A+ A A-

talgatzhan 20 Бүгін, 14:20 0

ШҚО-да Қазақстандағы ең биік автокөлік көпірі ашылды

Бүгін / Басты / ШҚО

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жаңа жол мен Гематология орталығының ашылу салтанатына қатысып, Бұқтырма гидроэнергетикалық кешенінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ҚР Президентінің тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай (Осинов) асуын айналып өтетін жаңа жол мен Пихтовка өзені арқылы салынған көпір ашылды. Бұл жоба өңірдегі жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Тік тау беткейлері, терең шатқал мен күрделі табиғи жағдай - жол құрылысы кезіндегі ең қиын сынақтардың бірі. Осындай жағдайда салынған жаңа көпір - инженерлік шешімдердің нақты нәтижесі. Пихтовка өзені арқылы өтетін, ұзындығы 175 метрлік көпір шатқалдан 45 метр биіктікте орналасқан.

️Салтанатты ашылу рәсіміне Үкімет басшысының тапсырмасымен өңірге келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.

- Мемлекет басшысы жолдардың сапасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Оның тапсырмаларының орындалуы халық үшін нақты нәтижесін беруі керек. Яғни жол қауіпсіздігі артып, елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты қысқаруы тиіс. Жаңа айналма жол бұралаңы көп тау жолын айналып өтуге мүмкіндік береді. Қашықтықтары алшақ, қысы қатал Шығыс Қазақстан үшін бұл аса маңызды, - деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Тереңсай асуы ұзақ жылдар бойы жүргізушілер үшін жолдың ең күрделі учаскелерінің бірі болып келді. Әсіресе қыс мезгілінде қарлы боран мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатып, көліктердің жүруіне уақытша шектеу қоюға себеп болатын. Асудағы тік бұрылыстар мен өрлер де жүргізушілерден ерекше сақтықты талап ететін.

Енді бұл бағытта бет алған көліктер жаңа жолмен жүреді. Ұзындығы 12 шақырымға жуық айналма жол көліктерге қауіпті серпантинге соқпай, асуды айналып өтуге мүмкіндік береді. Жаңа бағыт жол жүру уақытын қысқартып қана қоймай, жол-көлік оқиғалары қаупін азайтуға, жолаушылар мен жүк тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қолайсыз ауа райы кезінде көлік қозғалысын тоқтатпауға ықпал етеді. Осылайша, Өскемен қаласы мен Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандары арасында жол жүру жеңілдей түспек.

Жаңа жолдың пайдалануға берілуі Бұқтырма су қоймасына, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне және «Рахман қайнарлары» шипажайына баратын жолды да қолайлы ете түседі. Бұл өңірдің табиғаты көркем жерлеріне келетін туристер санын арттыруға да ықпал етуі мүмкін. Ең бастысы, жол инфрақұрылымының жақсаруы шалғай елді мекендерге жетуді жеңілдетіп, Шығыс Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік байланыстардың нығаюына жағдай жасайды.

Қазақстандағы ең биік автокөлік көпірінің ашылуы - Шығыс Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық оқиға. Күрделі жер бедерінде бой көтерген көпір енді жүргізушілерге қауіпсіз бағыт ұсынып, өңірдегі көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Одан соң ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары мен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Бұқтырма гидроэнергетикалық кешенінің жұмысымен танысты. Олар станцияның өндірістік әлеуетін, энергетикалық жабдықтардың жаңғыртылу барысын және алдағы даму жоспарларын көрді.

Бұқтырма гидроэнергетикалық кешені - еліміздің энергетика саласындағы стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі. Ол Шығыс Қазақстан облысының энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше орын алады. Станция өндірілетін электр энергиясымен «Казцинк» компаниясының бірқатар кәсіпорындарын және өңірдегі елді мекендерді қамтиды.

Гидроэлектр станциясының құрылысы 1953 жылы басталып, 1960 жылдың тамызында алғашқы гидроагрегат іске қосылған. Бүгінде мұнда әрқайсысының қуаты 75 МВт болатын тоғыз гидроагрегат жұмыс істейді. Су электр станциясының белгіленген қуаты - 675 МВт. Ұзындығы 380 метр, биіктігі 90 метр болатын бөгет 8 балдық жер сілкінісіне төтеп беруге есептелген. 

Кешеннің өндірістік көрсеткіштері де жоғары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша станция 3 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндірген. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 30 пайызға артық.

Нысанды аралау барысында жабдықтарды жаңғырту жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру мақсатында «Казцинк» компаниясы негізгі және қосалқы жабдықтарды жаңартуға 21,4 млрд теңге инвестиция салған. Жоба аясында гидроагрегаттардың жұмыс дөңгелектері мен басты күштік трансформаторлар ауыстырылып, 220 кВ кернеуге арналған жаңа элегазды тарату құрылғысы пайдалануға берілген.

Сонымен қатар гидрогенераторлар статорларының орамдарын ауыстыру жобасы жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде станцияның белгіленген қуаты 45 МВт-қа артқан. Бұл - қолданыстағы энергетикалық әлеуетті тиімді пайдалануға және электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Кешенде өндірістік процестерді цифрландыруға да басымдық беріліп келеді. 2019 жылы орнатылған заманауи цифрлық басқару пульті технологиялық параметрлерді бақылауға және гидроагрегаттардың қуатын реттеуге мүмкіндік береді. Қазір жаңа буындағы жоғары вольтты ажыратқыштарды орнату жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін автоматты бақылау және диагностикалау жүйесін енгізу, гидрогенераторларды одан әрі жаңғырту жоспарланған. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары «Казцинк» компаниясының басшылығына Бұқтырма СЭС-ін жаңғырту және станция қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөнінде тапсырма берді.

Содан кейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өскемен қаласында заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған Гематология орталығының ашылу салтанатына қатысты. Жаңа медициналық мекеме Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына күрделі гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.

Ауқымды жобаның құрылысы 2020 жылы басталған болатын. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен нысан құрылысын аяқтауға Арнайы мемлекеттік қордан 34 млрд теңге бөлінді. Жаңа медициналық кешеннің жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асады. Инфрақұрылым құрамына 148 орынға арналған негізгі емдеу корпусы, пациенттер мен оларды алып жүретін адамдарға арналған пансионат және инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін техникалық блок кіреді.

Орталық әлемнің жетекші өндірушілерінің заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мұнда 256 тілімді компьютерлік томограф, жоғары қуатты ангиографиялық жүйелер және дің жасушаларын өсіруге арналған зертханалар орнатылған.

Жоғары технологиялық жабдықтар онкогематологиялық аурулар мен қан тамырлары патологияларын дәл диагностикалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталықта сүйек кемігін трансплантациялау сияқты күрделі медициналық рәсімдерді жүргізу қарастырылған.

Орталықтың медициналық және техникалық қызметкерлері де жұмысқа дайындалды. Дәрігерлер, инженерлер мен медбикелерден тұратын 35 маман жетекші республикалық және шетелдік клиникаларда оқудан өтті.

Айта кетейік, жаңа Гематология орталығының іске қосылуы Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, күрделі ауруларды ерте анықтау мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етпек. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив