A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 10:15 0

Кворумсыз және тыңдаусыз: жер бөлу кезінде заң талаптары бұзылған

Бүгін / ШҚО

Шығыс Қазақстанда заңнама талаптарын бұза отырып қабылданған жер комиссияларының шешімдері азаматтарға жер учаскелерін беруден негізсіз бас тартуға себеп болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Бұзушылықтарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті өңір тұрғындарының өтініштерін қарау барысында анықтады.
Жыл басынан бері департамент тарапынан 48 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Бұл жұмыс мемлекеттік органдар шешім қабылдау кезінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен заңдылықтың сақталуын жүйелі бақылау аясында жүргізілуде.
Ең елеулі жағдайлардың бірі Марқакөл ауданында тіркелді. Тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін беруден бас тартылғаннан кейін шағыммен жүгінген.
Жүргізілген тексеру барысында Жер кодексі талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жер комиссиясы қажетті кворум болмаған жағдайда шешім қабылдаған. Заңнамаға сәйкес комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысуға тиіс болса, іс жүзінде тоғыз мүшенің тек үшеуі ғана қатысқан.
Бұдан бөлек, лауазымды тұлғалар өтініш берушілерге бас тарту туралы шешім қабылдар алдында міндетті тыңдау рәсімін өткізбеген. Бұл Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына қайшы келеді және азаматтардың өтініштерінің объективті қаралу құқығын бұзады.
Тексеру қорытындысы бойынша департамент қабылданған шешімдерді қайта қарауды талап етті. Нәтижесінде азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, өтініштері қайта қарауға жіберілді.
Осындай жағдай Катонқарағай ауданында да анықталды. Қызмет алушыларға жер телімдерінің бос еместігі және жобалау жұмыстарының жүргізілуі себеп ретінде көрсетіліп, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскесін беруден бас тартылған. Алайда тексеру барысында мұндай бас тартуға жеткілікті негіздердің болмағаны белгілі болды.
Департаменттің араласуынан кейін шешім қайта қаралып, өтініш берушілер жер комиссиясының оң қорытындысын алды. Ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Анықталған фактілер жер саласындағы заңнаманың сақталуын тұрақты бақылаудың маңыздылығын көрсетеді. Бұзушылықтарға дер кезінде ден қою азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ержан Айқымбеков,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив