A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 12:50 0

ШҚО-да бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Бүгін / ШҚО

Өңірде инвестициялық белсенділікті арттыру және экономиканың негізгі салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смиттің айтуынша, аймақта туризм саласы бойынша бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, инвестиция тарту және қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Осыған байланысты инвестициялық өзара байланысты күшейтіп, ортақ күш-жігерді біріктірудің маңызы зор. Облысымызда туризм саласы бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Torre Altay Invest» компаниясы құны 8 млрд теңге болатын 218 орындық санаторийлік-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуде. «Pana Asia» компаниясы 10 млрд теңге инвестиция көлемінде Катонқарағай ауданында туристік ауыл салу жобасын іске асыруда. Сондай-ақ Өскеменде құны 17 млрд теңге болатын қонақүй салу жоспарланып отыр, – деді Ирина Смит.
Оның мәліметінше, өңірлік инвестициялық штаб аясында облыс бойынша жалпы құны 320,2 млрд теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба қарастырылған. Оның ішінде бес жоба толықтыру және қайта пысықтау үшін кері қайтарылды. Ал өңірлік үйлестіру кеңесінде жалпы құны 42 млрд теңге болатын алты инвестициялық жоба қаралды. Оның төртеуі толықтыруды қажет етеді.
Бұдан бөлек, «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында жалпы құны 739,6 млрд теңге болатын 38 меморандум мен келісімді жүзеге асыру көзделген. Бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 9 инвестициялық жоба енгізілген. Форум аясында жасалған меморандумдар мен келісімдердің нәтижесінде 10 жоба іске асыру кезеңіне өткен.
– Аталған жобалар бойынша қаржыландыру қамтамасыз етіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қажетті жабдықтар сатып алынды. Ал 17 меморандум аясындағы жобалар дайындық сатысында немесе іске асыру мерзімінің кешігу қаупі бар, – деді Ирина Смит.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан және қала әкімдеріне инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Қала және аудан әкімдері инвестициялық келісімдерде көзделген жобаларды іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдасын. Инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын ай сайын бақылауда ұстаңыздар. Проблемалық жобаларға талдау жасап, оларды шешу бойынша нақты жоспарлар ұсыныңыздар. Өңірлік инвестициялық кеңестің отырыстарына ұсынылатын материалдардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес дайындалуын қамтамасыз етіңіздер, – деді өңір басшысы. 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив