A+ A A-

talgatzhan 38 31-10-2024, 18:30 0

Кедейлік шегінен шыға алмай жүрген отбасылардың көбі - Алтай ауданында

ШҚО / Бүгін

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың сөзінше, 2024 жылға атаулы әлеуметтік көмек қаржысы 1 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми ақпаратқа сенсек, облыстағы дағдарыс санатындағы отбасылар саны - 52184 отбасыны құрайды.
- Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес әр аумақ бойынша әкімдердің тоқсан сайынғы рейтингісі бекітілді. Осыған байланысты жергілікті деңгейде әр қала мен ауданда отбасының цифрлық картасының штабтары құрылып, алгоритмдері әзірленді. Бекітілген жоспар бойынша жыл соңына дейін 1375 отбасын Д және Е санатынан С санатына ауыстыру жоспарлануда, - деді Альмира Мусинова.
Жауапты тұлға республика көлемінде бекітілген әлеуметтік масылдықты жою, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 20 пайызға азайту, бекітілген қаржы көзін 80/20 пайызға теңдестіру тапсырмалары тікелей отбасылық цифрлық картамен байланыстырылғанын айтты. 
- Жалпы, 2024 жылға атаулы әлеуметтік көмек қаржысы 1 млрд теңгені құрайды. Тоғыз айды есепке алсақ, 1690 отбасы немесе 8066 адам АӘК алды. Оның ішінде, 611 көпбалалы отбасы бар. Сонымен қатар, 1-6 жас аралығындағы 2317 балаға 76 млн теңге ай сайынғы төлемдер төленді. Бүгінгі АӘК алушылар саны 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3317 адамға кеміді. Еңбекке қабілетті АӘК алушылар саны 2065 адам. Оның ішінде, 1500-ден астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Дегенмен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған АӘК алушылардың үлес салмағы 75,4 пайызды құрайды, - деді басқарма басшысы.
Жауапты тұлға осы бойынша сылбыр жұмыс байқалған қала мен бірнеше ауданды атады. Оған Өскемен қаласы, Күршім, Шемонаиха, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай және Ұлан аудандары енді.
2020-24 жылдары аралығында тұрақты түрде АӘК алушыларға жүргізілген талдау нәтижесінде өңір көлемінде 384 отбасы анықталды. Осы жанұялардың ішінде, 1805 адам атаулы әлеуметтік көмекті бірнеше жыл қатарынан ай сайынғы жәрдемақы ретінде алып келді.
- Бірнеше жыл қатарынан кедейлік шегінен шыға алмай жүрген отбасылардың 35,7 пайызы - Алтай ауданында; 29,8 пайызы - Шемонаиха ауданында; 28,6 пайызы - Ұлан ауданында және 24,3 пайызы Өскеменде. Әлеуметтің осал топтарының әл-ауқатын жақсарту жұмыстары жалғасып отырады. Ал жыл біткенше аймақтағы АӘК алушылар үлесін 20 пайызға төмендетуді көздеп отырмыз, - деді Альмира Мусинова.

Фотосурет Gov.kz 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив