
Әр ақынға 100 мың теңгеден. Өскеменде дәстүрлі жыр-мүшәйра фестивалі өтті
Облыстық филармония ғимаратының екінші қабатында бас қосқан поэзия дүлдүлдері көпшілік алдында өлең оқып, меймандар әсем жырға бөленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігі мен Мәдениет басқармасы бірлесе ұйымдастырған фестиваль жыл санап құлашын кеңге жайып келеді. Қазылар алдына түрлі тақырыптағы өлеңдер көптеп түседі. Бірақ әрбірі сүзгіден өтіп, іріктеледі. Сол үшін де түсіп жатқан өлеңдер саны реттеліп, тек таңдаулылары тыңдарманға жол тартады. Биыл ұзын-саны 15 ақынның басы қосылды. Алды халықаралық мүшәйралардан бас жүлде алып жүргендер, кейінгісі аға буын өкілдеріне ілесіп, өз бағытын тауып үлгергендер. Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевтың сөзінше, осы фестиваль жылына екі рет ұйымдастырылады.
– Өскемендегі жыр мейрамы күнде өтіп жатқан жоқ. Жалпы, жылына екі рет қолға алынады. Жазда «Төр Алтай жырлайды» десек, қара күзде «Алтай сені жырлаймыз» деп өзгереді. Мұның алдында «Тәуелсіздік – жыр басы» деп бастағанбыз. Ұмытпасам, осымен бесінші рет өткізіліп жатыр, – деді Әлібек Қалиұлы.
Ақындар қамтыған тақырып үндес, облыс шеңберіндегі өзгерістерге тоқталды. Дегенмен шабыты келгенде сол тақырыпты біршама түрлендіреді.
– Ақындар осы фестивальмен жылды қорытындылайды. Уақыт өткен сайын жаңа есімдер шығады, бұл да поэзияда үлкен жетістік. Жыл басынан жиған-тергендерімізді жүйелеп, аға буын өкілдеріне ұсынамыз. Біршама қалыптасқан ақындар бар. Олар одан әрмен шыныға түседі. Өзіне, халқына есеп берудің ұтымды әдісі бұл. «Мен осындай деңгейде жазып жүрмін», «мен осындай дүние жазып жүрмін» дегенді танытып қоятын әдеби бәйге. Мүшәйра өткізіліп басталғалы үздіксіз қатысып келеміз. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, өлеңдер жаздым. Кейін қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі әдеби шараларда бақ сынай бастадық. Ақындық жолымызда бір кітабым жарық көрді, – деді Оразай Жеңіс.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ түлегі Оразайдың «Жел сүлей» аталатын кітабы Өскемендегі кітап дүкендерінде әлі бар. Өзі соңғы жылдары бірқатар Халықаралық мүшәйраларға қатысып, бас жүлде иеленген.
Әдеби ортада жігіттердің қарасы мол. Бірақ нәзік жандылар да қазылар тарапынан лайықты бағасын алып келеді. Мұғалім болса да, қолынан қаламы түспейтін Әсемгүл Серікболдың сөзінше, осы фестиваль арқылы әр ақын өзінің деңгейін біліп алады.
– Ізденіс әр адам үшін керек. Ақындар байқау сайын жаңа бір деңгейге өтеді, қаламдарын ұштайды. Әйел заты болған соң бағытымыз – лирика. Махаббат, отбасы, Отан тақырыптарына жиі қалам сілтеймін, – деді өскемендік ұстаз.
Ұйымдастырушылар айтқандай, шара жыл өткен сайын шеңберін кеңейтіп келеді. Әлібек Қаңтарбаевтың сөзінше, облыстық жыр мүшәйра-фестивалінің мақсаты – ақындар ең үздік деген өлеңдерін топтап, соны тыңдарманға ұсыну.
– Әйтпесе олар күнде өлең жазады ғой. Текке жүрген жоқ бұлар. Еуропаның бір мықты қаламгері былай деген еді: ақын-жазушы деген – кәдімгі қайыршы. Көшеде алақан жайып отырмайды демесеңіздер, бұлардың жағдайын ешкім ойлап жүрген жоқ. Дегенмен олардың әрбірі өз бағытын тапқан азаматтар. Осы мүшәйрасыз да қазіргі бар қызметтерімен алға басып жүре берер еді. Бірақ бір жыртықтарына жамау болсын деген оймен облыс әкімдігімен, Мәдениет басқармасымен келісіп, қолға алдық, – деді қаламгер.
Анығы сол, қазір облыс көлемінде арқалы ақындар қалыптасып үлгерді. Жас буыннан да бірен-сараны атой сала бастады. Бүгінгі фестивальге келгендер демалыс күні мәдени ортада жүздесіп, мәре-сәре болғанның өзі бір ғанибет десті.
– Осындай бір орта іздеп тұратын кездер болады. Көріскен сайын белгілі бір тақырыптарды сөз етеміз. Биылғы шара аясында шарт қойылды. Соған сәйкес таяуда ашылған Бұқтырма көпірі мен Бозанбайда өткен бүркітшілер фестивалі тақырып өзегіне айналды. Ақындарға таңдау берілді. Жанымызға жақын болған соң саятшылық туралы жазып шықтық. Өзіме негізі азаматтық поэзияда қалам тербеген ыңғайлы. Көшпелі елдің ұрпағы болған соң саятшылық пен салбурын туралы жазамыз, – деді ұландық Естай Амантайұлы.
Сөйтіп, сахна төріне кезек-кезегімен 15 ақын көтерілді. Бірақ оларға орын беріліп, бас жүлде тағайындалған жоқ. 100 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығы берілді. Көбінің айтуынша, осылай өткізілгені әділ. Себебі, әркім үшін өз жазғаны ең жоғары нәтижеге лайық. Қазылар орын бекітерде келіспеушіліктер болуы мүмкін.
– Өлең өлкесіне жетелеген Қайыртай Ақылбеков есімді ұстазым еді. Ол кісі әрі ағам. Ақсуат ауылындағы «Өкпеті орта мектебінде» оқып жүріп, өлеңдер жаза бастадым. Студенттік шағым С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да жалғасты. Ол жерде Серік Құсанбаев пен Серік Қуанған ағаларым ұстаздық етті. Жақында Астана қаласында жастар арасында халықаралық мүшәйра өтіп, ол жерде бас жүлде алдым. Кілең студенттер қатысты. Ерекшелігі сол, Қырғызстан мен Моңғолиядан келіп қатысты. Осындай мүшәйралардан соң жастардан да ақын шығатындығын түсіндік. Әлібек Қаңтарбаев ағамыз осындай шара өтеді дегелі, шабытымыз қосылған үстіне қосылды. Бүгінгі фестивальге «Баба ырым» атты өлеңімді әкелдім, – деді Бекарыс Мейіртайұлы.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер