453.26 506.7 5.58
A+ A A-

ШҚО-да интернет-алаяқтықтан келген шығын 2,5 млрд теңгеден асты

ШҚО-да интернет-алаяқтықтан келген шығын 2,5 млрд теңгеден асты [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Өңірде жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 900-ден астам қылмыс тіркелді. Тұрғындарға келтірілген шығын 2,5 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, қаскөйлер көбіне телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланады. Олар өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуға, SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтуға көндіреді. Сондай-ақ жалған инвестициялық жобалар мен фишингтік сілтемелер арқылы да алдайды.
Зардап шеккендердің 32,5 пайызы – жалдамалы қызметкерлер, 25 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 19 пайызы – зейнеткерлер.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері банк карталары мен шоттарын заңсыз ақша аударымдарына пайдалануға берген 24 адам жауапқа тартылды. Олардың есепшоттары арқылы 13 млн теңгеден астам қаражат өткен. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабында бұл әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жыл басынан бері Telegram арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыс тіркелді. Қазақстан мен Украина Ішкі істер министрліктерінің бірлескен операциясы барысында Украина аумағында қазақстандықтарға қоңырау шалып, алаяқтық жасаған колл-орталықтардың ұйымдастырушылары ұсталды. Олардың әрекетінен облыста алты адам зардап шекті. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Өңірде киберқылмыстың алдын алу шаралары да күшейтіліп, 86 қылмыс ашылды. Жәбірленушілерге 36 млн теңге қайтарылды.
1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасатын «Стоп-мошенник» акциясы аясында 300-ден астам рейд ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам ақпараттық парақша таратылды. Кездесулер мен түсіндіру жұмыстары 74 мыңға жуық тұрғынды қамтыды. Сонымен қатар 1,5 мыңнан астам азамат eGov арқылы несие мен қарыз алудан ерікті түрде бас тартты.
Алаяқтықтың алдын алуда жедел әрекеттің де маңызы зор. Өскеменде такси жүргізушісі жолаушысының күмәнді ақша аударуына тосқауыл қойған. Ал «Темірлан» сауда үйінде полиция қызметкерлері «Антифродцентр» жүйесі арқылы әйелдің шамамен 10 млн теңгені алаяқтарға жіберуіне жол бермеген.
Банктерді, байланыс операторлары мен құқық қорғау органдарын біріктіретін Ұлттық антифрод-орталық та жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мұнда күмәнді операцияларға қатысты 2,8 мың жағдай тіркелді. Нәтижесінде 120 млн теңгеден астам қаражаттың ұрлануына жол берілмей, тағы 20 млн теңгеден астам сома бұғатталған.
Осы ретте полиция тұрғындарға ешкімге SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтпауды, белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармауды ескертеді. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке ресми нөмір арқылы хабарласу қажет. Ал алаяқтарға ақша аударылған жағдайда дереу банк пен полицияға жүгінген жөн.

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив