A+ A A-

talgatzhan 8 Бүгін, 21:30 0

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ лондондық ЖОО-мен меморандумға қол қойды

ШҚО / Бүгін

Лондонда Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-мен University College London Археология институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Университет баспасөз қызметі мәліметінше, University College London (UCL) — әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Онымен қоса, халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде жоғары орын алатын, пәнаралық және іргелі зерттеулер саласындағы беделді ғылыми орталық. Құжатқа ШҚТУ атынан ректор Сауле Рахметуллина, ал UCL Археология институты атынан директор Кевин Макдональд қол қойды.

Аталған меморандум археометаллургия және Еуразияның қола дәуірін зерттеу саласында ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастықтың институционалдық негізін қалайды. Әріптестік екі ірі ғылыми жоба аясында жүзеге асырылады: European Research Council қолдауымен UCL базасында Милляна Радивоевич жетекшілігімен орындалып жатқан халықаралық DREAM жобасы және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен ШҚТУ-да Евгений Водясов жетекшілігімен іске асырылып жатқан «Шығыс Қазақстанның қалайы кен орындары ежелгі еуразиялық металлургия жүйесінде» атты қазақстандық жоба, - делінген ақпаратта.

Бұл жобаларды Еуразия даласының қола дәуіріндегі металлургиялық технологиялардың дамуы, трансөңірлік сауда желілерінің қалыптасуы және технологиялық инновациялар таралуындағы рөлін кешенді түрде зерттеу мақсаты біріктіреді. UCL-дың заманауи зертханалық-инструменттік базасын пайдалану және өңірдің бірегей археологиялық деректерімен ұштастыру алынатын ғылыми нәтижелердің халықаралық деңгейдегі маңыздылығы мен сапасын қамтамасыз ететін көрінеді.

Меморандум аясында бірлескен далалық және зертханалық зерттеулер жүргізу, жоғары импакт-факторлы халықаралық ғылыми журналдарда бірлескен жарияланымдар дайындау, академиялық тәжірибе алмасу және ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру көзделген. Ынтымақтастықта әлемдік археологияда қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі — археометаллургияны дамытуға ерекше мән беріледі.

UCL сияқты әлемдік деңгейдегі университетпен әріптестік орнату ШҚТУ-дағы ғылыми зерттеулердің жоғары халықаралық деңгейін айқын көрсетіп, қазақстандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке табысты интеграцияланып отырғанын дәлелдейді. Бұл келісім Қазақстан ғылымының халықаралық беделін нығайтуға және отандық зерттеушілердің ірі халықаралық ғылыми консорциумдарға қатысу аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам, - делінген ақпаратта.

Фото: ШҚТУ баспасөз қызметінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив