Қала әкімдігі көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін де егеуқұйрықтарға қарсы өңдеуді ұсынып, ПИК пен МИБ басшыларына үндеу жасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеміргіштермен күрес бірнеше кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең наурыз-сәуір айларында өтсе, екінші кезең 28 тамызда басталған. Бұл жолы тұрғындар өтініштері де ескерілген. Екі кезең барысында қоқыс алаңдарына жеті күндік аралықпен үш рет улы заттар қосылған жем таратылған.
Ал үшінші кезең 3-22 қазан аралығында ұйымдастырылды. Осы кезеңде мердігер ұйымға контейнерлік алаңдар мен олардың айналасындағы аумақтарды қайта өңдеу тапсырылған.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, кеміргіштермен күрестің нәтижелі болуы тек қоқыс алаңдарын өңдеумен шектелмейді. Көпқабатты үйлердің жертөлелері мен техникалық бөлмелеріне де шаралар жүргізілуі қажет.
Осыған байланысты әкімдік ПИК, МИБ және тұрғын үйлерді басқаруға жауапты ұйымдарға жертөлелерде егеуқұйрықтарға қарсы өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды.
Пікірлер