Қазір Түркістан қаласында VIII Халық ойындары өтіп жатыр. Шығыс Қазақстан спорттың бірнеше түрі бойынша жарыс жолына шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстың волейболдан ұлдар және қыздар командасының жетекшісі Болат Даумов бұл бәсекеге дайындық қалай жүргенін айтып берді.
– Команданың дайындығы жақсы. Жарыс алдында үш апталық оқу жаттығу жиынынан өтті. Барлық облыс жоғары дайындықпен келген. Біздің қыздар командасының тобында Солтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласы, Тараз қаласы және Абай облысы командасы бар. Ал ұлдар Жетісу облысы, Ақмола облысы, Шымкент қаласы және Қостанай волейболшыларымен ойнайды, – деді ол.
Қысқасы, жігіттер де, қыздар өз тобында 4 ойыннан өткізеді. Болатбек Даумовтың сөзінше, қыздар командасы алғашқы күні Абай облысын 3:0 есебімен, Жамбыл облысы командасын 3:1 есебімен ұтты. Өкінішке орай, кеше Солтүстік Қазақстан облысы командасынан 3:1 есебімен ұтылды. Алда әлі Астана қаласының волейболшыларымен шеберлік байқасады.
Ал ұлдар командасы үш күн бұрын Қостанайдың мықты командасын 3:0 есебімен ұтып, артынша Ақмола жігіттерінен айласын асырды.
– Командамызға сенеміз, бәрін жеңеміз деген ойдамыз. Қатысып жатқан барлық ШҚО-ның спортшысына сәттілік тілейміз. Командамыз ойдағыдай өнер көрсетіп, үйге үлкен жеңіспен үйге оралайық, – деді команда жетекшісі.
Ерлер командасы кеше ғана Шымкент командасын жеңді. Айта кетейік, VIII Халық ойындары маусымның 20-на дейін жалғасады.
Іңкәр Аянбергенова (Фото: Olympic.kz)
Пікірлер