Еліміздегі жастардың басым бөлігі отбасын құрып, балалы болуға ниетті, алайда оған баспана мен экономикалық тұрақтылықтың жоқтығы кедергі. Бұл туралы ЮНФПА-ның бағдарламалық сарапшысы Ғазиза Молдақұлова «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбындаға дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ЮНФПА жүргізген жаһандық зерттеу Қазақстандағы жас буынның 72%-дан астамы некеге тұруды қалайтынын көрсеткен.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстан мен әлем бойынша отбасылық немесе серіктестік қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіретін негізгі факторлардың үлесі төмендегідей бөлінген:
• Экономикалық және тұрғын үй шектеулері: Қазақстан – 32,3% (Ғаламдық көрсеткіш – 28,0%);
• Серіктестің болмауы және лайықты адамды табу қиындығы: Қазақстан – 31,7% (Ғаламдық көрсеткіш – 23,5%);
• Денсаулыққа байланысты шектеулер: Қазақстан – 19,6% (Ғаламдық көрсеткіш – 17,9%);
• Бұрынғы қарым-қатынас тәжірибесімен байланысты факторлар: Қазақстан – 17,8% (Ғаламдық көрсеткіш – 18,4%);
• Жұмысқа қатысты шектеулер: Қазақстан – 16,1% (Ғаламдық көрсеткіш – 16,5%);
• Әлеуметтік нормалар мен дискриминация: Қазақстан – 15,9% (Ғаламдық көрсеткіш – 14,6%).
Ғазиза Молдақұлованың айтуы бойынша, Қазақстанда жастардың балалы болуға деген ниеті өте жоғары.
ЮНФПА дерегіне сәйкес, 18-39 жас аралығындағы респонденттердің қалайтын бала санының орташа көрсеткіші әйелдер арасында 2,7, ал ерлерде 3,2 баланы құрайды. Тіпті 35-39 жастағы баласы жоқ әйелдердің 97,2%-ы, ал ерлердің 100%-ы идеалды жағдайда балалы болғысы келетінін білдірген. Дегенмен, нақты бала саны 35-39 жас аралығындағы әйелдерде 1,4, ал ерлерде 1,0 баланы құрайды.
Респонденттер сауалнамада балалы болуға кедергі келтіретін ең басты факторларды да белгілеген. Нәтижесінде: қазақстандықтар үшін де, жаһандық деңгейде де басты кедергі – экономикалық және тұрғын үй шектеулері болып шықты. Бұл факторды Қазақстандағы респонденттердің 41,3%-ы, ал әлем бойынша 38,7%-ы «өте маңызды» деп бағалаған.
Балалы болуға кері әсер ететін басқа да факторлар төмендегідей бөлінді:
• Лайықты серіктестің болмауы: Қазақстан – 40,4% (Ғаламдық көрсеткіш – 34,7%);
• Денсаулық пен репродуктивті денсаулыққа қатысты мәселелер: Қазақстан – 34,9% (Ғаламдық көрсеткіш – 32,8%);
• Серіктестің балалы болуды қаламауы: Қазақстан – 26,1% (Ғаламдық көрсеткіш – 21,3%);
• Қолдаудың жеткіліксіздігі және ата-аналық міндеттердің ауырлығы: Қазақстан – 22,8% (Ғаламдық көрсеткіш – 23,0%);
• Макродеңгейдегі белгісіздік пен сыртқы тәуекелдер: Қазақстан – 20,5% (Ғаламдық көрсеткіш – 21,2%);
• Қалаған бала санына жетіп қоюы: Қазақстан – 19,1% (Ғаламдық көрсеткіш – 24,1%);
• Отбасының басқа мүшелеріне күтім жасау міндеттерінің көптігі: Қазақстан – 15,7% (Ғаламдық көрсеткіш – 20,4%).
Пікірлер