Облыс әкімдігінің отырысында агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі көрсеткіштер қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қаджибекова сүтті мал шаруашылығы саласының даму қарқыны туралы баяндады.
– Заманауи технологияларды енгізу, қайта өңдеу саласын дамыту және шаруашылықтардың тиімділігін арттыру бағытында оң нәтижелер байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс шикі сүтті өңдеу көлемі бойынша республикада бесінші орынға ие болды. Облыс кәсіпорындары негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша елдегі үздік кәсіпорындардың қатарында. Өндірістерді дамыту шикізат сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді, – деді Ажар Елемесқызы.
Жалпы 2026 жылдың алғашқы төрт айында аталған салада оң динамика сақталды.
– Осы кезеңде 61,1 мың тонна сүт өңделіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім байқалды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы мал басы 10 пайызға көбейді. Ал 2025 жылы өңірде 129 мың тонна сүт қайта өңделді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға жоғары, – деді басқарма басшысы.
Осы ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу және инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру қажеттігін атап өтті.
– Ірі қара мал басын ұлғайту және сүт өндірісін арттыру бойынша негізгі көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керек. Инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуы маңызды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер