
Бес айдан бері үймақта отырған Өскемен тұрғыны Президенттен көмек сұрайды
Өскемен тұрғыны, Үлбі металлургиялық зауытында істейтін Жанар Мұхаметқалиева өзін басқа адаммен шатастыру салдарынан тергеуге алынғанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Айта кетейік, аталған зауытта Жанар Саяхатқызы 18 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Өскеменде 2003 жылдан бері тұрады. Айтуынша, өткен жылы Алматыдағы құқық қорғау органы тарапынан оны 2022-2024 жылдары жасалған алаяқтық ісі бойынша екі рет шақырған. Айтуынша, әлдекімдер өздерін Алматы әкімдігіне қарасты тұрғын комитетіненбіз деп таныстырып, кезекте тұрған біршама адамға үй алуға көмектесеміз депті. Алдын ала қомақты ақшаны алған соң із-түзсіз кеткен.
– Бірақ кей жәбірленуші аталған санатқа сәйкеспеді. Тұрғын үй кезегіне ешбірі тұрмаған, кейбірі Алматыда тіркелмеген де. Бірақ мүмкіндігі барлар 5-6 пәтерден алып үлгерді. Бәлкім алаяқтар менің жеке деректерімді алып, соны қолданды ма деген ой келді. Алайда Алматыға барғанда олай еместігіне көз жеткіздім. Бұл іске қатысы болуы мүмкін деп Жанар Мұхтарқызы Мұхаметқалиева деген кісінің есімі аталды. Сонда Алматы қалалық Полиция департаменті мен Медеу аудандық полициясы мені жәбірленушілермен жолықтырды. Сонда олардың көбі мені алғаш рет көріп тұрғандарын айтты. Бірақ кейбірі түрім ұқсап тұрғанын алға тартты, – деді Жанар Саяхатқызы.
Ол кездесулер бойынша толтырылған хаттамалардың көшірмесі өзінде бар көрінеді. Ал көп адамның ішінен Жанар Саяхатқызының назарға ілігуінің себебі сол, зардап шеккендер алаяқты өз беттерінше іздеген көрінеді.
– Тергеушілер осыны айтты. Жәбірленушілер менің әлеуметтік желідегі ескі фотомды көріп. «бізді алдап соққан осы» деп ойлаған. Оған қоса, тегімізде бір ғана әріптің ұқсамауы олар үшін күдіктерін күшейтуге негіз болды. Кейін анықталып, мен Өскеменге қайттым. Сосын айтқанымды тексеру үшін Алматы қалалық Полиция департаменті тарапынан мен жұмыс істейтін Үлбі металлургиялық зауытына сұрау жіберілді, – деді ол.
Сол арқылы құқықбұзушылық жасалған уақытта Жанар Мұхаметқалиевның қайда болғаны анықталған. Кейінірек бейнеүндеу авторының ол уақытта Өскеменде жүргені расталды. 2025 жылдың қазан айында ол Алматыға екінші рет шақырылды. Зардап шеккендер тәртіп сақшыларының жұмысы нәтижесін бермеген соң Жанар Мұхаметқалиеваны тағы бір тексеруді талап еткен көрінеді.
– Мен Алматыға барғанда зардап шеккен 7-8 адам мені заңгеріммен бірге қоршап, Жанар Мұхтарқызы сенсің деп төнді. Бәрі басылғандай еді. Бірақ биыл ақпан айында Медеу аудандық полиция бөліміндегілер Өскеменге келгенде оқиға басқаша құбылды. Тағы Алматыға шақырды. Денсаулығым болса да, келген құқық қорғау қызметкерлерімен жолға шықтық, – деді ол.
Жанар Саяхатқызы ақпан айынан бері, яғни Алматыда бес айдан бері үй қамақта отырғанын жеткізді. Шын қылмыскер табылмаған көрінеді. Қолында барлық айғақ бола тұра, еркіндікке жете алмағанын айтып, енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп отыр.
Айта кетейік, аталған бейнеүндеу жуықта ғана желіде жарияланған болатын. Ал Buqaranews тілшісі ақпан айының соңында Алматы қалалық Полиция департаметіне осы факті бойынша ресми сауалхат жіберген болатын. Олар берген жауапта Медеу аудандық полиция басқармасы қызметкерлері азаматша М.-ны ұстағанын жазды.
– Қазір оның қатысуымен қажетті тергеу жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ күдіктінің басқа да эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – делінген жауапта.
Кейінірек Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне сұраухат жібергенімізде, олар Мұхамедқалиева Жанар Саяхатқызына қатысты қылмыстық іс тіркелмегенін хабарлады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер