
ШҚО спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қалай өнер көрсетті?
Орталық Азия мен Еуропаны былай қойып, бүкіл әлем назары Қырғызстанға ауды десек артық айтпаспыз. Себебі, алпауыт мемлекеттерден бастап, халық саны аз қаншама ел аумағында ғұмыр кешіп жатқан көшпенді жұрт Бішкекте бас қосты. Қазақстан спортшылары командалық есепте фаворит болғаны белгілі. Дегенмен қырғыз елінің өзінің төл спорты бар, олардың да спорттық бағдарламаға енгізілгенін ескерсек, бәйгені оңайлықпен бермеуге бекінгендері белгілі. Ол жаққа барған барша атлет, оның ішінде шығысқазақстандық спортшылар да аянып қалмады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бішкекке бізден кімдер барды?
Өңірден ұзын-саны 12 спортшы жол тартқан еді. Олардың медаль алатындарына сенім болды әу баста. Әсіресе, арқан тартатын жігіттердің аяқ алысы көңілге сенім ұялатқан. Тізім төмендегідей:
1. Достан Ошабаев
2. Азамат Уалиев
3. Дінислам Шакиртов
4. Дәурен Шарипов
5. Сұңғат Серғазин
6. Дамир Байғонов
7. Константин Шишкин
8. Ермек Жәпішев
9. Мейір Рахметқалиев (1х1)
Бапкерлер: Ерлан Уалиев, Әділжан Дюсупов.
Жігіттер Қырғызстандағы бәсекеде ел құрамасы сапында өнер көрсететін әр спортшыға артылар жүк ауыр боларын сезініп, бір мезет те әзірліктерін тоқтатпады. Олай деуіміздің бір себебі сол, тамыз басталмай тұрып аударыспақтан бірнеше дүркін Азия чемпионы, арқан тартыстан облыс құрамасының мүшесі Ермек Жәпішевтен сұхбат алмақ болған едік. Ұлан ауданының тумасы ол уақытта Сарыбел жағалауындағы оқу-жаттығу жиынында екенін, сөйлесуге уақыт жоқтығын айтқан болатын. Біз де әрі қарай қазбаламай, жаттығуа кедергі келтірмеуду жөн көрдік. Одан бөлек, қол күрестен қаншама Әлем чемпиондарын баптаған Ерлан Уалиев пен Әділжан Дюсупов секілді жаттықтырушылар барда әзірліктің қарбалас өтуі заңдылық еді.
Тек бұл емес, дәстүрлі садақ атудан ел намысын қорғайтын Аяш Қабдоллаева да жерлестер үмітін арқалағаны анық. Оны баптайтын өзінің келіні Ажар Төлеуқанова халықаралық деңгейдегі бәсекелердің талайын көрген білікті маман. Қысқасы, ене мен келіні екеулеп, медаль алуға мүдделі болғандары анық.
Негізгі ақпараттарға зер сала отырып, алыптар арасында бақ сынап, ауыр темірлерді көтеруге жарыс жолына шығатын Вадим Макарцовты қамтымаппыз. Бішкекке барғанда нағыз шоу көрсеткені бар жерлесіміздің. Ольга Душаева мас-рестлинг (таяқ тарту) бойынша жүлдеге қол созуға тиіс болатын.
Таңғалдырған таныстыру
Сөйтіп, тамыздың 31-күні Бішкектің жаңа аренасында ондаған мың көрермен мен әлем көшбасшыларының басын қосқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ресми дерек болған соң кімдер қатысқанын қысқаша ұсына кетейік. Құрметті меймандар қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди болды. Қызығы сол, командаларды жариялап тұрған қырғызстандық тележүргізуші Айзада Жамғырчиева отандастарымыз шыққанда «Қааазақстааан!» деп екпінмен айтып, көпті таң қалдырды. Қазақстандық жанүйерлер дән риза болып, кейін ол әлеуметтік желілелерде көп таралды. Сонда көп адам «қазақ-қырғыз – бір туған» деген тәмсілді қайтадан айтып, бір-біріне деген жылы лебіздерін жеткізген. Дегенмен тура бір апта өткен соң осы тіркестің орынсыз екенін айтқандар да төбе көрсетті. Оның өзіндік себебі жоқ емес...
Турнирге Қазақстан атынан 150-ден астам спортшы қатысты. Олар жарыс бағдарламасындағы барлық 43 пән бойынша, оның ішінде дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Өткен Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте көш бастап, тарихи жеңіске жеткен болатын. Биыл да қазақстандық балуандар, шабандоздар мен этноспорт шеберлері спорт нысандарында медальдар үшін табанды күрес жүргізуге сақадай сай еді. Алғашқы жүлделерді аударыспақ шеберлері салды. Соның ішінде «Аңыз адам» аталатын Сырым Ізбасаровты бөле-жара айта кетуді жөн көрдік. 100 келіге дейінгі салмақта финалдық кездесуде ол қырғызстандық қарсыласымен шеберлік байқасып, айқын басымдықпен жеңісті жұлып алды.
Айта кетейік, Сырым Ізбасаров 2016 жылы және 2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да топ жарып, чемпиондық тұғырға көтерілген болатын.
Сонымен қатар 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Дарын Өткелбай да аударыспақтан алтын медаль иеленді.
Бәйгенің барлық түрінен дерлік қазақстандық жүйріктер топ жарды. Бұған дүйім жұрт қол соғып, қырғыз жанкүйерлері таңдай қақты. Аламан бәйгеде олар үміт артқан «Қарақыз» жүлдеге ілікпеді.
Арқан тартыста бұйырған алтындар
Бішкектің әр түкпірінде тартысты бәсекелер өрбіп жатқанда арқан тартыс та қызыды. Жоғарыда тізімі берілген сегіз жігіт бірінен соң бірі қарсыластарын ұтып жатты. Сырт көзге кей елдің жігіттері ірі көрінді. Бұла күші бойына сыймағандары біздің атлеттерді тартып кете ме деген ойдың болғаны рас емес. Әсіресе, Иран мен Қырғызстан қауіпті болды. Айта кетейік, бәсеке үш санат бойынша өрбіді. Алдымен 8*8 санаты бойынша мықтылар анықталды. Бұл жерде ел құрамасының абыройын бірыңғай Шығыс Қазақстан жігіттері арқалап шықты. Финалда жарыс иелерін 2:1 есебімен ұтып, чемпион атанды.
Ертеңінде 4*4 санатында үздіктер анықталды. Бұл жерде отандастарымыз қарсылас шақ келтірмеді. Дегенмен финалда Иран елінің спортшылары айтарлықтай тегеурін танытты. Ішкі ауызбіршілік пен біркелкі қозғалу, одан бөлек, төзім арқасында Қазақстан командасы 2:1 есебімен басым түсіп, тағы бір алтын алды.
Үшінші күні Зайсанның тумасы, дегенмен көп жылдан бері Риддерде тұрып жатқан Мейір Рахметқалиевке сенім артылды. Мұнда салмаққа шектеу қойылған жоқ. 100, 150, 200 келі болсын медаль алу үшін барын салды. Жерлесіміз жарыс жолына таяқ тартуда қарсыластарын бұйым құрлы көрмеген ирандық алып – Реза Гейтасимен жолықты. Салмағы 190 келіге жуық. Екеуі 5 минуттай тартысып, тактикасы сәтті қойылған Мейір жеңіске жетті. Бұдан кейін де бірнеше мықтыны ұтып, финалда қырғыз жігітінен басым болды. Осылайша, арқан тартыс бойынша мүмкін болатын үш алтынның бәрін шығысқазақстандық спортшылар иеленді.
Алып денелі жігіттер бақ сынасқан стронгмен жарысы да біраз жұрт қызығушылығын туғызды. Небір ауыр заттарды әрлі-берлі сүйреу, оны лақтыру – қажыр-қайратты қажет етеді. Өскемендік Вадим Макарцов аянып қалмай, жүлдегерлер үштігін түйіндеп қайтты.
Соңғы жылдары облыс аумағында садақ ату деңгейі біршама көтерілді. Бұл ретте Ажар Төлеуқанованың еңбегін айта кеткен орынды. Ол баптаған шәкірттер елішілік жарыстарда үнемі олжас салып жүр. Өзінің енесі Аяш Қабдоллаева, жасы 51-ден асқан нәзік жанды Бішкек төрінде айды аспанға шығарды. 60 метр қашықтықтағы Пута нысанасы бойынша алдына жан салмай, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды! Бұл үлкен дәлдікті, шеберлікті, төзімділікті қажет ететін сайыс. Сөйтіп, Аяш Советбекқызы финалда Қырғызстанның өкілін жеңіп, ел намысын абыроймен қорғады. Жуықта редакция тілшісіне берген сұхбатында ауқымды бәсеке алдында тыңғылықты дайындық жүргізгендерін айтты. Сөзінше, бұған дейін Астанада ел құрамасы арасында чемпиондар лигасы өтті. Онда 12 азамат, 12 әйел адам бақ сынаған. Жерлесіміз сол сында 2-орын алып, көшпенділер ойындарына жолдама алды. Әрі қарай Қырғызстанға барып дайындалып, сол жақтағы тау қысымына бой үйреткен.
Қоржында қанша медаль бар?
Әр күні ел құрамасына алтын, күміс, қола медальдар молынан түсіп жатты. Ең соңғы күні көкпар мен көкбөру бойынша екі финалдық ойын болды. Одан бөлек, тоғызқұмалақтан мықтылар анықталды. Бұл кезде ел құрамасы қоржынында да, қырғыздарда да 28 алтын медальдан бар еді. Екі финал командалық есепте қай елдің топ жаратынын шешеді делінді. Өкінішке қарай, ел құрамасы көкбөруден де, көкпардан да жарыс қожайындарына есе жіберді. Алғашқысында 0:12, көкпар бойынша 2:7 есебі тіркелді. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген тәмсілдің мұрты бұзыла бастады. Қырғыз жігіттері Қазақстан құрамасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек атынан құлағанда, таптап кеткен сәті көпшілік арасында талқыланды. Бірі ойсырай жеңілген отандастарымызды сынға алса, енді бірі қырғыз көкпаршыларының лас ойнағандарын айтып, Абылайхан Нышанбектің 2 минутқа алаңнан қуылғанын төреші тарапынан қабылданған әділетсіз шешім екендігін жеткізді. Дегенмен болары болды. Жеңіс бұйырмады.
Бұдан соң жалпыкомандалық есепте Қазақстан спортшылары ұтқан 32 алтынның үшеуі есепке алынбай, бірінші орынға Қырғызстан орнықты. Дегенмен ертесінде басқа шешім шықты. Нәтиженің қайта қаралғанын Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді. Оның айтуынша, медальдар санындағы айырмашылық қазақстандық үш спортшы жеңіп алған жүлделерді есептеу тәртібіне байланысты туындаған. Ұйымдастыру комитеті мәселені қайта қарап, үш спортшының жүлдесін жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде Қазақстан жалпыкомандалық медаль есебінде бірінші орынға шықты. Жалпы, 74 медаль бұйырды.
Енді 2028 жылы аталған бәсеке Ресейдің Қазан қаласында өтеді. Ол жарыста жерлестеріміз дайындықты бүгіннен бастап жатыр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет: ашық дереккөзден)
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер