Қазақстан жаңа өнім астығының экспортын арттырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы қыркүйек пен қазан айларында шетелге 2 млн 262 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға көп. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының мәліметінде айтылған.
Өткен жылдың осы кезеңінде 2 млн 219 мың тонна астық экспортталған.
Экспорт көлемінің өсімі дәстүрлі нарықтарда да, жаңа бағыттарда да байқалады. Атап айтқанда, Өзбекстанға астық жеткізу 1,3%-ға өсіп, 1 млн 63 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға экспорт 19%-ға артып, 351 мың тоннаға жетті.
Қытайға астық жөнелту көлемі 2,6 есе өсіп, 373 мың тоннаға, ал Ауғанстанға экспорт 1,9 есе артып, 200 мың тоннаға жетті.
Бидай экспорты да ұлғайған. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан 6,1 млн тонна бидай экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 5,3 млн тоннадан 15%-ға жоғары.
Қазақстандық бидайдың негізгі сатып алушылары – Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан. Өзбекстанға жеткізілім 49%-ға өсіп, 3,8 млн тоннаға жетсе, Тәжікстанға 1 млн тонна бидай жөнелтілген. Ал Ауғанстанға экспорт 3,4 есе артып, 663 мың тоннаны құрады.
Сонымен қатар қазақстандық бидайдың жаңа нарықтарға шығуы жалғасып жатыр. Туниске 23,3 мың тонна, Францияға 6 мың тонна өнім экспортталған. Иранға жеткізілген бидай көлемі 67 мың тоннаны құрады.
Осылайша, қазақстандық астық экспортының географиясы кеңейіп, шетелдік нарықтардағы жеткізілім көлемі артып келеді.
Фото: dknews.kz
Пікірлер