A+ A A-

talgatzhan 2 10-06-2025, 16:00 0

Алты тіл білетін ақтаулық жігіт Өскеменде аударма ісіне өз үлесін қосуға ниетті

ШҚО

Тіл білудің артықшылығы қазіргі қоғамда ғана емес, орта ғасырларда, одан ертеректе де талай құнды еңбектердің жазылып, әдебиет пен мәдениеттің өрлеуіне негіз болды. Шет тілдерін меңгеру шексіз мүмкіндіктер қақпасын ашады. Тарихқа көз жүгіртсек, Алаш зиялыларының ішінде 5 тілден артық білген қайраткерлер аз емес-тін. Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов, Нәзір Төреқұлов және тағы басқасы. Қазір де полиглот адамдар баршылық. Солардың бірі Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада жұмыс істейтін Алмас Асқарұлы. Алты білетін Ақтау қаласының тумасы ізденісін әлі тоқтатпады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Түркі тілдерін тез үйренді
Кейде мақалаға арқау болар ерекше кейіпкерді алыстан, әлдебір ортадан іздеп, таныстарымыздан сұрастырып жатамыз. Шынтуайтында түрлі тақырып табан астында, дарыны мен қабілеті айрықша адамдар іргемізде жүреді. Орталықтандырылған қалалық кітапханаға жиі барамыз. Сонда өтетін шаралар, ресми жиналыстар немесе рухани азық алу үшін көркем-әдеби кітаптар алу қажеттілігі туындайды. Қазір аталған мекемеде тіл үйретудің түрлі курсы бар. Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін де осы жерден кезіктіруге болады. Бір айта кетерлігі, Алмастың дауыс ырғағы да назар аудартпай қоймады. Әлдебір дикторлардан аумайды: жуан, қанық, әр сөзі анық естіледі. Балалық шағы Ақтау қаласында өтті. Ол жақтың климаты Өскемендегідей емес, біршама ыстық. Бірақ әсем шаһар, талай тұлға түлеп ұшқан киелі топырақ. 
 – Кішкентай кезімде басқа балалар сияқты ғарышкер, ұшқыш болуды армандадым. Одан бөлек, рухани әлем мен тарихқа қызығушылығым ерекше еді. Алаңсыз асыр салған шағымда археолог та болсам дейтінмін. Жалпы, туыс-туғандарымның арасында менен басқа көп тіл білетіндер жоқ деп ойлаймын. Дегенмен әр қазақстандық азамат кемі екі тіл біледі. Отбасымда да солай, – деді Алмас. 
Кейіпкеріміздің әке-шешесі кеңес өкіметі кезінде Түркіменстанда туған. Анасы түркімен тілін әжептәуір біледі. Жалпы, ол жақта Ташауз бен Красноводск облыстарында қазақтар көп тұрады. Шаржау облысында қазақ ауылдары бар. Қош, тақырыпқа оралайық. Полиглот кітапханашы қазір Өскемендегі Қазақстан американдық еркін университетінде «Екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Әңгіме барысында болмысынан пысық-ширақ, мінезді жігіт екенін аңғардық. Жұмысқа да ерте араласқан. 
– Кәмелетке толған соң Ақтау қаласында құтқарушы болып алғаш жұмысқа кірдім. Жаз мезгілінде суға шомылатындар көбейеді. «Лагуна» деген аквапарк бар. Сол жерде біраз өмірлік тәжірибе жинадым, – деді ақтаулық жігіт. 
Шығыс Қазақстанға 2022-ші жылдың қыркүйегінде келген. Арманы мен білімін ескек етіп, Алтай топырағында өмірінің кезекті сатысына көтерілді. Өзінің айтуынша, ең алғаш түркі тілдерін үйренді. Өзіндік қиындығы және оның үйренудің тиімді тұстары жоқ емес. Әлемде 20-ға түркі тілі бар көрінеді. Соның бәрін бір уақытта үйренуге тырысты. Дегенмен түркі және түркімен тілдерінде емін-еркін сөйлеп, жаһандағы өзгерісті зерделеп, заман ағымына ілесудегі алғашқы қадамын сенімді жасады. 
– Бала кезімде ата-анаммен Түркіменстанға жиі барып тұратынбыз. Сол халықтың арасында жүріп, өмір барысын зерттеп көргендіктен бе – үйрену аса қатты қиындық келтірмеді. Керісінше, өте қызық болды. Қазір сол түркіменше сұхбаттасып, емін-еркін сөйлей аламын деуге болады. Негізінде көп тіл білудегі нақты бір мақсат жоқ менде. Оны былай сипаттап көрейін: әр халықты жақсы танып-білу үшін оның ана тілінде сөйлеу керемет әдіс, – деді Алмас. 
Тіл үйренемін деп, оны орта жолдан тастап кетіп жатқандар да аз емес. Алмас Асқарұлы мұндай жағдай қалыпты құбылыс, оны реттеудің әдістері бар екенін жеткізді. Қысқасы, тіл үйренуден түрлі тәсілі бар. Бірақ әр адамның қабылдау өресі мен икемі бөлек. Бірінің қолданған амалы басқасына өтпейді. Ең бастысы сол, қай тілді үйренгің келеді, өзіңді сол тілмен қоршау керек. Ол қалай? Сәйкес контент, видео көріп, барынша сол тілде ойлауға тырысқан жөн. Жан-дүниең сонымен үнемі байланысып тұруы қажет. 
– Қазір мен алты тілемін. Нақты айтсақ: қазақ, ағылшын, түрік, әзірбайжан, түркімен және орыс тілдері. Бұдан бөлек, парсы тілін көп-көрім үйреніп қалдым. Ираннан көшіп келген қандасымыз үйреткен еді. Алыс ағайыным десек те болады. Бүгінде парсы тілінде жаза аламын, оқи аламын және аздап А1, А2 деңгейде сұхбаттаса аламын. Украин тілінде жақсы сөйлеймін. Менің ойымша, әр адам қандай да бір славян тілін білсе, ары кетсе жарты жыл ішінде украин тілінде сөйлеп кетеді, – деді полиглот кітапханашы.

«Өзге тілді құрметте, өз тіліңді біл»
Кейбірін үйрену шынымен де қиын. Бірақ ниет пен алғырлық қабысса, бір апта ішінде жақындарыңды таң қалдыруға болады екен. Мәселен, әзірбайжан тілі қазақ тілімен етене ұқсас болмаса да, жылдам меңгеруге мүмкіндік бар. Нақты қанша уақытта екені сол адамға байланысты. Кейіпкеріміз өткен жылы Әзірбайжанға алғаш рет барды. Оған дейін жергілікті халық сөзін еміс-еміс түсініп жүрді, бірақ тереңіне бойлау қиындау еді. 
– Түркі тіліне біршама ұқсайды. Егер қазақ тілі немесе қандай да бір түркі тілін білсеңіз, әзірбайжан жұртымен тез-ақ түсінісіп кетесіз. Ол жақтың тұрғындары көбінесе өз ана тілінде, кейбірі ағылшынша сөйлейді. Сондай ортада жеті күн жүргендіктен бе, әзірбайжан тілін соншалық тез үйренгенімді өзім де түсінбей қалдым. Бір қарасам, жергілікті тұрғынға ойымды анық жеткізіп тұр екенмін, – деді Алмас. 
Сонда бұл межені тасып жатқан білім емес, басқа тілдерді үйрену арқылы қалыптасқан дағды негізінде бағындыруға болады. Бастысы, Алмас өзі салып келе жатқан соқпақпен сенімді келе жатыр. Түркі мемлекеттеріне барса, сол ұлттың мәдениетін, дәстүрін өз өресінде бағамдап, қайнаған тірлікке араласып кете алады. Ал қазір ол Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада жарнама жағынан көмекші. Түрлі видеолар түсіреді, оқырманды мекеме жұмысымен таныстырады. Одан бөлек, кітапханашы-аудармашы міндетін де атқарады. Мынаны қараңыз, аталған руханият ордасында алдағы уақытта шет елдік кітаптарды қазақ тіліне немесе қазақ тіліндегі еңбектерді өзге ел тілдеріне аудару жағы қарастырылып жатыр. Алмас та бұл бастамаға өз үлесін қосуға әзір.
Әңгіме барысында алты тіл білемін деді кейіпкеріміз. Одан «Шет тілдерін үйрене жүріп, қазақ тілін ақсатып алу, күнделікті өмірде оның рөлін төмендетіп алу қаупі жоқ па?» деп сұрадық. Ақтаулық жігіт бұған көп ойланбастан жауап берді.
– Kazakh Grammar парақшасында «Өзге тілді құрметте, өз тіліңді біл» деп жазылған. Яғни, адам баласы өз ұлтын сүйіп, тек сол тілде сөйлесе, оны алтын қазық қылып бекітіп алады. Құрметтеу аздық етеді, білуі тиіс. Бабаларымыз «Тілі құрыған елдің өзі де құриды» деп бекер айтпаған. Өз басым өзге тілдерді үйрену арқылы қазақ тілін одан әрі терең меңгеруге мүмкіндік алдым. Бір жағынан басқа тілде таза сөйлеуге тырысу арқылы мемлекеттік тіл мәртебесін төмендетіп алмауға тырысасың, – деді Алмас Асқарұлы.
Мақала кейіпкерінің отбасы мен жақындары түгелдей Маңғыстау облысында. Батыс өңірінен Шығысқа мыңдаған шақырым жол жүріп келген жігіттің Өскеменде туысы жоқ болса да, өндірісті қаладағы өмірі білім, ізденіспен өріліп келеді. Қазіргі жетістігімен қоса, қытай тілін үйренгісі келеді. Себебі, оның қолданыс аясы әлем бойынша кеңейе түскен. Еуропалық тілдер де жоспарда бар. 
– Қай ел дамып жатыр, сол жақтың тілін меңгеріп, технологиясымен жақын танысқым келеді. Роман тіліне жататын испан, итальян, португал, онымен қоса неміс тілін меңгеруді күн тәртібіне қойдым. Парсы тілін үйрену арқылы арабша ұға бастадым, – деді ізденіс үстіндегі кейіпкеріміз.
Осымен тәмам ба деп едік, Алмастың талап құсы әлі де шартарапты шарлап бітпепті. Ерте замандағы көне грек, латын тілдеріне қызығушылық танытып отыр. «Толық үйренбесем де, орташа деңгейге жеткізгім келеді» деген құлшынысын жасырмады. Жоғарыда Алаш зиялыларын мысал етуіміз бекерден емес. XX-шы ғасыр текпіні мен идеология екпіні өз алдына, қазақ ұлтында білімі де, мінезді арда азаматтар аз болмаған. Алмас Асқарұлы да бойындағы қабілетімен маңызы мол істер атқарады деп сенеміз. 
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив