Aitas Meken Foundation орман көміртегі жобасын іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – Катонқарағайдағы орман қорын сақтап қалу және оны қорғау үшін қаражат тарту, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қор мәліметінше, мұндай бастама ұзақ мерзімді және 50 жылға созылуы мүмкін.
– Егер орман қалпына келтіріліп, сақталса, ол көміртекті сіңіреді. Бұл нәтижені өлшеп, нақты дәлелдеуге болады. Соның негізінде көміртек кредиттері шығарылады. Оларды кейін мүдделі компаниялар сатып алады. Түскен қаражатты орманды қалпына келтіру жұмыстары мен тұтас ауданның дамуына бағыттауға болады. Біз Катонқарағайда қолданыстағы орман алқаптарын сақтауды, әлсіреген учаскелерді қалпына келтіруді және шамамен 5 600 гектар аумақта өрттен қорғау шараларын күшейтуді жоспарлап отырмыз. Бастапқы кезеңде 876 гектар аумақ қамтылады. Бұл – үлкен мүмкіндік, жаңа жұмыс орындары және тұрақты қаржыландыру көзі, – деді ұйымдастырушылар.
Белгілі болғандай, нәтижесінде Катонқарағайда «Бірінші жасыл аудан» моделі қалыптасады. Бұл модель табиғатты қорғау жұмыстары жекелеген гранттар мен жобалардың мерзімі аяқталған соң тоқтап қалмай, ондаған жыл бойы жалғасуына мүмкіндік беретін қосымша қаржы көзін қалыптастыруды көздейді.
Көміртегі жобасының құжаттары алдын ала бекіту үшін халықаралық сертификаттау компаниясына ұсынылды.
Пікірлер