Облыста медицина қызметкерлері арасында өткен спартакиада өз мәресіне жетті. Алты айға созылған жарысқа өңірдегі 20 медициналық ұйымнан 347 қызметкер қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спартакиада барысында қатысушылар үстел теннисі, шахмат, волейбол, шағын футбол және арқан тарту сынды спорт түрлерінен бақ сынады.
Жарыстың финалы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, командалық рух пен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Іс-шараны «AQNIET» денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымдастырды.
Кәсіподақ төрайымы Динара Сәлімбаеваның айтуынша, спартакиада медицина қызметкерлерінің кәсібилігімен қатар спортқа деген қызығушылығы мен ұйымшылдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарыс қорытындысы бойынша 3 орынды «Денсаулық» дәрігерлік амбулаториясы, 2 орынды Глубокое аудандық ауруханасы иеленді. Ал 1 орынға Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығы лайық деп танылды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, спартакиада өңірдің медицина қауымдастығын біріктірген маңызды спорттық іс-шараға айналды.
Пікірлер