A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 10:00 0

Ескерткіш елеусіз қалмады: Өскемендегі Қабанбай батыр ескерткіші қалпына келтіріліп жатыр

Бүгін / Өскемен

Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың қатарында туған жерін қорғап, ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған батырларға арналған ескерткіштер де аз емес. Соның бірі – Өскемен қаласының кіреберісінде орналасқан Қабанбай батыр ескерткіші. Оның қазіргі жай-күйі қандай? Осы материалда соған тоқталатын боламыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Басқарма бөліскен мәлімет

Өскеменнің кіреберісінде, республикалық маңызы бар тасжол бойында орналасқан Қабанбай батыр ескерткіші 2014 жылдың 7 мамырында – Отан қорғаушылар күніне орай бой көтерді. Алты метрлік мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Постаментімен бірге ескерткіштің жалпы биіктігі 13 метрден асады.

Жол бойында орналасқан ескерткішке арнайы тоқтап, гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым ететіндер көп. Осындай келушілердің бірі редакцияға ескерткіш жағдайына алаңдап, видео жолдаған болатын. Бейнежазбада ескерткіш маңындағы плиталардың сынып, орнынан қозғалғаны көрінеді.

– Қабанбай батыр ескерткішінің жағдайы осындай болып тұр. Жауапты мекемелер келіп, жөндеп берсе жақсы болар еді, – деді видеоны жолдаған оқырман.

Осы мәселеге байланысты редакция ШҚО Мәдениет басқармасына ресми сауал жолдап, ескерткішке соңғы рет қашан жөндеу жүргізілгенін және оған қай мекеме жауапты екенін сұрады. Басқарма мәліметінше, 2021 жылғы қорғау міндеттемесіне сәйкес, ескерткіштің теңгерім ұстаушысы – «ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы» КМҚК.

– Қорғау міндеттемесіне сәйкес, теңгерім ұстаушы ескерткіштің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады, – делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ басқарма өкілдері ескерткіш орналасқан аумақты күтіп ұстау жұмыстары бірнеше мекеме құзыретіне бөлінгенін атап өтті.

– Аумақты абаттандыру, соның ішінде бүлінген баспалдақтар мен плиталарды қалпына келтіру «Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің құзыретіне жатады. Ал монумент аумағын ағымдағы күтіп-ұстау, санитарлық тазалау, жарықтандыру және ағымдағы жөндеуді «ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы» КМҚК өз қаражаты есебінен тұрақты түрде жүзеге асырады, – деді басқарма басшысының орынбасары Раушан Бекқалиева.


Монументке мониторинг жүргізіле ме?

Оның айтуынша, Қабанбай батыр ескерткішінің тарихи-мәдени маңызы ескеріліп, оның сақталуы тұрақты бақылауда болады.

– Ескерткіштің техникалық жай-күйі қанағаттанарлық болғандықтан, қазір күрделі жөндеу жүргізу жоспарланбаған. Дегенмен монументтің техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жасалып, қажет болған жағдайда тиісті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, – деді басқарма өкілі.

Алайда көп ұзамай ескерткіш аумағында қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сынған плиталар жаңартылып, орындықтар сырланды. Қазір аумақты абаттандыру жалғасуда. Бұл жұмыстарды ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы қызметкерлері қолға алған.

– Қызметкерлеріміз Қабанбай батыр ескерткішінің айналасын абаттандыруда. Құмыраларға петуния, герань және барқытгүл көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар аумақты тазалау және ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлады музей-қорық өкілдері.

Осылайша, оқырман көтерген мәселе жауапты мекемелер назарынан тыс қалмай, ескерткіш аумағын қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары қолға алынды.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив