3 қарашада әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдау басталған еді. Алайда бағдарламаға бөлінген қаржы лимиті сол күні толық игеріліп, жаңа өтінімдерді қабылдау тоқтатылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Банктің ресми ақпаратына сәйкес, бағдарламаның екінші кезеңінде жалпы сомасы 20 млрд 298 млн теңгеге 850 сертификат берілген.
«Ұмай» бағдарламасы қазақстандық әйелдер арасында тағы да үлкен қызығушылық тудырды. Екінші кезең аясында жалпы сомасы 20 млрд 298 млн теңгеге 850 сертификат берілді. Осылайша, бөлінген қаржыландыру көлемі толық игеріліп, жаңа өтінімдерді қабылдау аяқталды, – делінген банк хабарламасында.
Еске салайық, бағдарламаның екінші кезеңі 3 қарашада басталды. Оны қаржыландыру үшін Азия даму банкі Отбасы банкке 20 млрд теңге көлеміндегі екінші траншты аударған болатын.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, әйелдер 50 млн теңгеге дейін ипотекалық несие ала алады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8%. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда кемінде 20%, ал өзге өңірлерде 15%-дан басталады.
Пікірлер