Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру, табыс көзін қалыптастыру және экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында азаматтарға 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Грант көлемі – 1 730 000 теңге. Ол бір рет қана төленеді және әр азамат бұл қолдауды бір мәрте ғана пайдалана алады.
Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мәліметінше, конкурсқа тіркелген жұмыссыз азаматтар мен мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
Үміткерлер келесі санаттардың біріне жатуы тиіс:
• мүгедектігі бар адамдар;
• қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар азаматтар;
• өңіраралық қоныс аударушылар;
• атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
• асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар;
• көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
• мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар немесе олардың жұбайлары.
Қатысушыларға қойылар талап – өтінім берген күнге дейін үш жылдан аспайтын мерзімде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаттың болуы.
Үміткерлерді іріктеу арнайы комиссия арқылы жүргізіледі. Комиссия мүшелері бизнес-жобаның өміршеңдігін, қаржылық негізділігін және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігін бағалайды.
Өтінімдер электронды түрде Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін порталға тіркеліп, өтінім нысанын толтыру, бизнес-жоспарды жүктеу және құжаттарды электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет.
Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін Өскемедегі Мансап орталығына хабарласуға болады.
Мекенжайы: Шәкәрім даңғылы, 149/10, 5-кеңсе.
Байланыс телефоны: 8 (7232) 700-659.
Пікірлер