A+ A A-

talgatzhan 45 Бүгін, 10:30 0

Өз үйім – өлең-төсегім: Шығыс Қазақстанда қолжетімді баспананы қалай алуға болады?

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе / Пайдалы

Кез келген жан өзі қалаған баспанада тұруды мақсат етіп, әл-қуаты жеткенше соған қол жеткізуге ұмтылады. Дегенмен олай ету көп адам үшін оңай шаруа болмай тұр. Соңғы жылдары тұрғын үй бағасының өсуі мен ипотекалық несиенің шарттары қарапайым халық қалтасына салмақ түсіріп отыр. Шығыс Қазақстан облысында да бұл мәселе өзекті. Мәселен, Өскеменде пәтерге сұраныс жоғары болғандықтан, нарықтағы баға өзгеріп келеді. Газет тілшісі тұрғын үй нарығына талдау жасап, облыс орталығындағы бағаны, ипотекалық мүмкіндіктер мен сарапшылар пікірін бағамдап көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Арзандады деп айтуға келмейді

Осы тақылеттес тақырыпты осыдан бірнеше ай бұрын қамтыған болатынбыз. Бірақ үй алу үміті әлі күнге дейін ескере қоймаған бағыт. Себебі, жылжымайтын мүлікті алу шарты жиі өзгеріп, баға да таразыдағыдай теңселіп-ақ тұр. Жалпы, қымбаттамаса, арзандаған түгі жоқ. Кеше ғана қолжетімді көрінген пәтердің құны бүгін қымбаттап шыға келеді.

Осы ретте Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларды талдап көрдік. Анықталғандай, Өскемендегі ең қолжетімді пәтерлер ескі панельді үйлер мен жатақхана үлгісіндегі тұрғын үйлерде кездеседі. Бағасы шамамен 8-12 млн теңге аралығында. Қаланың орталығы, Жібек маталар комбинаты, Стрелка, Сол жағалау сияқты аудандарда 2-3 бөлмелі пәтерлер 20-30 млн теңге аралығында құбылып тұр. Ал жөндеу жасалған немесе жаңа үйлердегі пәтерлер құны 35–50 млн теңгеге дейін жетеді.

Пәтер түрі

Нарықтағы орташа баға

1 бөлмелі

8,5-18,5 млн теңге

2 бөлмелі

14,5-27 млн теңге

3 бөлмелі

21-40 млн теңге

Жаңа тұрғын үйдегі 1 бөлмелі

15 млн теңгеден бастап

Жаңа тұрғын үйдегі 2 бөлмелі

19 млн теңгеден бастап

Жаңа тұрғын үйдегі 3 бөлмелі

30 млн теңгеден бастап

Өскемендегі «Ипотека орталығы» жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Назерке Топанованың сөзінше, облыста 2020 жылдан бастап баспана күрт қымбаттаған.

– Соңғы 2-3 жылда үй бағасы 1-2 млн теңгеге өсті. Бізге хабарласатындардың көбі қаланың қақ ортасынан кең әрі жайлы үй алғысы келеді. Бірақ әр адам өз мүмкіндігіне қарау керек деп ойлаймын. Тағы бір кеңесім – қаржыны «Отбасы банк» арқылы жинаған жөн. Соңғы 5 жылда атыңызда үй болмаса, «Наурыз», «Ұмай» сынды ипотекалық бағдарламалар бойынша қалаған пәтерді сатып ала аласыз. Ал үй бар болса, екінші нарықтағы банкке жүгінген дұрыс. Алғашқы жарнаға келсек, үш жыл ішінде кемінде 3 млн теңге жинауға болады. Бастысы – артық несие алмай, жеке табысты реттеу керек, – деді ол.

 

Сарапшы мен статистика

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, биыл маусым айында елдегі жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы – бір шаршы метріне 617 555 теңге. Ал Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларға көз жүгіртсек, салынып жатқан жаңа үйлердің орташа бағасы бір шаршы метріне 594 927 теңгені құрады.

Қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, биыл тұрғын үй бағасы төмендеп жатқан жоқ.

– Былтыр үй бағасы біршама өсті. Қазақстан бойынша өсім шамамен 15 пайыз болды. Менің ойымша, қазір тұрғын үй нарығында өсімнің баяулауы байқалады. Бірақ бұл үй арзандап жатыр деген сөз емес. Тек бұрынғыдай жылдам қымбаттап жатқан жоқ. Бұған ең алдымен Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі әсер етті, – деді ол.

Былтыр Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Нәтижесінде екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық несиелердің құны да артқан.

– Бұрын базалық мөлшерлеме 16,25 пайыз деңгейінде болса, кейін ол 18 пайызға дейін көтерілді. Соған байланысты банктердегі ипотекалық мөлшерлемелер де қымбаттады. Бізде халық ипотеканы көбіне 15-20 жылға рәсімдейді. Осындай ұзақ мерзімде төленетін ақшаның басым бөлігі пайыздарға кетеді. Сондықтан мөлшерлеменің 2-3 пайызға ғана өсуінің өзі ипотеканың жалпы құнын айтарлықтай арттырады, – деді сарапшы.

Соңғы айларда әлеуметтік желілерде «үй бағасы арзандап жатыр» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда сарапшы мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстандағы тұрғын үй бағасының төмендемеуінің басты себебі – жалпы инфляция.

– Бізде тұрғын үй бағасы неге төмендемейді? Өйткені бәрі инфляциямен байланысты. Тұрғын үй де – кез келген басқа тауар сияқты экономиканың бір бөлігі. Егер тек тұрғын үй қымбаттап, ал азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасы өзгермесе, сұраныс азайған кезде үй бағасы төмендеуі мүмкін еді. Бірақ қазір азық-түлік те, құрылыс материалдары да, жанармай да, басқа тауарлар да қымбаттап жатыр. Сондықтан тұрғын үй бағасының төмендеуіне негіз жоқ, – деді спикер.

Сарапшы инфляция бар кезде экономиканы алдау мүмкін еместігін алға тартты. Себебі, ол көптеген саланы басқарып отыр. Ал тұрғын үй алуға ниетті азаматтардың ең көп қоятын сұрағының бірі – дәл қазір баспана сатып алған тиімді ме, әлде нарықтағы өзгерістерді күткен дұрыс па? Жеңіс Шәріпұлының пікірінше, бәрі адамның жағдайына байланысты.

– Мұнда адамдарды екі топқа бөліп қарау керек. Біріншісі – мүлде баспанасы жоқ азаматтар. Екіншісі – өз үйі бар, бірақ инвестиция ретінде тағы бір пәтер алуды жоспарлап жүргендер. Егер адамның баспанасы болмаса және жалдамалы пәтерде тұрып жатса, үйді кейінге қалдырмай сатып алған дұрыс. Егер адамның өз үйі бар болып, тағы бір пәтер сатып алғысы келсе, қазіргі жоғары мөлшерлемемен ипотека рәсімдеу тиімді емес. Мұндайда қаражатты жинап, бастапқы жарнаны көбейткен дұрыс. Қазір депозиттердің жылдық сыйақысы шамамен 17 пайыз деңгейінде. Сондықтан біраз уақыт күтіп, жинақты ұлғайту тиімді болуы мүмкін, – деді Жеңіс Шәріпұлы.

Қаржы сарапшысы жыл соңына дейін тұрғын үй бағасының күрт өзгеруін күтпейді. Дегенмен жаңа тұрғын үйлердің бағасы әлі де өсуі мүмкін.

– Жыл соңына дейін жаңа тұрғын үйлердің бағасы ең көбі 10 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Негізгі сценарий бойынша өсім шамамен 5 пайыз деңгейінде болады. Ал екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы шамамен 5-7 пайыз аралығында ғана өседі деп ойлаймын. Бұл қазіргі инфляция деңгейіне сәйкес келетін қалыпты өсім, – деді сарапшы.

 

Қандай бағдарламалар бар?

Бүгінде облыста бірқатар ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынайық.

 

«Наурыз» бағдарламасы

Негізгі шарттары:

пайыздық мөлшерлеме – 9%, әлеуметтік осал санаттар үшін – 7%;

бастапқы жарна – таза әрленген үйге 10%, қарапайым әрленген үйге 20%;

қарыздың ең жоғары сомасы – өңірлерде 30 млн теңгеге дейін;

несие мерзімі – 19 жылға дейін.

Бұл бағдарлама – тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы баспана алуды жоспарлаған азаматтарға арналған әмбебап құрал.


«Наурыз жұмыскер»

Еңбек адамдарына арналған ипотека шарттары «Наурызбен» бірдей, алайда ол өнеркәсіп, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстары салаларының қызметкерлеріне қана қолжетімді.


«7-20-25»

Негізгі шарттары:

пайыздық мөлшерлеме – 7%;

бастапқы жарна – 20%;

несие мерзімі – 25 жылға дейін;

ең жоғары қарыз сомасы – өңірлерде 20 млн теңге.

Жаңартылған лимиттер бұл бағдарламаны қазіргі нарықтағы баспана бағасына бейімдей түсті.

«Ұмай»

«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау тамыз айында басталады. Ол ресми табысы бар және соңғы кемінде 6 ай бойы міндетті зейнетақы жарналары аударылып келген жұмыс істейтін әйелдерге арналған.

Негізгі шарттары:

бастапқы жарна – өңірлерде 15%-дан басталады;

ең жоғары несие сомасы – 50 млн теңгеге дейін;

несие мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін;

банк әзірге нақты пайыздық мөлшерлемені жариялаған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, алғашқы жылдары ол шамамен 15% болып, кейін 3,5-5%-ға дейін  төмендеуі мүмкін.


«Жасыл ипотека»

Негізгі шарттары:

ең жоғары сома – 50 млн теңгеге дейін;

бастапқы жарна – 20%, тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін 15%;

мөлшерлеме – 12,5%, жинақ 50%-ға жеткенде 3,5-5% дейін төмендейді.

Бұл бағдарлама энергия үнемдейтін, экологиялық талаптарға сай тұрғын үйлерді сатып алуға арналған.


Өңірдегі құрылыс қарқыны
Шығыс Қазақстанда баспанаға деген сұраныстың артуымен қатар құрылыс жұмыстары да назардан тыс қалмады. Облыс әкімдігі ақпаратынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көзі есебінен жалпы көлемі 961 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 860 мың шаршы метрі – көпқабатты тұрғын үйлер болса, 101 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үйлер.

Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған тұрғын үй көлемі 408,4 мың шаршы метрді құрайды. Ал қаңтар-маусым айларының қорытындысында 150,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 103,4 пайызға жетті.

Бұадн бөлек, биыл әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтар үшін 701 пәтер сатып алу көзделген. Оның 401-і 52 елдімекенде жүзеге асырылып жатқан «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлерден сатып алынса, тағы 300 пәтер Өскемен қаласы мен Зайсан, Алтай, Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлерден алынады.

Қазір өңірде жалпы саны 1 302 пәтерді қамтитын 21 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған азаматтарға 232 кредиттік пәтер берілмек. Жалпы алғанда, биыл 933 азамат жалдамалы және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив