Аталған ауданға қарасты Красная Шемонаиха елдімекенінде жергілікті жұрт кейіпкерімізге әбден үйренісіп, кейбірі тіпті бауыр басып қалған. Жаннат Қажыбаева 25 жылға жуық уақыт ішінде өзін мейірбике ретінде де, қолұшын созуға әзір нәзік жанды ретінде де көрсетуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Басы ауырып, балтыры сыздаған жасы да, кәрісі де мазасы кеткен денсаулығын тапсырып жататындары рас. Оған қажет ем-дом жасап, алғашқы көмек көрсету де тықыр таянғанда мол жауапкершілікті қажет етеді.
«Қанша адамға қолұшын создыңыз?» деп санақ жүргізген жөнсіз болар. Бірақ шамалап жазсақ, 25 жыл ішінде Жаннат Қажыбаева жүздеген бала мен ересек адамға медициналық көмек көрсетті. Тұрғындар сөзінше, мейірбике тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, скринингтік тексерулерден уақтылы өтуді қадағалайды. Ал облыстық Білім басқарамасы өкілдері екпе жұмыстарын ұйымдастырып, қажет болған алғашқы медициналық көмекті жедел көрсететіндерін жасырмады.
Өзінің айтуынша, еңбек жолында түрлі кезеңді бастан өткерген. Әсіресе, боран үдеп тұрған қыс айларында жол жабылып, ауылға қатынау қиынға сәттер науқастарға көмек қолын созу айтарлықтай қиындапты.
– Кей күндері көлік ауылға жете алмай қалатын. Сондайда жолдан түсіп, белуардан қар кешіп жаяу жүруге тура келетін. Ал денсаулығы сыр берген адамдар көмек күтіп отырады, сондықтан басқа әрекет етудің реті де жоқ еді, – дейді ол.
Кезінде оның бақылауы мен қамқорлығында болған талай бүлдіршін қазір есейіп, өздері ата-ана атанып үлгерген. Енді солардың өз балаларын алып келетін жағдайлары кездесіп жатыр.
– Балалардың аман-есен өсіп-жетілгенін көру – шын қуаныш. «Бұрын сіз мені емдеген едіңіз, енді баламды қарап жүрсіз» деген сөздерді естігенде, еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің, – дейді тәжірибелі мейірбике.
Ауыл тұрғындары оны өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, әр науқасқа шынайы жанашырлықпен қарайтын маман деп санайды Оның учаскесінде профилактикалық жұмыс тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіледі. Көп жылғы тәжірибесіне қарамастан, ол ауылдық медицинаның болашағы жас мамандарға тікелей байланысты екенін баса айтты.
– Ауылға жас мамандар өте қажет. Мұнда тәжірибе жинақтап, адамдарға нақты көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Кейін еңбегіңнің жемісін көресіз. Жастар ауылдарда жұмыс істеуден қашпай, осы маңызды істі жалғастырса деймін, – дейді ол.
Жаннат Қажыбаеваның өмір жолы – адалдық пен кәсібилікке өріліп, кейде шым-шытырық жайттарға негізделген қарбалас кезең. Мұндай мамандар еңбегі — ауылдық денсаулық сақтау жүйесінің берік тірегі, әрі бүтін бір ұрпақ денсаулығына қосылған өлшеусіз үлес.
Аңсар Жұмағалиева
Фотосурет ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан
Пікірлер