
Қазандықтың жағдайы қалай: Риддер ЖЭО-ны жөндеуге 2,6 млрд теңге бөлінбек
Өңірлік коммуникациялар қызметі қолға алған «Шығыс 360°» жобасы аясында БАҚ өкілдері бұл жолы жұмысшылар шаһары атанған Риддер қаласына барды. Бұған дейін Глубокое, Ұлан және Шемонаиха аудандарын аралап, өңірлердің тыныс-тіршілігі мен шаруашылығы қызған нысандарға назар аударған едік. Жобаның төртінші бағыты – Риддер. Қаланың бүгінгі дамуы, жүзеге асып жатқан өзгерістер мен тұрғындар пікірі жайлы осы мақалада сөз қозғаймыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақ мектебінің құрылысы қызып жатыр
Соңғы дерекке сәйкес, қалада білім беру мен денсаулық сақтау салалары қарқынды дамып келеді. Соның бір дәлелі – 600 орындық жаңа мектеп құрылысы. Нысан биыл аяқталып, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ. Айта кетейік, бұл қазақ тілінде білім беретін мектеп болады. Аталған жоба облыс әкімдігі мен «Казцинк» компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылуда. Қала әкімі Думан Рахметқалиевтің айтуынша, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Алдағы сенбі күні мектеп ғимаратына су тартылып, кейін жүйеге сынақ жүргізіледі. Бұл жұмыстар шамамен 7-8 сағатқа созылады. Құрылысты «Элхон» ЖШС атқаруда. Нысанда 128 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Сонымен қатар экскаваторлар, тиегіштер, жол катоктары мен автокран секілді арнайы техникалар жұмылдырылған.
– Алдымен магистральдық желіден су тартылып, кейін жүйе толық тексеріледі. Осы жұмыстар аяқталған соң мектеп аумағын абаттандыру басталады. Қазір ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, желдету жүйесі орнатылуда және электр желілері тартылуда. Құрылыс барысы тұрақты бақылауда. Авторлық қадағалау жобаның барлық талапқа сәйкестігін қадағаласа, техникалық қадағалау орындалған жұмыстардың сапасы мен көлемін тексереді, – деді Думан Рахметқалиев.
Қала әкімі мектептің жылу және инженерлік жүйелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайтынын атап өтті. Оның сөзінше, мердігер компания өз міндеттемелерін толық орындайды.
– Негізгі жұмыстар аяқталған соң аумақты абаттандыру және технологиялық жабдықтарды орнату жалғасады. Тамыз айында мектеп толық пайдалануға дайын болады, – деді учаске бастығы Жәнібек Жамантиков.
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталады. Жоба мазмұны жағынан «Келешек мектептері» бағдарламасының үлгісінен кем түспейді. Мұнда компьютерлік сыныптар, шеберханалар, интерактивті тақталар, кең әрі жарық кабинеттер мен асхана қарастырылған. Мектеп аумағында футбол және баскетбол алаңдары, балалар ойын аймақтары салынып, кешенді абаттандыру жүргізіледі. Мердігер ұйым мәліметінше, қажетті жабдықтың барлығы сатып алынған.
– Жабдықтар толық дайын. Олар қажеттілікке қарай кезең-кезеңімен жеткізіледі. Қаржыландыру жағы тұрақты, ешқандай кідіріс жоқ, – деді Жәнібек Жамантиков.
Ал мектеп директоры Еркебұлан Махтиев жаңа оқу жылында білім ордасында мұғалім тапшылығы болмайтынын жеткізді.
Жұрт жаурап қалмасын
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, Риддерде алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары басталды. Жабдықтар мен жылу желілерін жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Қала әкімдігі мәліметінше, Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен жалпы көлемі 2,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы екі жоғары қысымды агрегатты күрделі жөндеуден өткізуге және жылу желілерінің 12 учаскесін жаңартуға жұмсалады. Бұдан бөлек, кәсіпорынның тарифтік қаражаты есебінен қосымша 715 млн теңге бөлінген. Аталған қаржыға №1 турбогенераторды күрделі жөндеу, жылу желілерінің бес учаскесін қалпына келтіру, жаңа түтін мұржасы жобасын әзірлеу, күл сақтау алаңының екінші секциясын кеңейту және қосалқы жабдықтарды жөндеу жүргізіледі. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бүгінде үш мердігер ұйым анықталып, қажетті келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар құрылыс материалдарын жеткізу жұмыстары басталып кетті.
– Жұмысты қазірден бастап кеттік. Барлық қажетті келісім алынып, жұмыс кестелері тиісті органдармен бекітілді, – деді Риддер ЖЭО басшысы Кирилл Голота.
Ресми деректерге сәйкес, бүгінде шаһардағы жылу желілерінің тозу деңгейі – 59 пайыз. Жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл көрсеткіш шамамен 3 пайызға төмендейді деп күтілуде. Соңғы жылдары Риддердегі жылумен қамту мәселесі қоғам назарынан түскен емес. Әсіресе, 2024 жылы болған апаттан кейін бұл мәселе көпшіліктің ерекше бақылауында болды. Кәсіпорын мамандары жүйедегі түйткілдердің бар екенін жасырмайды. Дегенмен олардың айтуынша, жөндеу жұмыстарының көлемі жыл сайын артып келеді. Мамандар жөндеу науқаны кезінде қала тұрғындарына ыстық су беру уақытша шектелуі мүмкін екенін де ескертті. Алайда бұл шаралар алдағы қыс маусымында жылумен қамту жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қолға алынуда.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі Думан Есдәулетұлы журналистер сауалдарына да жауап берді. Көпшілікті жолдардың жай-күйі, туризмнің дамуы мен әлеуметтік мәселелер толғандырса, бізді екі өзге сұрақ қызықтырды. Алғашқы сауал – ел тарихында ерекше орны бар мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев тұрған үйдің болашағына қатысты болды. Екінші сұрақ Риддерде салынуы мүмкін хоккей модуліне қатысты қойылды. Бұған дейін мұнда спорт нысанының құрылысы жоспарланып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Қала әкімі бұл мәселелерге жауабын келте қайырды.
– Қонаев тұрған үйді өзім барып көріп, зерттедім. Ол музей ретінде пайдалануға келмейді. Ал жөндеу жұмыстарына қатысты айтсақ, біз оған қаражат бөле алмаймыз. Себебі бұл – жекеменшік нысан. Сондықтан оған бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Ал хоккей модуліне келсек, әзірге қаржы бөлінген жоқ. Құрылыстың нақты қашан басталатыны да белгісіз, – деді Думан Есдәулетұлы.
Шаһарда санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 2025 жылы бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен 33 млн теңгеге 13 жабық контейнерлік алаң орнатылды. Сонымен қатар 53 заманауи еуроконтейнер сатып алынып, қоқыс шығару қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін екі жаңа қоқыс тасымалдаушы көлік алынды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 43 алаңның кірме жолдарына қиыршық тас төселіп, аумақтары абаттандырылды. Қала әкімі Думан Рахметқалиевтің айтуынша, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
– 2026 жылдың жаз мезгілінде тағы 53 контейнерлік алаңның кірме жолдарын жақсарту және аумақтарын абаттандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қосымша 285 заманауи еуроконтейнер сатып алу көзделген. Қазір қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына 14 қызметкер тартылған, – деді әкім.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер