A+ A A-

talgatzhan 40 Бүгін, 10:05 0

Өскемендік ұстаз орыс мектебінде қазақ тілін үйретіп жүр

Бүгін / Өскемен / Сұхбат

Ұстаз – әр адамның өмірінде айрықша орны бар, мәртебесі биік тұлға. Алғаш қолға қалам ұстатып, әріп танытқан, білім негізін қалап, болашаққа бағдар берген жанды ұмыту мүмкін емес. Шәкірттері мұғаліміне шаң жуытпай, берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп тиянақты орындаса, бұл да бір қуаныш. Өскемендегі С. Нұрмағамбетов атындағы №4 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Гүлжан Ұлтанбаева осындай жандардың бірі. Ол 30 жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнап, орыс сыныптарында білім алатын оқушыларға қазақ тілін үйретіп келеді. Ол ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдеби шығармалар арқылы ел тарихы мен мәдениетін танытып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Сұхбатымызды туып-өскен жеріңізден бастасақ. Қай жақтың тумасысыз? Мамандықты бала кезден армандап, жүрек қалауымен таңдадыңыз ба?

– Семей облысы Шар ауданының Кіші-Қарасу ауылында дүниеге келдім. Сол жерде орта мектепті тәмамдадым. Ұстаз болу – бала күнгі арманым. Сондықтан мамандық таңдаған кезде көп ойланған жоқпын.

 

– Неліктен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғыңыз келді?

– Кішкентайымнан газет-журнал оқуға қызығатынмын. Сонымен қатар көркем әдебиетті, ақын-жазушылар өмірі мен шығармашылығын сүйіп оқыдым. Осы қызығушылығым уақыт өте келе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға деген ынтама ұласты. Мамандық таңдауыма отбасымның да ықпалы зор болды. Атам Жағыпар Орынбайұлы – ұлағатты ұстаз болған. Ағам мен әпкем де ұстаздық саласында еңбек етті. Олардың еңбегін көріп өскендіктен, осы мамандыққа деген құрметім бала кезден қалыптасты. Мамандық таңдаудан қателестім деп айта алмаймын. Керісінше, дұрыс таңдау жасағаныма қуанамын. Шәкірттерім түрлі сайыс пен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Өзім де кәсіби байқауларға қатысып, Алғыс хаттар, дипломдар мен төсбелгілердің иегері атандым.

 

– Ұстаздық еңбек өтіліңіз қанша жыл? Осы уақыт ішінде өзіңіз үшін ерекше есте қалған сәттер болды ма?

– Отыз жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарып келемін. Осы жылдар ішінде бұл мамандықтың жауапкершілігі мен қадірін терең түсіндім. Әсіресе қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретудің өзіндік қызығы мен қиындығы бар. Оқушыны қызықтыра алмасаң, тіл үйрету оңай емес. Сондықтан сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Көркем шығармаларды оқыту кезінде тақырыпты міндетті түрде өмірмен байланыстырамын. Ал ұлттық құндылықтарды жеткізуде қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын шығарманың мазмұнымен сабақтастырамын. Қазақ халқының отбасындағы тәрбиесі, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, қонақжайлық, бауырмалдық секілді қасиеттері кез келген ұлт өкіліне үлгі бола алады.

 

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болудың ерекшелігі неде? Бұл мамандықтың ең қиын тұстары қандай?

– Қазақ тілі мен әдебиеті – ұлт рухын, тарихын, мәдениеті мен дүниетанымын танытатын ерекше пән. Сондықтан бұл пәнді оқытатын мұғалімнің жауапкершілігі де жоғары. Әсіресе орыс сыныптарында қазақ тілін үйретуде мұғалімнен шыдамдылық пен ізденіс талап етіледі. Әр баланың қабылдауы әртүрлі. Бір оқушы сөзді тез меңгерсе, енді біріне бірнеше рет қайталауға тура келеді. Мұндай жағдайда мұғалім оқушыны жалықтырмайтын, қызықты әрі тиімді тәсілдерді таба білуі керек.

 

– Сіз орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытасыз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде қандай әдіс-тәсілдерді жиі қолданасыз?

– Көбінесе диалогтік оқыту мен сөздікпен жұмыс әдістерін қолданамын. Сонымен қатар рөлдерге бөліп, ойындар ойнатамын. Жұптық және топтық жұмыстар, тыңдалым мен айтылым тапсырмаларының да тиімділігі жоғары. Күнделікті өмірде қолданылатын сөздер мен сөйлемдерді үйретуге ерекше көңіл бөлемін. Оқушы алған білімін күнделікті қарым-қатынаста қолдана алуы керек. Тілді тек ереже арқылы емес, сөйлесу арқылы меңгерген әлдеқайда тиімді.

 

– Қазақ тілін өзге тілде білім алатын оқушыларға үйретуде қандай кедергілер кездеседі?

– Бірнеше кедергі бар. Атап айтқанда, оқушылардың сөздік қорының аздығы, қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін түсінудің қиындықты атап өтуге болады. Одан бөлек, кейбір дыбысты дұрыс айта алмауы, қазақ тілінде сөйлеуге деген сенімсіздігі және тілдік ортаның жеткіліксіздігі әсер етеді. Мұндай қиындықтарды біртіндеп жеңуге болады. Ол үшін оқушымен көбірек сөйлесіп, сөйлеу жаттығуларын ұйымдастыру қажет. Ең бастысы – баланы қателесуден қорықпауға үйрету. Оқушы өз ойын еркін жеткізген сайын тілге деген қызығушылығы да арта түседі.

 

– Сабақ беру кезінде көркем шығарманың мазмұны мен ұлттық құндылығын оқушыға қалай жеткізесіз?

– Көркем шығарманы өмірмен байланыстыру өте маңызды. Өмірдегі жағдайлардан мысал келтіріп, шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлердің іс-әрекетін бүгінгі өмірмен салыстыруға болады. Сонымен қатар кейіпкерлерге талдау жасау, пікірталас ұйымдастыру, сұрақ-жауап, шығармашылық тапсырмалар тиімді нәтиже береді. Оқушы шығарма арқылы достық, адамгершілік, отансүйгіштік, үлкенді сыйлау сияқты құндылықтарды танып, оны өз өмірімен байланыстыра алса, сабақ мақсаты орындалды деп есептеймін.

 

– Соңғы бес жылда қазақ әдебиеті оқулықтарында, оны оқыту мазмұнында қандай өзгерістер байқадыңыз?

– Соңғы жылдары орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда түрлі өзгеріс куәсі болдық. Әрине, бұл оқу үдерісіне де әсер етеді. Мұндай жағдайда мұғалімнің кәсіби шеберлігі ерекше маңызды. Қазіргі заманда әдеби шығармалар арқылы оқушылардың бойында отансүйгіштік, ұлттық сана, рухани құндылықтарды қалыптастыру өте қажет. Биылғы оқу жылынан бастап оқушыларға көркем әдеби шығармаларды оқуға көбірек көңіл бөлініп отыр. Бұл – құптарлық бастама. Кітап оқу арқылы баланың ой-өрісі кеңейіп, сөздік қоры молайып, сабаққа деген қызығушылығы артады. Дегенмен, қазіргі орыс сыныптарына арналған кейбір оқулыққа көңілім толмайтын тұстар да бар. Меніңше, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін бөлек оқытқан дұрыс. Қазір бұл екі бағыт бір оқулықта біріктіріліп беріледі. Сондықтан тіл мен әдебиеттің мазмұнын ескере отырып, оларды жеке пән ретінде оқыту мәселесін қарастырған жөн деп ойлаймын. Сонымен бірге бүгінгі сабақ үдерісінде заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін де қажеттілігіне қарай пайдаланып жүрміз. Алайда оны күнделікті сабақтың негізгі құралына айналдыруға болмайды. Ең маңыздысы – мұғалім мен оқушы арасындағы тікелей қарым-қатынас. Қазір оқушылардың ұстазбен байланысы да бұрынғыдан еркін. Олар өз ойларын ашық айтып, сұрақ қойып, пікірін білдіре алады.

 

– Қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарының мазмұны мен сапасына көңіліңіз тола ма? Мұғалім ретінде қандай тұстарын жетілдіру қажет деп ойлайсыз?

– Оқулықтардың мазмұны жалпы білім беру талаптарына сәйкес келеді. Дегенмен кейбір оқулықтағы мәтіндердің мазмұнын жаңартып, қазіргі оқушының қызығушылығына жақындату қажет деп ойлаймын. Бүгінгі бала цифрлық ортада өсіп келеді. Сондықтан сабақта қосымша заманауи мәтіндер, бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар мен цифрлық ресурстарды пайдаланған дұрыс. Мұндай тәсілдер оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, сабақты қабылдауын жеңілдетеді.

 

– Бұрын 5-6-сыныптардың әдебиет оқулығында «Сырттандар», «Жиренше шешен», «Аяз би» секілді қазақ болмысын танытатын шығармалар оқытылатын еді. Қазір бұл шығармалар бар ма?

– Иә, мұндай шығармалар оқытылады. Дегенмен орыс сыныптарында олар біршама үстірт беріледі. Қазақ мектептеріндегідей мазмұны жүйелі әрі толық қамтылмайды. Меніңше, мұндай шығармалардың тәрбиелік мәні өте зор. «Жиренше шешен», «Аяз би» секілді кейіпкерлер арқылы оқушы тапқырлықты, шешендікті, ақылдылықты, әділдікті таниды. Ал «Сырттандар» сияқты шығармалар ұлттық дүниетанымды түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай туындыларды оқытуға көбірек көңіл бөлінсе екен деймін.

 

– Қазір заман түрлі технологиялармен толығып, түрленіп жатыр. Жасанды интеллект сияқты жаңа технологияларды сабақ барысында қолдануға қалай қарайсыз?

– Жасанды интеллектіні сабақта тиімді құрал ретінде пайдалануға болады. Мысалы, мәтін құрастыру, сөздік жұмысын ұйымдастыру, сұрақтар дайындау, кейіпкерлерге талдау жасау, шығармашылық тапсырмалар әзірлеу кезінде оның мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Алайда жасанды интеллект мұғалімді толық алмастырмауы керек. Мұғалім оның берген ақпаратын міндетті түрде тексеріп, оқушыны дайын жауапты қабылдауға емес, өз бетінше ойлануға бағыттауы қажет. Технология – мақсат емес, білім беруді жеңілдететін құрал.

 

– Қазір оқушы мен ұстаз арасындағы байланыс қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Оқушы мен ұстаз арасындағы байланыс өзара сыйластыққа, сенімге және ынтымақтастыққа негізделуі керек. Мұғалім тек білім беруші ғана емес, оқушыға бағыт-бағдар көрсететін тұлға болуы маңызды. Ал оқушы өз ойын еркін айтып, сұрақ қойып, пікір білдіре алуы қажет. Осындай жылы әрі еркін қарым-қатынас орнаған жағдайда оқу нәтижесі де жақсарады. Ұстаз оқушыны тыңдай білуі керек. Себебі әр баланың өзіндік ойы, қабілеті мен қызығушылығы бар.

 

– Ұстаз боламын деп жүрген жастың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Ұстаздық жолды таңдаған жастарға айтарым – ең алдымен сабырлы, төзімді, шыдамды болу керек. Сонымен қатар жан-жақты білімді, ізденімпаз, креативті ойлай алатын, бірнеше тіл білетін маман болғаны дұрыс. Қазіргі ұстаз заман ағымынан қалмауы керек. Үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отырған жөн. Себебі мұғалімнің өзі дамыса ғана оқушысына жаңа дүниелер үйрете алады. Ұстаздық – бір орында тұрып қалуды көтермейтін мамандық.

 

– Ұстаздық қызмет сізді тұлға ретінде қалай өзгертті? Осы мамандықтың сізге берген ең үлкен сабағы қандай?

– Ұстаздық қызмет мені тұлға ретінде жүз пайызға өзгертті десем, қателеспеймін. Бұл мамандық маған сабырлы болуды, әр адамға түсіністікпен қарауды, үнемі ізденуді үйретті. Әр оқушының саған деген сыйластығын, құрметі мен ықыласын сезіну – мен үшін үлкен бақыт. Ұстаз еңбегінің нәтижесін шәкіртінің жетістігінен көру – теңдессіз қуаныш. Егер қайтадан мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, еш ойланбастан тағы да ұстаздық жолды таңдар едім. Өйткені алдымда отырған әр баланың саған деген құрметін көру – мен үшін үлкен бақыт әрі еңбегімнің жемісі.

 

– Ұстаздар күніне орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз қандай?

– Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әр шаңырақта бақыт пен береке орнап, бір-біріңізге деген құрмет пен сыйластық арта берсін. Үйлеріңізден мейірім мен шаттық үзілмесін. Еңбектеріңіздің жемісін көріп, шәкірттеріңіздің жетістігіне қуанып жүре беріңіздер!



Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив