A+ A A-

talgatzhan 56 17-10-2024, 09:42 0

Ұлан ауданында өткен дәстүрлі «Шығыс Салбурыны» фестивалі биыл несімен есте қалды?

ШҚО / Ұлан / Басты

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған құсбегілер кезекті рет шығыс жерінде бас қосты. Биылғы той бұрынғыдан өзгеше. Бозанбай ауылының іргесіндегі «Бүркіт төбеде» отызға тарта ақ шаңқан киіз үй құрылды. Іші мен сырты ән мен күйге бөленіп, жазықта қазақтың төл ойындарынан дүбірлі дода өтті. Жаһандық дегеніміз сол, осы жылы шет елдерден де құсбегілер атізін салды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Текті өнерді түлеткендер 
Қазақ даласы – құсбегіліктің қайнар көзі. Текті өнерді насихаттап, қазақтың сайын даласында саятшылықты серік еткен жандар жыл санап артып келеді. Биыл төртінші рет өткізілген шараның ауқымы да кеңейген. Астанада өткен, төрткүл дүние көз тіккен Көшпенділер ойынының жалғасы іспеттес бұл дода. Содан болар шетелдік туристер де, құсбегілер де көзге жиі ұшырасып жатты.  
– Құсбегілікке қызығып, шәулі қырандарды жаратып жүргеніме биыл міне жеті жылдан асты. Ал қазақ жерінде өтетін «Салбурын» сайысына екінші рет қатысып тұрмын. Қазақстанда құсбегілік өнер дамыған, бүгінгі сайыс соның көрінісі. Бұл жерде тек жарыс емес, түрлі елдің тілі мен ділі сабақтасып жатыр, сол қуантады, – деді Мажарстаннан келген Сабо Гергали. 
Бүркіт төбенің маңында киелі құстың саңқылдаған дауысы естіліп, иесінің қиқу салған сәтінде, тұла бойың шымырлап, еркіндік пен тектілік бір арнаға тоғысқан тұста қазақтың төл өнеріне тәнті боласың. Еркін құсты еркіне көндіру оңай емес. Оған қажырлы еңбек, қайтпас қайсар мінез, құстың жан дүниесі мен бабын меңгеруің керек. 
– Көзімді ашқалы қыран құсты серік етіп келемін. Құсты баптау оңай емес, әр мезгілде бабы әртүрлі. Мәселен, көктемде құсты түлекке отырғызғанда ескі жүні түсіп, жаңасы өсіп шығады. Жақсы күтім көрген құс күзге дейін семіріп болады. Қыс түскенше бір ай «сарыбөртпе» бересің. Кейін қолға шақырып үйретесің. Егер қайта түлеп жатса, жемін молайтып, кейде тіпті бүтін сүйек беруге болады. «Тоқ бүркіт түлкі алмайды» деген сөз бар, сол үшін жемі мен дайындығы бір қалыпта болуы шарт. Бабы келіскен құстың аңшылық маусымында майы ысылып, қара еті қалады. Бұл бабы келісіп, нағыз жарап тұрған уағы, – деді зайсандық құсбегі Төлепберген Ақымбек.  Салбурынға биыл 6 мемлекеттен құсбегілер келген. Дегенмен жарыста топ жарғандары жоқ. Себебі сол, шекарадан қыран құстың кез-келген түрін алып өтуге тыйым салынған, ауы мен бауы көп екен. Қазір бұл мәселені шешу үшін жасалып жатқан шаралар аз емес көрінеді. Көшпенділер ойындарында да шетелдік спортшылардың әттеген-айы осы болған. 

 Ақбоз үй Һәм болар елдің балалары 
Алты елден құсбегі келсе, бұл ойынды көруге жеті елден туристер келген. Осы тұста туристерді қалай қызықтырдық, бүркітшілер фестивалі несімен есте қалмақ деген сұрақ туады. Алдымен шараның айтарлықтай ауқымды өткенін басшылыққа аламыз. Әр аудан тіккен киіз үйлердің сырты бір болғанымен, ішіндегі тіршілігі әртүрлі. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, оң қолынан өнер тамған шығысқазақстандық шеберлердің туындылары құсбегілер тойында жоғары бағаланды. Қысы ұзақ Шығыс жерінің тұрғындары жаймада сатылған саптама етік пен түйе жүнді малақай, қолғаптарды жарыса алды. Күзді күннің сары қымызынан ұрттап қойып, құрт пен жентті ұртына салып, киіз үйді аралап жүрген жастар көп болды. Бұл көрініске шетелдік жиһангерлер ерекше ризашылық танытып жатты. Тіпті кей киіз үйлерден оларға сыбағасын беріп, асатып жатқандар да табылды. 
– Қазақ ұлтының шетелдік туристерді жылы қабылдауы, даланың суықтығын ұмыттырып жіберді. Бұл жерде көп нәрсе ерекше, біз үшін бәрі таңсық. Адамдардың ашық-жарқын мінезі, түрлі ұлттық ойындар, аста-төк тамақ, аспаптардың әуелеген үні, біз бұрын-соңды көрмеген құмай тазы мен қыран құс жадымызда мәңгі сақталатыны анық. Біз қазақ жеріне тегіннен келмедік, «Шығыс Салбурыны» фестивалін өз блогымызға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайтын боламыз. Бұны көрген оқырмандарымыз қазақы тұрмысқа қызығушылық танытатыны анық, – дейді Германиядан келген жұп Денис пен Тереза. 
Иә шетелдік туристерді бірден танығың келсе, қолындағы камераға қара. Фестивалдің әр қызығын тамашалап қоймай, бірден бейне естелікке сақтап, түсірген сайын бір-біріне марқайып қарайды қонақтар. Олар үшін ең қызығы – құс көтеріп, тазы ерткен бүлдіршіндер еді. Бүркітшілер сайысында бағын сынаған ең жас қатысушы небәрі бес жаста. Туристердің айтуынша, өзі жыртқыш, әрі алып құсты жастайынан қолға бағындыру үшін қандай бар бір тектілік болуы керек. Құсбегілік – қыран болмысты қазақтың қанында бар, бұған салбурында сайысқа түскен балалар дәлел. 
– Құсбегілікті маған әкем үйретті. Қазір жасым бесте. Құсты баптап, жаныма серік еткеніме бір жыл болды. Бұл менің алғашқы жарысым. Құсбегілік өнері маған ұнайды. Құсты ұшырып, оны қолға қондырып, жем-суын бере аламын. Әкеммен бірге кейде аңшылыққа да шығамыз, – дейді Нұрасыл Бақытбекұлы. 
Ең жас құсбегінің әкесі де бұл сайыста бағын сынады. Ол Ұлан ауданының орталығында балаларды құсбегілікке баулиды. Бақытбек Мәуленнің айтуынша, құс баптау баланы тек физикалық тұрғыдан шынықтырып қана қоймай, қырағылық пен шыдамдылыққа үйретеді. 

Асау үйретіліп, шырға тартылды 
Бүркітшілер тойында сайыстың басқа түрлері де ұйымдастырылды. Фестивальде асау үйретіліп, тазы жарыстырып, шырға тартылды. Додаға түрлі өңірден әкелінген 40 қазақы құмай тазы және 10 күшік тазы қатысты.   
– Бүгінгі сайысқа Павлодар облысынан төрт тазы алып келдік, соның екеуін өзім баптадым. Шырға тарту жарысында «Томпақ» атты құмай тазым үшінші орын алды. Жасы төртте, бұған дейін республикалық жарыстың чемпионы атанған, Павлодар облысында өтетін шырға тарту жарысынан жүлделі орындар алып жүр. Тазы баптау – үлкен өнер. Біз әдетте жарысты ұтады-ау деген тазыны тұқымына қарап таңдаймыз. Кейін оны жарысқа баптап, нағыз ұшқыр тазы қылып шығарамыз, – деді итбегі Дәурен Көптілеуов. 
Бүркітті қолға шақырып, жүйрік тазыларды жарыстырып, шырға тартылып біткен тұста тағы бір атаулы дода басталды. Бұл жолы жануардан бөлек ерлердің ептілігі мен батылдығы сынға түсті. Асауға тұсау болатын, жүген-құрық тимеген жүйрікті ауыздықтау үшін жергілікті атбегілер Бүркіт төбенің маңына жиналды. Салбурында ат құлағында ойнайтын тақымы тастай жігіттер үш асауды үйретіп көрді. 
– Шапшаң қимылдайтын, ебі бар шебер ғана атты ауыздықтай алады. Бұл да бір үлкен өнер. Асауды ес білгелі үйретіп жүрміз, бала күнде күзелген жабағыны ырқымызға көндірсек, бүгінде бір асауды 3-4 күнде үйретемін. Оны ауыздықтау атқа емес, адамға байланысты, – дейді атбегі Мандат Ақжол.

Бабы мен бағы жанғандар 
Шырайлы Шығыстың сайын даласында дәстүрлі түрде өтетін «Шығыс Салбурыны» додасы биыл осылай қорытыланды. Халықаралық фестивальде «Құсбегілік» Федерациясының президенті Берік Уәли бой көрсетіп, жарыс деңгейі жыл санап артып келе жатқанын айтты.  
– «Шығыс Салбурыны» бүркітшілер фестивалінің деңгейі де, жағрафиясы да жыл санап артып, кеңейіп келеді. Бір ай бұрын елімізде Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Дәл осы ойынның арқасында құсбегілік өнер шетелдіктердің назарын аудартты. «Шығыс салбурыны» – көшпенділер ойындарынан кейін болып жатқан алғашқы жарыс. Бес елден бүркітшілер келді. Ауа райының күрт суытқанына қарамастан, бес мыңға жуық адам осы көріністі тамашалауға жиналыпты. Біз құсбегілердің атынан, фестивальді ұйымдастырғаны үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне, өңір басшысына алғыс айтамыз. Ел Президенті Көшпенділер ойындарын «Көшпенділер олимпиадасы» деп атады, шын мәнінде бұл олимпиадалық спорт өнері десек болады, – деді Берік Уәли. 
Бүркітшілер тойының ең жарқын сәті – қазақтың құсбегілік өнерін жаһан жұртына танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызына пәтер кілтін табыстау еді. Айта кетейік, Салбурынға жиналған шетелдік туристердің басым бөлігі дәл осы Айшолпан үшін шетел асып, қолдауға келген. Елдегі туризм саласының артуына үлкен септігін тигізген бұрымды қандай мадаққа болсын лайықты. 
Фестивальге қатысып, үздік шапқан әрбір спортшы мадақ-марапаттан құр алақан қалмады. Жарыстың қортындысында бүркіт салудан бірінші орынды Жетісу облысынан келген құсбегі Сәлімхан Ерғазыұлы иеленді. Ал елордалық Күнтуған Серікбек екінші орынға жайғасты. Үшінші орынды ақмолалық Ерлан Кенжетаев пен Алматы облысының құсбегісі Олжас Бердімұрат өзара бөлісті. Қаршыға сайысы бойынша бірінші орын астаналық Ерасыл Серікбекұлы алды. Екінші орынды Алматы облысынан келген Ермұхан Бәйетбай алса, Жамбыл облысының құсбегілері Жамбырбек Бердияр мен Бабажан Берікболсын үздік үштікті түйіндеді. Сұңқар мен ителгі салудан қарағандылық Таңат Оспанқұлов тұғырдың ең биігіне жайғасты.
 Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Фотосуреттер автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив