агенттік тілшісіне берген жауабында.
Елімізде заманауи құралдармен жабдықталған, жоғары мамандандырылған кешенді көмек көрсету үшін 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Президент тапсырмасы аясында, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, биыл С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 17 жылдан кейін алғаш рет педиатр дәрігерлер диплом алып шықты. Интернатураны бітіргені туралы дипломды 132 маман алды.
Денсаулық сақтау жүйесінде педиатрия балалардағы ауруларды ерте анықтау мен емдеуді, профилактика мен вакцинациялауды, даму мен өсуді бақылауды, ата-аналарды қолдауды және балалар өлімін азайтуда шешуші рөл атқарады.
Еске сала кетсек, 2006 жылы Қазақстанда медициналық білім берудің жаңа стандартына байланысты педиатрия мамандығы жабылған еді. Бұл шешімге сәйкес, «педиатрия» жеке мамандық ретінде таратылып, оның орнына 5 жылдық бакалавриат және 2 жылдық интернатура негізіндегі «жалпы медицина» бағдарламасы енгізілді. 2007 жылдан бастап медициналық оқу орындары педиатрия факультетіне жаңа студенттерді қабылдауды тоқтатты. Бұл өзгеріс елдегі педиатриялық кадрлардың тапшылығын тудырды.
2018 жылы педиатрия мамандығы қайта енгізіліп, жаңа білім беру бағдарламасы аясында педиатрларды дайындау қайта жанданды. Осыдан кейін алғашқы сертификатталған педиатр мамандары 2023 жылы оқуын аяқтады, бұл саладағы кадр тапшылығын біртіндеп жоюға мүмкіндік туғыза бастады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау да — мемлекет үшін басым міндеттердің бірі болып қала бермек. Биылғы маусым айында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң күшіне енді, онда балаларға жасаған зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын 70-тен астам түзету енгізілген.
Сондай-ақ, ҚР Конституциясында, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңда, «Білім туралы» заңда, «Неке және отбасы туралы» кодексте, «Денсаулық сақтау туралы» кодексте балалардың құқықтары мен мүдделері арнайы қарастырылған.
Айта кетсек, Қазақстандағы облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қызмет етеді. Бұған дейін олардың байланыс нөмірлері жарияланды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер