A+ A A-

talgatzhan 104 8-11-2024, 09:08 0

Дала мергені атанған Ажар

Бүгін / Сұхбат

Соңғы жылдары облыста ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Соның ішінде садақ ату өнеріне қызығушылық танытып, бет бұрғандар көп. Шығыста кәсіби садақшы ретінде танылып жүрген Ажар Төлеуқанова да өңір спортына біршама өзгеріс әкелген. Ол ШҚО Дәстүрлі садақ ату федерациясының негізін қалап, 100-ге жуық баланы ата спортымызға баулып жүр. Сондай-ақ Ажар Рахметқызы - садақ атудан ұлттық құрама мүшесі, ҚР чемпионы, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері. Құралайды көзге атқан мерген таяуда Шымкент қаласында әйелдер арасында дәстүрлі садақ атудан өткен “Dala mergeni - 2024” халықаралық сайысында ел намысын қорғады. Байрақты бәсекеге 12 мемлекеттен 108 спортшы келген. Ажар Төлеуқанова қарсыластарына дес бермей, 60 метрден “Пута” нысанасын атудан алтын медальді қанжығасына байлады. Осы орайда кейіпкерімізбен сұхбат құрып, өңірдегі  ұлттық спорттың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелескен едік. 


- Садақ ату спортына қызығушылығыңыз неден басталды? Шәкірт баулу туралы идея қалай келді? 

- Барлығы садақ ату тирінен басталды. Алғаш рет қолыма садақ алып, нысанаға дөп тигізген соң өзіме ұнағанын түсіндім. Бірден осы спорт түрімен қай жерде айналысуға болатынын сұрап, білікті мамандарды іздестіре бастадым. Сонымен түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан үш айлық курсқа жазылдым. Негізі өзім шығыстың тумасымын, бірақ ұзақ уақыт Астана қаласында өмір сүрдім. 2019 жылы тұрмыс құрып, туған жеріме келін боп түстім. Өзім үшін жаңа жер, жаңа орта болғандықтан қаңдай іспен айналыссам болады деп ұзақ ойландым. Сөйтіп Глубокое кентіндегі балалар шығармашылық үйіне жұмысқа тұрдым. Мекеме директоры Жанна Исмағұлқызы садақ ату үйірмесін ашсам деген бастамамды бірден қолдады. Шәкірттерімді алғаш рет Астанадағы республикалық ашық турнирге алып бардым. Алты оқушымның екеуі жүлдемен қайтты. Осыдан соң садақ атуды үйретуге деген қызығушылығым арта түсті. Шынымды айтсам, садақ атудың қарапайым хоббиден өмірлік кәсібіме қалай айналғанын байқамай да қалдым. 

- Балаларды жаттықтыру барысында не нәрсеге баса назар аударасыз? 

- Ең алдымен, жаттықтырушының жылдамдығы мен спортшының талпынысы маңызды дер едім. Баланың күші мен икеміне, тәртіпке бағынуына аса мән беремін. Қауіпсіздік техникасын толық жаттатқызғаннан соң ғана практикаға көшеміз. Жарақат алмас үшін қауіпсіздікті сақтауға ерекше көңіл бөлемін.- Қазір қанша мергенді тәрбиелеп келесіз? Олардың жетістіктерімен бөлісе кетсеңіз…

- Глубокое кентінде 30 шақты бала садақ атумен тегін айналысып жүр. Түрлі дәрежедегі жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болуда. Арасында бірнеше спорт шеберіне үміткер, спорттық разрядқа ие мықтылар бар. Биыл өзім спортшы ретінде жарыс жолына жиі шыққан соң оқушыларыма көп уақыт бөле алмадым. Дегенмен келесі жылы жаңа чемпиондарды шығаруға барымды саламын. Оған білікті жаттықтырушылар да қажет. Өскеменде де 40-қа жуық бала қызығушылық танытып келген еді. Біраз қазір залдың жоқтығынан жаттығу тоқтап тұр. Шәкірттерім мен ата-аналары жиі хабарласып, оның ашылуын күтіп жүр. 

- Облыстағы дәстүрлі садақ ату федерациясын қалай аштыңыз? Оның мақсаты туралы айтып берсеңіз…

- ШҚО Дәстүрлі садақ ату федерациясы 2022 жылдың тамыз айында ашылды. Балаларды жарыстарға апарып жүргеннен кейін және қызметім осы спорт түрімен тікелей байланысты болған соң федерация ашу ісін қолға алу керек деп шештім. Себебі кейде құжат жағынан қиындықтар кездесетін. Ал федерация арқылы өңірде садақ атуды дамытуға мүмкіндік туды. Қазір оның басшысы өзіммін. Ұлттық құраманы бекітіп, жарыстарды ұйымдастыруда да аккредиттелген федерацияның рөлі жоғары. Мақсатымыз - шығыста садақ ату өнерін дамыту. Қазір Риддер, Зайсан, Тарбағатайда филиалдар бар. Ондағы жаттықтырушылар шәкірт баулып, оларды жарыстарға дайындауда. Коммерциялық мақсатта ашылған орталықтар да бар. Оған халық арасынан қызығушылық танытқандар барады. Жалпы облыстағы филиалдардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз. 

- Өскеменде де садақ ату орталығыңыз бар еді. Қазір жұмысы неліктен тоқтап тұр? 

- Иә, бір жыл бұрын коммерциялық мақсатта несие алып, арнайы орталық ашқан едім. Тура жарты жыл жұмыс істеген соң залды жабуға тура келді. Себебі жалға алу құны жоғары болды. Оған қоса оқу-жаттығу жиындарында көп жүрген соң орталық жұмысына жеткілікті уақыт бөле алмадым.  - Жалпы шығыстағы садақ ату спорты қазір қаңдай дәрежеде? 

- 10 балдық шкаламен есептесек, өңірдегі ұлттық спорт қазір бел ортасына келді деп ойлаймын. Әрине, жалғыз өзімнің жетістігіммен ғана бүкіл шығысты көтере алмаймын. Маған үлкен команда керек. Өңірдің түкпір-түкпіріндегі үздіктерді облыстық, кейін республикалық жарыстарға қатыстырып, жоғары нәтижелерге жеткізгім келеді. Спорт сонда ғана дамиды. Өзімнің де жетістіктерім садақ ату өнерінің шығыста дамуына септігі тигізсе екен деймін. 

- Ұлттық спортты дамытуда қаңдай қиындықтар кездеседі? Мемлекет тарапынан қолдау бар ма? 

- Иә, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасынан қолдау көрсетіліп келеді. Облыстық спорт мектебінде садақ ату бөлімі де ашылды. Жарыстарды ұйымдастыруға, қатысуға көмектеседі. Дегенмен бір орында тоқтап қалмай, алға жылжу керек. Қазір, ең алдымен, жаңа әрі қолжетімді инвентарь қажеттілігі туындап отыр. Екіншіден, үлкен жаттығу алаңы мен жеке ғимарат болса деймін. Қар түскен соң дайындықты өткізу қиын болатыны сөзсіз. Ал қызығушылық танытатындар саны күн санап артып келеді. Барлығы жаттығу орнының ашылуын күтіп жүр. Спортты дамыту мәселесіне келсек, соңғы рет Түркияның Ыстамбұл қаласындағы садақ ату орталығына барып көрдім. Онда садақшыларға барлық жағдай жасалған. Жарыс өткізу орны, қонақүй, инвентарь сататын дүкен, асхана, киім ауыстыратын бөлме - бәрі бар. Қазақстанның басқа өңірлерінде де бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Сондықтан шығыста да садақ ату өнеріне тиісті көңіл бөлінсе екен деймін. Халық ұлттық спорт десе, көз алдына ат үстіндегі жарыстарды ғана елестетеді. Дегенмен садақ атудың орны бөлек. Ол қазақтың қанына біткен элиталық спорт түріне жатады. Садақ ату спорты жан мен ойдың, ішкі күйдің тыныштығын сыйлап, ұлттық рухты оятады. Сол себепті  қазақ мергендерінің әлемдік аренада дәрежесі өссе, нұр үстіне нұр болар еді. 

- Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан едіңіз. Байрақты бәсекеге шақырту қалай түсті? 

- Көшпенділер ойындарына шақыртуды жеңіп алдым десем де болады. Ақпан айында оқу-жаттығу жиындары басталды. Біріншісі Малайзия елінде өтті. Қазақстан бойынша ұлттық құрама сынақтан өтіп, ең үздіктері ғана жолдама алды. Бұл менің халықаралық деңгейдегі додаға алғаш рет қатысуым. Төрт садақшы қыздың арасында Қазақстанның атынан өнер көрсету мен үшін жауапты сәт еді. Бірақ алғашқы үш күн сынаққа толы болды. Жекелей сын бойынша 1\16-ға өту үшін маған 1-2 ұпай ғана жетпеді. Эмоционалды тұрғыдан қиналғаным рас. Бәсекелестік те жоғары болды. Ал төртінші күні командалық жарысқа Атырау, Астана, Шымкент, Өскеменнен жиналған садақшылар қатыстық. Осылайша екінші орынға табан тіредік. Әрине, іштей жекелей сында орын алмағаным үшін уайымдадым. Оған қарамастан күміс медальді қанағат еттім. 

- Жуықта ғана Шымкентте әйелдер арасында дәстүрлі садақ атудан ұйымдастырылған “Dala mergeni - 2024” халықаралық сайысында ел қоржынына алтын медаль сыйладыңыз. Жеңіске қол жеткізу қаншалықты қиын болды? 

- Иә, көшпенділер ойындарынан соң бірден осы жарысқа қатыстым. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Тартысты додада жан-жақты дайындықтың арқасында жеңіске жеттім деуге болады. Жарыс жолына Қырғызстан чемпионымен шыққанда үш рет тең түстім. Төртінші атыста бір оқтан аттық. Менің оғым ортаға жақын болған соң әрі қарайғы кезеңге өттім. Бірақ бұл кездесу маған эмоционалды әрі физикалық тұрғыдан қиынға соқты. Ал гранд финалда Ресейден келген садақшымен бәсекеге түстім. Бірінші атыстан бірден алға шықтым. Жеңіске жеткенде қуаныштан көз жасыма ерік бердім. Барлық туғандарым шын жүректен қуанды. Себебі бұл алтынды мен көп күттім. Ол үшін қаншама тер төгілді. Сондықтан бұл жеңісімді 6 жыл бойы еткен еңбегімнің лайықты нәтижесі деп білемін.  - Отбасыңыз спорттық мансабыңызға қалай қарайды?

- Әрине, барлық жақындарым маған үнемі сенім білдіріп, тілектес болып отырады. Олардың қолдауынсыз мен мұндай жетістіктерге жетпес те едім. Ата-аналарымыз, жұбайым әрдайым көмектесіп, қуанышыма ортақтасып жүреді. 

- Сөз соңында алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз… 

- Басты мақсатым - облыстық құрама команданың деңгейін өсіру, қолдаушылар санын көбейту. Оған қоса жарыстарға дайындықты күшейту керек. Спортшыларға арнап біркелкі форма тіктіру де жоспарда бар. Болашақта барлық үш категория бойынша чемпиондарды шығарғым келеді. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив