A+ A A-

talgatzhan 52 25-11-2024, 12:00 0

ШҚО онкологтары: Өкпе қатерлі ісігінің 90%-ы шылым шегуден болады

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында “Өкпе обырының алдын алу және ерте диагностикасы” тақырыбында өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Бүгінде өкпенің қатерлі ісігі - өңірде өршіп тұрған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде шамамен 2,2 миллион адам аты жаман ауруға шалдықса, 1,8 миллион адам қайтыс болады. Сол себепті өкпенің қатерлі ісгі сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. 
Ал Қазақстанда жыл сайын 3500-ге жуық адам өкпенің қатерлі ісігіне душар болып, 2086 адам көз жұмады. Бұл дегеніміз, жаман ауру күн сайын 6-7 қазақстандықтың өмірін қиюда. ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры, ШҚО ДСБ штаттан тыс бас онкологы Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, өкпенің қатерлі ісігінің дамуына негізінен темекі шегу себеп болып отыр. 
- Биыл өңірде өкпенің қатерлі ісігінің  229 жағдайы тіркелді. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артық. Жаман ауру сырқаттанушылық құрылымында екінші орында тұр. Ал науқастардың орташа жасы 40-тан 75-ке дейін, көбіне 55-75 жас аралығындағы адамдарда жиі кездеседі, - дейді ол. 
Сондай-ақ биыл 136 адам өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға төмен. Оған қарамастан, өлім-жітім көрсеткіші бойынша өкпе обыры бірінші орында тұр. 
- Өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны күн санап өсуде. Бұл ауруды алдын алу мен ерте диагностиканы одан әрі күшейтуді талап етеді. Ең алдымен, адам темекі шегуден бас тартуы керек. Шылыммен әуестенетіндерді тексеру үшін төмен дозалы компьютерлік томография сынды скринингтік бағдарлама бар. Соның арқасында өкпенің үш өлшемді бейнесі түсіріліп, әдеттегі кеуде рентгеніне қарағанда барлығын егжей-тегжейлі көрсетеді. Осы әдіс арқылы өкпе обырын ерте кезеңде анықтау деңгейі 63%-дан асты. Скрининг өлім-жітім санын 44%-дан астамға азайтты, - деді Гүлмира Сағидуллина. 
Мамандардың айтуынша, өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарды емдеу үшін онкологиялық орталықта емдеудің барлық түрі қолданылып келеді. Ең тиімді әдістің бірі - хирургия. 
- Біз қазір бейне көмегімен торакоскопиялық хирургия (VATS) әдісін қолданудамыз. Бұл бір пункция арқылы аз инвазивті қол жеткізу арқылы хирургиялық емдеуден тұрады. Соның арқасында қатерлі ісік толығымен жойылады. VATS-тың басты артықшылығы - науқастың тез сауығуы. Көбінесе олар ота жасалған соң 1-3 күннен кейін ауруханадан үйіне шығарылуы мүмкін. Сондай-ақ онкологиялық орталықта жоғары технологиялық сәулелік терапия, химиотерапия және имунно-таргетті терапия сияқты емдеудің басқа әдістері де қолданылады, - деді ШҚО КОжХО директоры Гүлмира Сағидуллина. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив