Өңірде масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, алкаголь өнімдерін өткізу саласындағы заңбұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған «STOP Алкоголь» жедел алдын алу шарасы аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Есепте тұрған 1411 адам, оның ішінде ішімдікке құмар азаматтар мен қолайсыз отбасылар тексерілді. Нәтижесінде 22 құқық бұзушылық анықталып, алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Адрестік профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелеріне алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеу үшін 4 азамат жіберілді. Сонымен қатар тағы 14 адамға қатысты сот алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салуды көздейтін мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптар белгіледі, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Полицейлер ішімдікке салыну отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, қоғамдық тәртіпті бұзудың және қылмыстардың негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Алкогольге тәуелділіктің, онымен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу құқық қорғау органдары жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Пікірлер