Бұл нені білдіреді деген сұрақ туындауы мүмкін. Енді Шығыс Қазақстанда аталған спорт түріне көбірек көңіл бөлініп, дамудың жаңа сатысына өтеді деген сөз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған мәліметпен джиу-джитсу мен грэплинг бапкері Самат Рамазанов бөлісті.
– “Шығыс Қазақстан облысы бойынша грэпплинг федерациясы (UWW нұсқасы)” қоғамдық бірлестігі өңірде грэпплинг спортын дамытуға ресми мемлекеттік аккредитация алды. Біз аймақта осы спорт түрін дамыту бойынша ресми мойындалып, өкілеттікке ие болған негізгі аккредиттелген грэпплинг федерациясына айналдық. Бұл маңызды жетістік-грэпплингті дамытуға шын ниетімен берілген жандардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі, – деді ол.
Айтуынша, өңірде осы спорт түрінің кең танылуына Мұрат Акенев зор үлес қосты.
– Бүгінде Федерацияны осы Федерацияның президенті Нұрбек Мурсалимов басқарады. Оның жетекшілігімен грэпплингті дамыту, спортшыларды қолдау және өңірдегі спорт қауымдастығын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Нұрбек Мурсалимов – ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы, спортшы әрі жаттықтырушы, сондай-ақ көпбалалы әке, – делінген ақпаратта.
Аккредитация алу ресми жарыстар өткізуге, спортшыларды даярлап, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға және республикалық, халықаралық ареналарда облыс намысын лайықты танытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын көрінеді.
– Көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына, атап айтқанда Аида Жуханова, сондай-ақ күн сайын спорттың дамуы үшін еңбек етіп жүрген барлық жаттықтырушыларға, спортшыларға, клуб басшыларына, ата-аналарға және пікірлестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Самат Рамазанов.
Облыстағы грэпплинг федерациясы басшылығы алда жаңа турнирлер, жаңа чемпиондар және жаңа жеңістер күтіп тұрғанын алға тартты.
Сәния Қымбатова
Фотосурет Samat_ramazanov_academy_vko
Пікірлер